Qazaqpress сайты «Еуразия» бірінші арнасының соңғы жаңалықтарын ұсынады.
«ӘКІМДЕР АУЫСАДЫ, ПРОБЛЕМА ҚАЛАДЫ»
АҚТӨБЕДЕ КЕЙУАНА ӘКІМНЕН СӨЗ ЕСТІДІ
«Маған неге звондайсыз, сіздей шешем шаруама араласпай үйде отырады!». Жол, газ мәселесін шешуді сұраған ақтөбелік тұрғын шенеунік маған осылай әкіреңдеді деп шағым айтты. «Әкім-қара ауысады, ал біздің проблемамыз сол күйі қала береді» деген жұрт газ бен ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрайды. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
Қарақұдық ауылының іргесінен жер учаскелері 2016 жылы беріле бастаған. Содан бері тұрғындар жаппай құрылысты бастап кетіпті. Бүгінде 60-қа тарта түтін бар. 2018 жылы электр желісі тартылған. Әкімдіктегілер іле-шала газ бен су да берілетін күн алыс емес дегеніне сеніп қалдық дейді ауылдағылар. Содан бері үш жыл өтсе ле мұнда не көгілдір отын жоқ, не су құбыры жүргізілмеген.
АҚХАНЫМ МЫРЗАБАЕВА, ҚАРАҚҰДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Үш жылдан бері от жағып отырмыз. Көмір аламыз, 85 мыңға, ағаш тағы аламыз. Ең қиыны газ болып тұр. Балаларым сабаққа барады. Қыста мықты қорлық көрдік. Бізге әкім жол салып берген жоқ. Мен әкімге звондасам, сіз звондамаңыз, балаңыз звондасын, баламды ұстап алып, мамаңызға неге звондатасыз деп балама сөйлепті. Артынан мен звондап едім, сіз неге звондайсыз, менің сіздей шешем үйде отырады. Ешқандай жұмысыма араласпайды дейді».
Газы мен суы жоқ болғасын, ауылдағылар қыс болса амалсыз қалаға барып жан бағады. Баспаналары бола тұра, пәтер жалдауға мәжбүр. Өйткені, отынның өзі 100 мың теңге, ал электр пешті тұтынғанар айына 55 мың теңгеден төлеп, шығынға батқан. Ауыз судың да мәселесі шешілмеген.
ГҮЛСІМ КЕНЖЕБАЕВА,ҚАРАҚҰДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Суды қаладан алып келеміз, бочкамен, сол жеткенініше стройканы жасаймыз. Су қаздырайық десек қымбатқа шығады, 200 мыңға, моторын сатып аласыңдар дейді. Газды жылда береміз дейді, қу уәдемен шығарып салып жатыр әкіміміз».
НАЗЫМ ТӨРЕБАЕВА, ҚАРАҚҰДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Қазір мен суды қазып алдым, бірақ соның өзін 2-3 қайтара қазып отырмын. Себебі, астындағы топырақ лақтыра береді. Ол қиын қаншама қаражат кетіп жатыр».
Қарақұдық ауылы жаңа тұрғын үй массивіне тиіп тұр. Ауылдың орталығында су да, газ да, бәрі бар. Таяқ тастам жерде тұрған қондырғыдан маңайдағы үш үй өз қаражаттарына газ жүргізіп,құжатарын реттеп алған. Әрқайсысы 1 млн теңгеден астам қаражатын салыпты. Ал қалған ауылдықтардың оған шамасы келмейді. Бар үміті әкімдікте.
ЛӘЙЛА САЙДИНА, ҚАРАҚҰДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мен Ақтөбеге облыс әкімдігіне де бардым, одан кейін районный акиматқа, Аққағазов Мамырғали деген кісіге кірдім. Ол кісі әне жасалады, міне жасалады деп, әрқайсысы проектісін жоғалтып жібереді. Иә қаражат жоқ екенін, иә бар екенін айтпайды, бізді ауызбен шығарып салады. Енді кеше ғана новый әкім келген, 27 апрельден бастап осы 2021 жылы преокт қайта жасатып жатыр деген».
Мәулен Ідірісов ауылға әкім болып өткен жылдың қыркүйегінде тағайындалыпты. Көктем шыққалы жаңа аудандағы газ мәселесімен айналысып жүргенін айтты. Бар гәп жерді бөлу кезінде кеткен қателікте екен.
МӘУЛЕН ІДІРІСОВ, ҚАРАҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: «Газға қатысты кемшілік, яғни аулада бөлінген мысалы, 12 сотық жер болса, ауланың ішімен электр желісі өтіп жатыр. Газбен айналысатын мердігер компаниялар айтады, біз қазір газды осы күйінде жүргізіп өтетін болсақ, ертең осы тұрғынардан арыз түседі. Неге, қателік кімнен кетті. Бұрынғы жері атқан мердігер компаниядан ба, немесе жерді бөліп берген әкімшіліктің шешімінен кетті ма, осы жөнінде анықтама жұмыстары жүріп жатыр».
Ауыл әкімі қазір газ жүргізуге қатысты жобалық-сметалық құжаты жасалып жатқанын жеткізді. Жылдың аяғына дейін проблема шешілуі тиіс дейді. Ал егер жұмыстар аяқталмайтын болса, осы уақытқа дейін қателік жіберген мердігер компанияны сотқа беретіндерін айтты.
КӨРІКТІ ЖЕРЛЕРДЕН КҮЙ КЕТІП БАРАДЫ
Еліміздің көрікті жерлері қоқыс алаңына айналып барады. Карантин кезінде қалада қыдыратын жер таппаған жандар тау-тасты аралап, қолдарындағы қоқыстарын қымсынбай тастап кететін болған. Тұрмыстық қалдықтар Асы үстірті, Көлсай көлдері мен Шарын шатқалдарының сәнін кетірген. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
Күл-қоқысқа оранған Алматы облысындағы Ассы үстіртін саяхатшы Анзор Гасаев түсіріп алған. Трэвл блогер өз қолымен жерде шашылып жатқан қалдықтарды жинап, халықты табиғатты аялап, арттарынан қалдықтарды жинап кетуге шақырды!
Ақтаудың жағажайлары да қоқыс алаңына айналып барады! Каспий теңізіне барып демалатын жұрт тұрмыс қалдықтарын оңды-солды шашып, табиғатқа орасан залал келтірген.
Әлемді тұмса табиғатымен таңқалдырған Көлсай көлдеріне ағылған туристердің санында шек жоқ! Тіпті пандемия салдарынан демалушылар саны екі еселенген. Алайда Қазақстанның ең көрікті мекені саналатын Ұлттық парк тамақ қалдықтары мен пластмассалардан аяқ алып жүргісіз.
Ең өкініштісі мына жерде де қоқыс өте көп, адамдар арттарынан жинамаған.
Қопсыған қоқыстарды Шарын шатқалында да көресіз.
Шарын каньоны, мына жерде де толған қоқыс! Адамдардың түк ұяты жоқ екен
Ал Бурабайда жағдай қалай? Ұлттық парк қызметкерінің сөзінше, демалуға келгендер ішіп-жеп, қарындары тойғасын қоқыстарын жинауға ерінеді Амалсыздан күн-түні туристердің арттарынан жинауға мәжбүрміз, дейді!
Адамдардың артарында мусор көп пе? Иә өте көп!
Бұл тек биыл ғана болып жатқан көрініс емес. Былтыр да табиғат жанашырлары қоршаған ортаны аялауға шақырған болатын. Алайда оған құлақ асып жатқандар некен саяқ!
ШЕШІМ ӘДІЛ МЕ?
8 ЖАСАР ҚЫЗДЫ ЗОРЛАДЫ ДЕП АЙЫПТАЛҒАН 16 ЖАСАР ЖАСӨСПІРІМ СОТТАЛЫП КЕТТІ
Шымкентте 8 жастағы қызға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген 16-дағы жасөспірім бес жылға сотталып кетті. Алайда, оның жақындары бұл үкіммен мүлдем келіспейді. Себебі, балаларының мұндай сұмдық әрекетке бармағанына сенімдіміз деп отыр. Тіпті, аппеляциялық сот та бозбаланы ақтап алмады. Ал, жәбірленушінің шешесі қызының психикалық ауытқуы барын жасырмайды. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
Айнұр Әділованың ұлының 19 шілде — туған күні! Сол күні 16 жасқа толған жасөспірім төл мерекесін туған-туыстарының ортасында емес, темір торда қарсы алды. Өрімдей баланы 8 жастағы қызға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген айыппен осы жылдың сәуір айында соттап жіберген.
АЙНҰР ӘДІЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Әділ соттан әділ шешім қабылдауын сұрадық. Бірақ, бізге әділ шешім бермеді. Кінәсіз баланы 5 жылға соттап жіберді. Біз барлығын дәлелдедік Шымкент экпертиза қызды сау деп берді. Тараз сау, бірақ іске қатысы жоқ деп берді. Бірақ, астана қаласы дәлелдеп шығарды. Сот бұған қарамады.
Оқиға өткен жылдың шілде айында болған. Үйлерінің бір бөлмесін жалға алып тұрып келгендермен бірге біте қайнасып кеткен отбасы, бала-шағаларымен сәкінің үстінде жатып ұйықтаған. Таңертең қыз шешесіне сол үйдің баласы тиіскенін айтып шағымданыпты. Ашуға булыққан анасы полицейлерді шақырып, бірден баланы алып кетіп қалған. Кейін қыз бала ондай жағдайдың болмағанын айтып, түсі екенін жеткізіпті.
АЙГҮЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Тергеушіге бардым арызымды қайтып аламын дедім. Тергеуші арызыңызды қайтып ала алмайсыз, алсаңыз өзіңіз 10 жылға қамалып кетесіз. Мен сізге аразыңызды бере алмаймын деп айтты. Негізі мен артымнан бір ауыр жүк түсетін шығар, бүгін бір ақтау шешімі болатын шығар деп келген едім. Әділ шешім болатын шығар деп келген едім».
Жәбірленушінің анасы өзінің қызының психикалық ауытқушылығы барында жасырмайды. Яғни, өтірікті жиі айтады және қиялға көп ерік береді дейді. Мұны мамандар да дәлелдеп беріпті. Тіпті, қолдарында қыздың арына қол сұғылмағаны туралы анықтама қағаздары да бар. Алайда, аппеляциялық сот алқасы сараптаманы назарға алмады дейді зар еңіреген туысқандары. Ал, баланың істі болуына адвокат тергеушілерді кінәлдайды.
ЖАРЫЛҚАПБЕРДІ ӨМІРЗАҚ, АДВОКАТ: «Біріншіден тергеу дұрыс жүрмеген деп есептеп отырмын. Екіншіден тергеу барысында жасөспірім балаға қысым көрсетілген. Сот- психикалық сараптама тағайындаған кезде қыздың нақты тергеуге қатыса аламайтындығын, тергеуде жауап бере алмайтындығын тағы басқа мән-жайды ескеріп, қыздың нақты ауытқуы бар екенін нақты көрсеткен. Алайда, екінші сатылы сот біздің ол берген ұсынысымызды ескерген жоқ, оған баға берген жоқ».
Ал, қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жағдайды барынша тексердік, әділ шешім шығарылды, оған ешқандай шүбә келтірілмесін дейді.
ЕРБОЛ ЖАНҒАЗИН, ҚАЛАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Оның психикасында қандай да бір өзгерістер бар дейді. Өзгерістер болғаның өзінде, оның оған қарсы құқық бұзу жасаған кезде қылмыстық іс бойынша маңызды болған іс-әрекеттердің сыртқы көрнісін дұрыс қабылдай алудан және олар туралы көрсетулер бере алу қабілетінен айырмаған. Ол не көрсе, кім не істегенін нақтылап айтып береді. Сараптамалар бар, жарақат бар.
Айдың-күннің аманында туған ұлынан бес жылға айрылып қалған анасы істі соңына дейін жеткіземін деп отыр. Яғни, Жоғарғы сотқа дейін арызданып, баласының кінәсіз екенін дәлелдеуге алған бетімен қайтпаймын деп білек сыбана кіріскен.
АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН АУЫЗДЫҚТАУ ШАРАЛАРЫ
Жамбыл облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік дүкендердің санын арттыру көзделіп отыр. Оларға тауарлар тұрақтандыру қорынан жеткізіліп, нарық бағасынан 30 пайызға төмен бағамен саудаланады. Бұл жуырда ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасы аясында іске асып отыр. Қазіргі таңда аймақта 29 осындай дүкен жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта олардың саны 40-қа жетпек . «Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұруға жол ашылады» дейді жергілікті биліктегілер. Сондай-ақ, бағаны ауыздықтау үшін жергілікті бюджеттен тұрақтандыру қорына 200 миллион теңге қосымша қаражат бөлінген. Қымбатшылықпен күрестің тағы бір тетігі көкөніс пен жеміс-жидек сақтау қоймаларының санын арттыру. Қазіргі кезде облыста 233 қойма бар. Өңірде өндірілетін мезгілдік ауылшаруашылығы өнімдерін сақтауға олар толықтай жетеді. Одан бөлек , бұл қоймалар өзге аймақтарға да көмек беруге дайын. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
ДУЛАТ ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Кез-келген кәсіпкер келіп, біздің жеміс-көкөніс сақтау кәсіпкерлерімен келіссөздер жасап, өз өнімдерін сақтауға толық мүмкіншілік бар. Жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау құны қарапайым қоймаларда бағасы 1,5-3 теңге килограммына бір айға, ал тоңазытқышпен жабдықталған қоймаларда 3-5 теңгенің арасында бір килограммға айына».
ҚАЙЫН АПАСЫ БЕТІН КҮЙДІРГЕН КЕЛІНШЕКТІҢ АҚЫЛ-ЕСІНДЕ ЕРЕКШЕЛІК БАР ЕКЕНІ АНЫҚТАЛҒАН
Келінінің бетін күйдірген қайын апасы халықтан кешірім сұрады. Ол бұл әрекетке ашуға қатты булыққаннан бардым деп ақталып отыр. Тіпті, шанышқыны қалайша қыздырып, келіннің бетіне шімірікпей басып-басып алғанын байқамай қалыпты. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
БАҒИЛА КӘРІБАЙ/ГҮЛЗИРА БАУДАРБЕКОВАНЫҢ ҚАЙЫН АПАСЫ БАҒИЛА КӘРІБАЙ, ОБЛЫС ТҰРҒЫНЫ: «Шешем газ плитаны жу деген екен, «неге соны жумайсың, жуа салмайсың ба?» дедім. Газ плитаға вилканы қалай қыздырып басқанымды өзім білмей қалдым. Қазақстан халқынан, көріп отырған көрерменнен кешірім сұраймын!. Енді мұндай қайталанбайды»
Кешелі бері әлеуметтік желіде Түркістан облысының тұрғыны 40 жастағы келінінің бетін ыстық шанышқымен күйдірді деген шу шыққан болатын. Жұртқа тарап кеткен суретте жас келіншектің бетіндегі күйіктің іздері анық байқалып тұр. Ал кейіннен жәбір көрген Гүлзира Баударбекованың туғаннан ақыл-есінде ерекшелігі бар екені белгілі болды. Жастайынан жетім өскен ол қайын апасынан бөлек, қайын ағасынан да талай таяқ жегенін айтады.
ГҮЛЗИРА БАУДАРБЕКОВА ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Немен ұрды қайын ағаң? Кетпенмен. Кәкпірмен. Шөмішпен де ұрған. — Қандай пышақпен ұрды? Қылқындырып далаға шығарып жіберді ме сені? Сосын ешкім ажыратпады ма сені? Жоқ!».
ГҮЛЗИРА БАУДАРБЕКОВАНЫҢ СІҢІЛСІ ГҮЛЗИРА БАУДАРБЕКОВАНЫҢ СІҢІЛСІ: «Бағила қайынбикесі келіп, кешірім сұрап, менің әпкем Гүлзираны алып кетті. Үкіметтен сол ауру жарым жанға қол ұшын беретін, қайырымды жандар болса, бір бөлмелі үй болса да көмектесулеріңізді сұранамын».
Қазіргі таңда полиция істің жай-жапсарын анықтауға кіріскен. Желіге жарияланған жазбаны бірден назарға алған тәртіп сақшылары Отырар аудандық полиция бөлімшесіне осы жағдай бойынша ешкім арызданбағанын хабарлады.
ТІЛСІЗ ЖАУДАН БАСПАНАСЫЗ ҚАЛҒАН ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА ҮЙ БЕРІЛДІ
Шығысқазақстандықтарда қоныс той. Маусым айында өрт салдарынан үйсіз қалған Риддер қаласының тұрғындары жаңа баспанаға ие болды. Қасиетті Құрбан айтта тілсіз жаудан зардап шеккен 11 отбасы мен тағы бір көпбалалы отбасы жер үйдің иесі атанды. Кілтті табыстаған жергілікті шенеуніктер қоныстанушыларға үймен қоса, ас үй жиһазын алып бердік, деп мәз. Су жаңа баспана кілтін әлі 20 жанұя алады екен. Естеріңізге салсақ, мамырдың онында Риддердегі Лесхоз ауылында басталған қызыл жалын жалпы ауданы 290 гектар жерді шарпыған еді. Оның 272 гектары орман. Сонымен қатар, 30-дан астам тұрғын үй жанып кеткен болатын. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ДҮЛЕЙ ДАУЫЛДЫҢ САЛДАРЫ
Батыс Қазақстан облысында дүлей дауылдың салдарынан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға зақым келді. Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылында қосқабатты үй мен балабақшаның шатыры көкке ұшса, Бөрлі ауданы Қарақұдық ауылындағы мәдениет үйінің төбесі табиғаттың тосын мінезіне төтеп тұра алмапты. Жылдамдығы секундына 26 метрге дейін жеткен желдің соңы нөсер жаңбырға ұласқан. Сәтін салғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
АРМАН ТОҚАНОВ, БҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Шығын көлемін арнайы комиссия анықтайды. Арнайы комиссияның құрамына жергілікті атқарушы органдар кіреді және департаменті ЧС-тың өкілдері болады».
«ЖАЛАҚЫҒА ЖАРЫМАЙ ОТЫРМЫЗ»
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы медициналық қызметкерлердің жалақысын 63%-ке өсіру туралы жыл басында Үкімет қаулысы шыққан болатын. Алайда қаулы орындалмай отыр. Батысқазақстандық балабақша медбикелерінің осы мәселені көтеріп, баспаған тауы, ашпаған есігі қалмапты. Білім беру басқармасынан бастап әкімдіктердің, түрлі қоғамдық ұйымдардың табалдырығын тоздырған мамандар 2018 жылдан бері айлықтарына көк тиын қосылмағанын айтады. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
МАРИНА МӘМБЕТОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫ №5 БАЛАБАҚША МЕДБИКЕСІ: «Мысалы тек бір ставка болса 78 мың. Ол тек «начисления». Ол кезде ұсталғаны бар, кәсіподақ бар, зейнетақы қоры бар, табыс салығы бар. Алатынымыз 70 мың. Одан да аз 69 мың. Жаңа келген жас маман 56 деп отыр. Бізде еңбекақы еден жуатындармен бірдей».
МЕДБИКЕ АЖАР АХМЕДИЯРОВА, МЕДБИКЕ: «2018 жылы 20 пайыз қосымша болған, 10 пайыз ба? Содан бері жалақы қосылған жоқ. Сыйақы дегенді білмейміз. Елеусіз қалдық деуге болады. 2021 жылдың қаңтарынан бастап көтеріледі, қосылады деп айтылған еді. Оған да 7 ай болды шілдені қосқанда».
Ал білім беру басқармасының мәліметінше, Үкімет қабылдаған нормативтік құжаттар республикалық бюджеттің трансферттерімен бекітіледі. Жоғарыдан мақсатты қаржы түспегесін, балабақша медбикелерінің жалақысын көтеру де әзірге мүмкін болмай тұр. Күні бүгін өңірде 287 қызметкер еңбекақыдағы оң өзгерістерді күтіп жүрген көрінеді.
ЕВГЕНИЯ ИМАНҒАЛИЕВА, БҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:АУДАРМА«Сол трансферттер тамыз-қыркүйекте келеді деп күтіп отырмыз. Ақша түссе, қаңтар айынан бергі жалақыға үстемақы толықтай төленеді. Балабақшалардағы медбикелердің әрқайсына айына 37 мыңнан 49 мыңға дейін қосылмақ. Осы мақсатқа 2021 жылға біз 241 млн теңге сұрадық».
ОНЛАЙН ҚҰРБАН ШАЛУ АРҚЫЛЫ 40 МЫҢНАН АСТАМ ОТБАСЫНА ТЕГІН ЕТ ТАРАТЫЛДЫ
Құрбан айт мерекесінің бірінші күні 40 мыңнан астам мұқтаж отбасыға тегін ет таратылды! Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлады. Республика бойныша qurban2021.kz сайты арқылы 2 132 адам құрбандық шалуға онлайн тапсырыс берген екен. Жалпы саны — 7 670 мал сойылған. Оның 6740-ы қой, 603-і ірі қара, 318 -і ешкі, 9-ы түйе. Осылайша жағдайы төмен 40156 отбасыға құрбандық еті жеткізілді. Айта кетейін, індет өршіп тұрғандықтан, биыл да құрбандық шалуда шектеулер болды. Атап айтқанда, «жасыл» аймақтағы рұқсат берілген қасапханаларда құрбандық әдеттегідей, ал «сары» аймақтарда онлайн форматта шалынды. Бұлардың бәріне Ashyq қосымшасы енгізілген. Ал «қызыл» аймақтағылар үшін арнайы сайт іске қосылған еді. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ ӨРТЕНДІ
Алматыда жұмысы тоқтап тұрған техникалық қызмет көрсету станциясында өрт шықты. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде нысанның шатыры жанып жатыпты. Су көздері қашықта болғандықтан, қызыл жалынмен арпалысу да қиын болыпты. Мамандар дереу өрт сөндіру автопоезін қосып, магистраль желілерін тартқан. Тілсіз жауды ауыздықтауға шатырдың өте күрделі жабылғаны да кедергші келтіріпті. Бетон плитаның үстіне мастика төселіп, оның үстіндегі ағашқа металл шиффер жабылыпты. Әуперімдеп жатып өртті сөндірген қызметкерлер жалынның жапсарлас тұрған екі нысанның жануына жол бермеді. Ол уақытқа дейін тілсіз жау 220 шаршы метр аумақта шарпып үлгеріпті. Қазіргі уақытта өрттің қалай тұтанғаны анықталуда. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
АБАЙ АСЫЛБАЕВ, НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫ ТЖБ БАС МАМАНЫ: «Өрт орнында штаб құрылып батыс және шығыс жағынан екі өрт сөндіру участкесі құрылды. Өрт оқпандары арқылы үздіксіз су беріп қамтамасыз етілді. Өртті сөндіруге 12 бірлік техника және 40 жеке құрам жұмылдырылды».
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз