Менингитті қалай анықтауға болады: Алматы дәрігері негізгі белгілерін атады

Менингитті қалай анықтауға болады: Алматы дәрігері негізгі белгілерін атады

Менингит — медициналық көмекке дер кезінде жүгінуді қажет ететін ауыр ауру. Алғашқы белгілері туралы Алматы қаласындағы №14 қалалық емхананың ЖТД бөлімінің меңгерушісі Жансая Жанабаева айтып берді.

Маманның айтуынша, бастапқы кезеңде менингитті ЖРВИ-мен шатастырып алу мүмкін. Алайда қатты бас ауруы, жоғары дене қызуы, қайта-қайта құсу, айқын әлсіздік, мойынның ауыруы, жарыққа сезімталдық және дыбысқа сезімталдық сияқты белгілер алаңдатуы тиіс.

Менингококк инфекциясы кезінде менингококцемия — менингококктың қанға таралуы орын алуы мүмкін. Бұл жағдайда теріде өзіне тән геморрагиялық бөртпе пайда болады.

Құрысу, сананың бұзылуы және тыныс алудың қиындауы аса қауіпті белгілерге жатады. Мұндай жағдайда шұғыл түрде жедел жәрдем шақыру қажет.

«Менингит көзді ашып жұмғанша тез өршитін түрінде, жылдам дамуы мүмкін. Тіпті бірнеше күн жоғалтудың өзі ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал. Сондықтан күдікті белгілер пайда болған кезде күтпей, өздігінен емделуге болмайды», — дейді дәрігер.

Ауру ауа-тамшы жолымен берілуі мүмкін. Отбасында менингококк инфекциясы анықталған жағдайда қарым-қатынаста болған адамдарды медицина мамандары тексереді. Қажет болған жағдайда мұрын-жұтқыншақтан жағынды алынып, зерттеу жүргізіледі.

Дәрігер жеке бас гигиенасын сақтауды, бөлмелерді жиі желдетуді, науқас адамдармен тығыз қарым-қатынаста болудан және адам көп жиналатын орындарға барудан мүмкіндігінше бас тартуды ұсынады.

Менингитке күдік туындаған жағдайда медициналық көмекке дереу жүгіну қажет.