FlyArystan «Мұхтар Шаханов оқулары» байқауының жеңімпаздарын марапаттады
FlyArystan әуе компаниясы «Мұхтар Шаханов оқулары» байқауының қорытынды кезеңіне қолдау көрсетіп, жеңімпаздарға әуе сапарларына арналған сыйлық сертификаттарын табыстады. Үш кезеңнен тұрған байқауға 1 500-ге жуық оқушы қатысып, олардың 100-і жүлдегер атанды.
Қорытынды кезең Алматы қаласы Медеу ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтті. Жоба қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың әдеби мұрасын жас ұрпақ арасында насихаттауға, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұлттық рухани құндылықтарға деген құрметті арттыруға және дарынды жастарды қолдауға бағытталған.
Байқауға Алматы қаласы мен еліміздің өзге өңірлеріндегі жалпы білім беретін мектептердің, Назарбаев Зияткерлік мектептері мен тірек мектептерінің оқушылары қатысты. Сайыс төрт номинация бойынша өтті:
- «Жыр боп тұндың жүрегімде…» – ақын шығармаларын мәнерлеп оқу;
- «Әнім ән боп самғайды…» – Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған әндерді орындау;
- «Шамын жақсам ғылым менен өнердің» – ақын шығармашылығын заманауи цифрлық форматта насихаттау;
- «Жас ақындар мүшәйрасы» – жас қаламгерлердің шығармашылық сайысы.
«Жастардың білімге, дамуға және биік мақсаттарға ұмтылысын қолдау – біз үшін маңызды міндет. Бүгінгі буын заманауи технологияны меңгеріп қана қоймай, ұлттық болмысын сақтап, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Мұхтар Шаханов шығармашылығына арналған байқау – осы құндылықтарды ұштастырудың жарқын үлгісі. FlyArystan осындай жігерлі, талантты әрі болашағына сеніммен қарайтын жастарды қолдауға әрдайым дайын. Арыстандай айбатты жастарымыз көбейе берсін!» – деді FlyArystan копоративтік комимуникациялар басқармасының басшысы Марат Айнабеков.
Айта кетейік, FlyArystan жас таланттарды қолдауды, ұлттық әдебиет пен өнерді дәріптеуді компанияның маңызды әлеуметтік бастамаларының бірі деп санайды.