КІАҒЗИ пациенттеріне жаңа буынның биорезорбцияланатын магнийлік скаффолдтары имплантацияланды
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында өткен шеберлік класы аясында төрт пациентке жаңа буынның биорезорбцияланатын магнийлік скаффолдтары имплантацияланды.
Магнийлік скаффолдтар — уақытша, өздігінен сорылатын тамырлық каркастар (биорезорбцияланатын стенттер). Олар жүректің ишемиялық ауруы және басқа да жүрек-қантамыр аурулары кезінде тарылған коронарлық артерияларға енгізіліп, тамырды кеңейтуге және қан ағымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. 6–12 ай ішінде каркас ағзада із қалдырмай толықтай ериді.
КІА ҒЗИ рентгенэндоваскулярлық операциялық блогының меңгерушісі Алексей Колесниковтың айтуынша, жаңа буынның биорезорбцияланатын магнийлік скаффолдтарын имплантациялау олардың қауіпсіз еруі барысында ағзаға каркасты өзінің табиғи тінімен алмастыруға мүмкіндік береді. Бұл созылмалы қабыну қаупін төмендетіп, қан тамырларының табиғи қалпына келтіреді.
Іс-шара интервенциялық кардиология саласындағы жетекші мамандардың басын қосып, озық халықаралық тәжірибе алмасуға арналған кәсіби алаңға айналды. Шеберлік класына шақырылған сарапшы-проктор ретінде Германияның Klinikum Fürth клиникасының интервенциялық кардиология саласындағы жетекші маманы, күрделі коронарлық араласуларды орындау және коронарлық артериялардың күрделі зақымдануы бар пациенттерді емдеу бойынша халықаралық сарапшы дәрігер Стильянос Пиксарас (Dr. Stylianos Pyxaras) қатысты.
Шеберлік класының бағдарламасы теориялық және практикалық бөлімдерден тұрды. Білім беру сессиялары барысында қатысушылар биорезорбцияланатын скаффолдтарды қолдану технологияларымен танысып, пациенттерді іріктеу мәселелерін, оларды қолдануға арналған клиникалық көрсеткіштерді, сондай-ақ технологияны әртүрлі клиникалық жағдайларда пайдалану ерекшеліктерін қарастырды.
Коронарлық араласулардың күрделі жағдайларын талдауға, имплантацияның практикалық аспектілерін талқылауға және кәсіби тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлінді. Операциялар сәтті өтті. Барлық жоғары технологиялық медициналық араласулар МӘМС қаражаты есебінен жүргізілді.
Осындай білім беру іс-шараларын өткізу инновациялық медициналық технологияларды енгізуге, мамандардың кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және Қазақстандағы интервенциялық кардиологияның одан әрі дамуына ықпал етеді.