Қазақстанның мақтанышы: FlyArystan рейстерді уақтылы орындауда Еуропаның әуе компанияларын басып озды
Қазақстанның жетекші лоукостері жазғы маусымда жоғары сенімділік көрсетіп, әуе сапарын қауіпсіз, қолжетімді әрі сенімді ету жөніндегі ұстанымын тағы бір дәлелдеді.
FlyArystan жазғы маусымның қызған шағында рейстерді уақтылы орындау бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, Еуропа әуе компанияларының орташа көрсеткішінен озды. Нәтиже қолжетімді әуе сапарының сенімді де бола алатынын көрсетті.
2026 жылғы маусым-шілде айларында FlyArystan рейстерінің уақтылы орындалу көрсеткіші (On-Time Performance, OTP) 83%-ды құрады. Бұл Еуропа әуекомпанияларындағы 70% орташа көрсеткіштен 13 пайыздық тармаққа жоғары. Салыстыру EUROCONTROL деректеріне негізделген.
Маусым-тамыз аралығындағы жазғы кезең қорытындысы бойынша FlyArystan рейстерінің уақтылы орындалу көрсеткіші 84%-ға жетті. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 73% болған. Оң динамика жыл басынан бергі нәтижелерден де байқалады: 2026 жылғы қаңтар-тамыз аралығында көрсеткіш 81%-ды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 76%-дан жоғары болды.
«Бұл – FlyArystan ұжымы ғана емес, бүкіл Қазақстан мақтан тұтарлық нәтиже. Яғни қазақстандық лоукостер әуе сапарларын қолжетімді ете отырып, жоғары деңгейдегі сенімділікті қамтамасыз еткенін көрсетеді», – деді «FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры Йохан Эйдхаген.
«Ең алдымен, бұл жетістік – әуеде де, жерде де еңбек етіп жүрген әріптестеріміздің ортақ еңбегінің нәтижесі. Ұшқыштарымызға, бортсеріктерге, инженерлерге, операциялық командаларға, әуежай қызметкерлеріне және олардың жұмысын қолдайтын барша мамандарға алғысымды білдіремін. Әрбір қауіпсіз әрі уақытында орындалған рейстің артында олардың кәсібилігі, командалық жұмысы және жолаушыларға деген шынайы қамқорлығы тұр.
Олар күн сайын «Саяхаттау үшін ИӘ деңіз!» қағидатымызды жүзеге асырып, жолаушылардың қауіпсіз әрі қолжетімді саяхаттауына, діттеген жеріне уақытында жететініне сенімді болуына жағдай жасайды», – деп қосты Йохан Эйдхаген.
Жазғы маусым – компанияның операциялық жұмысын сынайтын ең күрделі кезеңдердің бірі. Ұшу кестесі тығыз, әуе кемелерін рейстер арасында дайындауға берілетін уақыт қысқа. Мұндай жағдайда кез келген іркіліс маршруттық желінің өзге рейстеріне де әсер етуі мүмкін.
«Жазғы маусымның жоғары қарқыны кезінде рейстердің уақтылы орындалуының осындай деңгейін сақтау әуекомпанияның барлық операциялық бағыттарының үйлесімді жұмысын талап етеді. Бұл – үздіксіз бақылаудың, жедел шешім қабылдаудың және кез келген іркіліске дереу әрекет етудің нәтижесі. Ендігі міндетіміз – FlyArystan маршруттық желісінде рейстердің уақтылы орындалуының осы тұрақты жоғары деңгейін сақтау», – деді FlyArystan Жедел басқару орталығының менеджері Клим Пак.
Рейстердің уақтылы орындалу көрсеткіші қалай есептеледі
Рейстердің уақтылы орындалу көрсеткіші (OTP) белгіленген ұшу уақытынан 15 минуттан артық кешікпей ұшқан немесе белгіленген келу уақытынан кешікпей қонған рейстердің үлесі арқылы есептеледі.
Еуропа әуекомпанияларымен салыстыру 2026 жылғы маусым-шілде айларындағы сәйкес кезең бойынша EUROCONTROL деректеріне негізделген.