FlyArystan әуе паркі 29-шы ұшақпен толықты: Airbus A320neo «Атрия»
Қазақстандық FlyArystan лоукостері EI-KFJ тіркеу нөмірі бар жаңа Airbus A320neo ұшағын қабылдады. Ол авиакомпанияның әуе паркіндегі 29-шы ұшақ болды. Әуе кемесі Airbus компаниясының Тулузадағы зауытынан тікелей жеткізіліп, 188 жолаушыға арналған.
Ұшақты авиакомпанияға тапсыру алдында Тулузада техникалық қабылдау жұмыстары жүргізілді. FlyArystan мамандары қозғалтқыштар мен фюзеляжды қарап, жүйелерді, салонды және техникалық құжаттаманы тексерді. Жерүсті тексерулерінен кейін қабылдау рейсі орындалды. Оның қорытындысы бойынша ұшақ авиакомпанияға ресми түрде табысталып, Қазақстанға жол тартты.
Жаңа ұшаққа «Атрия» атауы берілді. Бұл — Оңтүстік Үшбұрыш шоқжұлдызындағы ең жарық жұлдыздың атауы.
A320neo — Airbus компаниясының тар фюзеляжды ұшақтар тобына жататын жаңа буын әуе кемесі. Pratt & Whitney қозғалтқыштары мен Sharklets қанат ұштарының арқасында ол алдыңғы буын үлгілерімен салыстырғанда бір жолаушы орнына шаққанда шамамен 20%-ға аз отын тұтынады. Ал ұшу және қону кезіндегі шу деңгейі екі есеге жуық төмен. «Атрия» жеткізілгеннен кейін FlyArystan әуе паркінің жартысына жуығын жаңа буын ұшақтары құрады.
«29-шы әуекемесінің жеткізілуі — әуекемелері паркін кеңейту және Қазақстанның Орталық Азия авиациясындағы көшбасшылық орнын нығайту жолындағы тағы бір қадам. Қазіргі таңда жаңа буын әуе кемелері паркіміздің жартысына жуығын құрайды және бір жолаушы орнына шаққанда отынды аз тұтынады. Бұл бізге әуе билеттерінің қолжетімді бағасын сақтауға мүмкіндік береді. Біз Қазақстан ішінде және одан тыс жерлерге саяхаттайтын адамдардың санын арттыру үшін әуекемелері паркін дамытуды жалғастырамыз. Бұл ретте жолаушылар тек өздеріне қажетті қызметтер үшін ғана ақы төлейді», — деді FlyArystan президенті Йохан Эйдхаген.
Елдің тұрақты авиациясындағы әрбір төртінші ұшақ
Әуе паркінің толықтырылуы FlyArystan компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі лоукостер ретіндегі позициясын нығайтты. Сол кезеңде Қазақстанның тұрақты азаматтық авиациясында шамамен 111 әуе кемесі болды. Демек, олардың әрбір төртіншісіне жуығы FlyArystan әуе компаниясының ливреясымен ұшты. Салыстыру үшін: көршілес Өзбекстанның ең ірі жеке әуе тасымалдаушысы Centrum Air жыл соңына дейін әуе паркін 21 ұшаққа жеткізуді жоспарлады.
Бір ұшақтың экономикаға қосатын үлесі
A320 тобына жататын бір ұшақты базалау құны шамамен 100 млн АҚШ долларына бағаланатын авиациялық активтерді тартуды білдірді. Мұндай әрбір ұшақ 40–60 тікелей жұмыс орнын (ұшқыштар, бортсеріктер, инженерлер және жерүсті персоналы) қамтамасыз етіп, техникалық және жерүсті қызмет көрсету, әуежай қызметтері сияқты сабақтас салаларда тағы 100–150 жұмыс орнын қолдауы мүмкін. Бір базаланған ұшақтың жергілікті экономикаға жыл сайынғы үлесі 10–25 млн АҚШ долларына дейін жетуі ықтимал.
FlyArystan әуе паркіндегі 29 ұшақ: Қазақстан экономикасына әсері
29 ұшақтан тұратын әуе паркі жағдайында FlyArystan авиациялық активтерінің құны 3 млрд АҚШ долларына жуықтауы мүмкін. Бір ұшаққа шаққандағы орташа көрсеткіштерді негізге алсақ, 29 әуе кемесі 1 160–1 740 тікелей жұмыс орнын қамтамасыз етіп, сабақтас салаларда тағы 2 900–4 350 жұмыс орнын қолдауға мүмкіндік береді. Осылайша, жалпы жұмыс орындарының саны шамамен 4 000–6 000-ға жетуі мүмкін. Ал әуе паркінің ел экономикасына жыл сайынғы үлесі алдын ала есеп бойынша 290–725 млн АҚШ долларын құрауы ықтимал.Әуе паркінің толықтырылуы ішкі және халықаралық бағыттардағы рейстер мен жолаушылар орындарының санын арттыруға мүмкіндік берді. Бұл қазақстандықтар үшін әуе сапарларын одан әрі қолжетімді ете түсті.