FlyArystan мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
FlyArystan әуе компаниясы мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат өңірдің туристік әлеуетін дамытуға, көлік қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ туризм және әуе тасымалы салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған.
Кездесу барысында тараптар алдағы ынтымақтастық перспективаларын, өңірдің туристік бағыттарын ілгерілету және FlyArystan маршруттық желісін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Солтүстік Қазақстан облысы FlyArystan үшін маршруттық желіні дамыту және ұшу географиясын кеңейту тұрғысынан қызығушылық тудырады. Өз кезегінде өңір туризм және транзиттік әлеуетті дамыту, халық үшін әуе тасымалының қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ лоукостердің ішкі және халықаралық маршруттық желісі бойынша саяхаттау мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында әуе компаниясымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі.
«Өңіріміздің інжу-маржаны саналатын Имантау-Шалқар курорттық аймағы республиканың басым туристік аумақтарының қатарына кіреді. Бірегей табиғаты, көлдері, орман алқаптары мен бай тарихы жыл сайын саяхатшылардың назарын көбірек аударып келеді. Сонымен қатар қазіргі турист уақытты бағалайтынын түсінеміз. Петропавлға жылдам әрі қолжетімді әуе қатынасының болуы еліміздің орталық, оңтүстік және батыс өңірлерінен келетін туристер ағынын айтарлықтай арттыра алады», — деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Меморандумға сәйкес, тараптар Солтүстік Қазақстан облысындағы әуе тасымалы нарығының әлеуетіне, оның ішінде жолаушылар сұранысы мен перспективалы бағыттарды бағалауға талдау жүргізуге, сондай-ақ FlyArystan рейстеріне қызмет көрсету үшін оның инфрақұрылымдық және техникалық мүмкіндіктерін бағалау мақсатында «Қызыл-Жар» халықаралық әуежайына аудит жүргізуге уағдаласты.
Талдау мен аудит нәтижелері негізінде тараптар коммерциялық, операциялық және техникалық орындылығын ескере отырып, жаңа әуе рейстерін ашу, бұрын орындалған бағыттарды қайта жандандыру және қолданыстағы рейстердің жиілігін арттыру мүмкіндіктерін бірлесіп пысықтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ маркетингтік және PR-науқандар аясында өзара іс-қимыл жасау, баспасөз және блогерлік турлар ұйымдастыру, өңірдің туристік нысандарын ілгерілету, туристік сұраныс пен жолаушылар ағыны туралы талдамалық ақпарат алмасу көзделген.
Кездесу барысында FlyArystan өкілдері лоукост-модельдің жұмыс істеу қағидаттары, әуе компаниясы қызметінің ерекшеліктері және әуе тасымалының қолжетімділігін қамтамасыз ету тәсілдері туралы айтып берді.
Бүгінде FlyArystan ішкі әуе тасымалы нарығының шамамен 40%-ын құрайды. Әуе компаниясының флоты 29 әуе кемесінен тұрады.
Компания IOSA операциялық қауіпсіздік аудитінен өтіп, халықаралық тізіліміне енгізілген және IATA мүшесі болып табылады. Қызмет көрсету сапасы Skytrax халықаралық рейтингісінің төрт жұлдызымен расталған. 2026 жылы FlyArystan Орталық Азия мен ТМД-ның үздік лоукостері атағын төртінші жыл қатарынан иеленді.
Әуе компаниясының басты мақсаты — әуе сапарларын қолжетімді ету. Лоукост-модель жолаушыларға өздеріне қажетті қосымша қызметтерді таңдап, тек солар үшін ақы төлеуге мүмкіндік береді.
Меморандумға қол қою әуе компаниясы мен өңірлік билік арасындағы әріптестікті нығайтудағы маңызды қадам болды. Бірлескен жұмыс әуе қатынасын одан әрі дамытуға, Солтүстік Қазақстан облысының туристік тартымдылығын арттыруға және өңір тұрғындары үшін қолжетімді саяхат мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз қалайды.