Балалар хирургиясындағы ерекше жағдай: 6 жастағы баладан салмағы 3 келіден асатын түзіліс алынды

Балалар хирургиясындағы ерекше жағдай: 6 жастағы баладан салмағы 3 келіден асатын түзіліс алынды

Алты жастағы бала іш көлемінің айқын ұлғаюы, ауырсыну және мазасыздық шағымдарымен Алматы қаласындағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді. Жан-жақты тексеру нәтижесінде дәрігерлер құрсақ қуысының артқы кеңістігінде орналасқан алып түзілісті анықтады.

№2 БҚКА директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, операцияның күрделілігі тек түзілістің көлемінде ғана емес, оның ірі қан тамырларымен тығыз байланысы мен қанмен мол қамтамасыз етілуінде болды. Бұл ота кезінде көп мөлшерде қан кету қаупін арттырған. Сондықтан әрбір миллиметрдің маңызы зор болды.

«Техникалық күрделілігіне қарамастан, біздің хирургтер түзілісті толықтай бір блок түрінде алып тастап, елеулі қан жоғалтуға жол бермеді. Алынған түзілістің көлемі 22 × 16 × 9,5 см, салмағы — 3 кг 124 грамм болды. Гистологиялық зерттеу оның липома екенін, яғни май тінінен дамитын қатерсіз түзіліс екенін растады», — деп атап өтті Марат Рабандияров.

Дәрігерлердің айтуынша, түзіліс одан әрі өсе берген жағдайда ішкі ағзалар мен қан тамырларын қысып, олардың орнын ығыстырып, ауыр асқынулардың дамуына әкелуі мүмкін еді.

«Бұл — біздің ұжымның тағы бір кішігірім жеңісі. Ең бастысы — бала денсаулығын қалпына келтіріп, үйіне қуанышпен оралып жатыр. Балаларыңыздың жағдайында немесе сыртқы келбетінде әдеттен тыс өзгерістер байқалса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаңыздар», — деді операцияны жүргізген хирург, хирургия жөніндегі директордың орынбасары Марат Қаптағаев.

Операция сәтті өтті. Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтіп, бала толық қалпына келіп, үйіне шығарылды.