KMPG халықаралық аудит және консалтингтік компаниясының кеңесшісі Қанат Оспанов өзінің Facebook парақшасында Қазақстандағы майнингтің жағдайы мен еліміздегі «ақ» майнерлер туралы жазбасын жариялады.
Блокчейн және деректер орталық индустриясының ұлттық қауымдастығының басшысы Алан Джорждиевтің айтуынша, электр қуатымен қамтамасыз етуге салынған салықтың өсуі мүмкін.
Сарапшы шенеуніктер болашағы бар саланы «жоюы мүмкін» дейді. Ол 2021 жылдың қазан айында «ақ» майнерлерге 30-100% шамасында электр қуаты жетпей қалғанын айтты. Блокчейн және деректер орталығы индустриясының ұлттық қауымдастығы энергетикалық жүйенің кірісінің жоғалуы 4,2 млрд теңгені құрағанын хабарлаған болатын. Оспанов елде электр қуатының тапшылығы бар екенін мойындады және сарапшының айтуынша, бұған майнерлерді кінәлап отыр екен. Алайда майнерлердің жұмысын тоқтатса Қазақстанға небәрі 1 гигаватт қуаты қайтарылады, ал бұл Қазақстан индустриясы үшін өте аз.
«Мәселе біз ойлағаннан қарағанда күрделі: шенеуніктер электр станцияларының жай-күйін қадағалаудың, оларды жаңғырту мен кеңейтудің орнына қағаз есеп-қисапты қолданып, шығындалғысы келмей табыс көзін молайтқысы келді. Ал оларды пайдалану уақыты келгенде, станциялардың басым көпшілігі әлі де кеңестік заманнан бері ескіргені және кейбір жерлерде жартылай қолдануға жарамсыз екені анықталды.
Кінәлілерді іздеуге тура келген сияқты және әлбетте, бәрін майнерлерден көріп отыр. Бірақ мұндайда сұрақ туындайды: егер бұрын Энергетика министрлігі 4-5 гигаватт профицитті жариялаған болса, ал майнинг 1 немесе ең көбі 1,5 гигаватт тұтынса, қалғаны қайда кетті?», – деп жазады Оспанов.
Маман майнинг саласындағы салық салудағы өзгерістерге де наразы.
«Егер майнерлер бір киловатт/сағ үшін 1 теңге салық төлесе, онда майнинг орталықтарының қуаты ондаған және жүздеген мегаваттпен есептелетінін ескере отырып, салықты киловатт/сағатқа 10 теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс жасалды. Маржаның төмендегені сонша, майнинг орталықтарының жұмысына үлкен зиянын тигізуде», – деп шағымданады маман.
Ол Қазақстан цифрлық майнинг кәсібін дамытса, бүкіл әлем үшін цифрлық байлықтың орынына айналып, ел қазынасына қосымша қаражат жинай алатынына сенімді. Бірақ оның орнына, Оспановтың айтуынша, мемлекетіміз болашағы зор IT саласын дамытқысы келмейді.
Ал сөз қорытындысында Оспанов мұндай шешімдер шетелдік инвесторларға қалай әсер етуі мүмкін екенін айтты.
«Мемлекет шексіз энергия қуаты мен шетелдіктер үшін салықсыз заң орнату арқылы шетелдіктерді баурап, бизнес пен инвестицияны тартып, содан кейін электр қуатын өшіріп, салық талап еткенде шетелдік инвесторлар қауымдастығы не ойлайды? Киловатт/сағат үшін 10 теңге – шамамен 2,5 центті құрайды, бұл АҚШ-тағы майнерлердің бағасымен бірдей. Сонда біз қандай құрылтайшылық пен бәсекеге қабілеттілік туралы айтып отырмыз?», – деп ашуға басты сарапшы.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз