Алматыда QAZAQ MED TRAVEL медициналық туризмінің жобалық кеңсесі ашылды
Алматыда №3 қалалық емхананың базасында QAZAQ med travel медициналық туризмінің жобалық кеңсесі ашылды.
Жоба шетелдік пациенттерді тартуға және медициналық көмекті «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыруға бағытталған. Бұл – консультация мен диагностикадан бастап емдеу, оңалту және медициналық сүйемелдеуге дейінгі қызметтерді қамтиды.
Жобаның ашылуы аясында туристік операторлармен, сондай-ақ Үндістан және Қытай елдерімен халықаралық туризм мен серіктестік байланыстарды дамытатын компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
«Бұған дейін медициналық туризм негізінен стационарлар базасында дамып келді. Бүгінде бұл бағытты бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде де дамытуды бастаймыз. Жобаны №3 қалалық емханадан бастап, алдағы уақытта кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Медициналық туризмге деген қызығушылық артып келеді. Туристік компаниялардың мәліметінше, шетелдік қонақтар Алматыда болған кезінде медициналық тексеруден өту мүмкіндігіне барған сайын көбірек қызығушылық танытуда.
Жобалық кеңседе ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған чекаптар, сондай-ақ кардиолог, эндокринолог, гастроэнтеролог, невролог және басқа да бейінді мамандардың арнайы тексерулері қолжетімді.

Негізгі бағыттардың бірі – онкологиялық оңалту. Көптеген пациенттер операциялар мен емнің басқа да түрлерін шетелде, соның ішінде Үндістанда алады. Елге оралғаннан кейін олар әрі қарай қалпына келтіру көмегіне мұқтаж болады.
Енді бұл бағыттағы медициналық маршрутты №3 қалалық емхана базасында ұйымдастыру жоспарлануда. Ол пациенттің емнен кейінгі жағдайын бағалауды, әрі қарайғы емдеу тактикасын айқындауды және оңалту кезеңінде медициналық сүйемелдеуді қамтиды.
Сонымен қатар қытайлық серіктестермен бірлесіп, денсаулық жағдайын кешенді бағалауды, оның ішінде биологиялық жасты, психикалық жай-күйді және тұқым қуалайтын ауруларға генетикалық бейімділікті зерттеуді қамтитын «Ұзақ өмір сүру жолы» жобасын дамыту жоспарлануда.

2026 жылы емханада медициналық техниканың 34 бірлігі және зертханалық жабдықтың бес түрі сатып алынды.
Жобалық кеңсе денсаулық сақтау мен туристік индустрияның мүмкіндіктерін біріктіруге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және Алматының медициналық туризм бағыты ретінде тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.