FlyArystan Талдықорғанда баспасөз мәслихатын өткізді: лоукостер қалай жұмыс істейді және жолаушы нені төлейді?
Жетісу облысының Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында FlyArystan әуе компаниясының баспасөз мәслихаты өтті. Кездесу FlyArystan мен Жетісу облысы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін ұйымдастырылды. Құжат өңірдегі әуе қатынасын дамытуға бағытталған. Ал Талдықорған FlyArystan маршруттық желісін кеңейтуге әлеуеті бар қала ретінде қарастырылып отыр.
Журналистердің сұрақтарына FlyArystan корпоративтік коммуникациялар басқармасының басшысы Марат Айнабеков пен сату басқармасының басшысы Дәкен Шемет жауап берді. Кездесуде әуе билеттерінің бағасы, лоукостердің жұмыс істеу қағидаты, қол жүгі мен багажды тасымалдау талаптары және тіркелу тәртібі туралы айтылды.
– Лоукостердегі билет бағасы неден құралады?
Марат Айнабеков: «Біздің басты қағидамыз – жолаушы тек өзіне қажетті қызметтер үшін төлейді. Базалық тарифке ұшу құны мен салмағы 7 кг-ға дейінгі бір орын қол жүгі кіреді. Ал багаж, орынды таңдау, тамақтану және басқа да қосымша қызметтерді жолаушы өз қалауына қарай сатып алады. Әуе компаниясының жұмыс моделі шығындарды тиімді басқаруға негізделген. Біз бір үлгідегі Airbus A320 әуе кемелерін пайдаланамыз, ұшақтарды келесі рейске дайындау уақытын қысқартамыз және билеттерді онлайн сатамыз. Мұның бәрі базалық тарифті қолжетімді деңгейде ұстауға мүмкіндік береді».
– Әуе билеттерінің бағасы қалай белгіленеді және тиімді тарифті қалай таңдауға болады?
Дәкен Шемет: «Билет бағасы бағытқа, ұшу күніне, сұранысқа және билеттің қаншалықты ерте сатып алынғанына байланысты. Әр рейске әртүрлі бағадағы билеттер ұсынылады. Бағасы ең төмен билеттерге сұраныс жоғары болғандықтан, олар бірінші болып сатылып кетеді. Сондықтан сапарды алдын ала жоспарлап, билетті ертерек сатып алған жолаушы тиімді тарифпен ұша алады».
– Erte акциясы мен ERTE90, ERTE60, ERTE30 промокодтары қалай жұмыс істейді?
Дәкен Шемет: «Қазақ тіліндегі «Ерте» сөзі акцияның мәнін толық аңғартады: сапарын ертерек жоспарлаған жолаушы билетке аз төлейді. Промокодтар FlyArystan мобильді қосымшасында билет сатып алған кезде қолданылады. ERTE90 промокоды ұшуға 90 күннен астам уақыт қалғанда билет сатып алса, 20% жеңілдік береді. ERTE60 промокоды бойынша 60 күннен астам уақыт қалғанда – 15%, ал ERTE30 промокоды бойынша 30 күннен астам уақыт қалғанда – 10% жеңілдік қарастырылған. Акцияға қатысатын бағыттар мен толық шарттарды мобильді қосымшадан көруге болады».
– Қол жүгінің тегін тасымалдау нормасы неге 7 кг болып белгіленген?
Марат Айнабеков: «2026 жылғы 1 наурыздан бастап тегін қол жүгінің салмағын 5 кг-нан 7 кг-ға дейін арттырдық. Оның рұқсат етілген өлшемі – 56×23×36 см. Лоукостер жұмысының маңызды ерекшеліктерінің бірі – уақытты тиімді пайдалану. Әуе кемесін келесі рейске дайындауға орта есеппен 30 минут кетеді. Сондықтан қол жүгіне қойылатын бірыңғай талаптар жолаушыларды отырғызу үдерісін жылдамдатып, рейстердің уақытылы орындалуына ықпал етеді. Бұдан бөлек, борттағы жүктің салмағы жанармай шығынына, демек, билет құнына да әсер етеді. Қысқа сапарға 7 кг қол жүгі әдетте жеткілікті. Ал қосымша заттары бар жолаушылар қол жүгінің салмағын алдын ала 10 кг-ға дейін арттыра алады».
– Багаж бен тамақтану қызметтері неге билет құнына кірмейді?
Марат Айнабеков: «Әр жолаушыға чемодан қажет емес, қысқа рейспен ұшатындардың бәрі бірдей тамақтануға тапсырыс бермейді. Егер багаж бен тамақтану билет құнына қосылса, бірнеше күнге жеңіл жүкпен ұшатын жолаушы өзі пайдаланбайтын қызметтердің ақысын да төлер еді. Ал қызметтерді бөлек ұсыну әркімге тек өзіне қажеттісін таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бортта тіскебасарлар, сусындар, кофе мен десерттер сатып алуға болады».
Дәкен Шемет: «Егер сапар кезінде багаж, қол жүгінің қосымша салмағы немесе тамақтану қажет болатынын білсеңіз, бұл қызметтерді сайт немесе мобильді қосымша арқылы алдын ала рәсімдеуге кеңес береміз. Қызметті неғұрлым ертерек сатып алсаңыз, соғұрлым тиімді болады. Әуежайда рәсімдеу құны жоғары».
– Қол жүгінің салмағы небәрі 1 кг-ға асып кетсе де, жолаушы неге 11 000 теңге төлеуі керек?
Дәкен Шемет: «Бір нәрсені нақтылап өткім келеді: 11 000 теңге – артық әр килограмм үшін алынатын төлем емес. Бұл қол жүгінің рұқсат етілген салмағын 7 кг-нан 10 кг-ға дейін арттыру қызметінің құны. Яғни жүктің салмағы 1 кг-ға немесе 3 кг-ға асып кетсе де, қызмет бағасы өзгермейді. Ең жоғары тариф осы қызмет әуежайда ұшуға 40 минуттан аз уақыт қалғанда рәсімделген жағдайда қолданылады. Ал сайт немесе мобильді қосымша арқылы алдын ала сатып алса, қызмет құны 5 000 теңгеден басталады».
Марат Айнабеков: «Жолаушылардың отырғызу алдында артық салмақ үшін қосымша ақы төлеуге мәжбүр болғанын түсінеміз. Сондықтан талаптармен алдын ала танысқан маңызды. Қол жүгінің 7 кг нормасы мен қосымша салмақты рәсімдеу құны туралы ақпарат билет сатып алғанға дейін сайтта және мобильді қосымшада көрсетіледі. Ең тиімді жол – сөмкені үйде өлшеп, қажет болған жағдайда қосымша салмақты билет брондау кезінде рәсімдеу. Ұшуға аз уақыт қалғанда қызмет құны жоғары болады. Себебі отырғызу қақпасының алдында қол жүгін рәсімдеу бүкіл рейстің отырғызу үдерісін баяулатуы мүмкін».
– FlyArystan әуе компаниясының онлайн тіркелу қызметінің қандай артықшылықтары бар?
Марат Айнабеков: «Біздің артықшылықтарымыздың бірі – онлайн тіркелудің ерте ашылуы. Жолаушылар рейске ұшуға 30 күн қалғанда тіркеле алады. Ішкі рейстерде тіркелу ұшуға 40 минут, ал халықаралық рейстерде 60 минут қалғанда жабылады. Осылайша, жолаушы билет сатып алғаннан кейін бірден тіркеліп, әуежайға дайын отырғызу талонымен келе алады. Бұл уақытты үнемдеп, кезекте тұру мен асығыстықтан сақтайды».
Кездесу соңында спикерлер жолаушыларға билет сатып алмас бұрын тариф шарттарын мұқият тексеруге кеңес берді. Бұл билетке қандай қызметтер кіретінін алдын ала білуге және әуежайда қосымша шығындардың алдын алуға көмектеседі.
Әуе билеттерінің тарифтері, қол жүгі мен багажды тасымалдау нормалары, қосымша қызметтердің құны және басқа да ережелер туралы толық ақпаратты flyarystan.com ресми сайтынан және мобильді қосымшадан табуға болады. Сондай-ақ билет сатып алмас бұрын оның толық құны мен тасымалдау шарттарымен танысуға мүмкіндік бар.Жетісу облысымен бірлескен жұмыс жалғасады. Талдықорғаннан жаңа бағыттарды ашу мүмкіндігі жолаушылар сұранысы мен операциялық тиімділікті ескере отырып қарастырылады.