«Қазақмыс» жер астындағы апаттарға ден қою жүйесін тексерді.
«Батыс» кенішінің 73/75 шахтасында апаттық жағдай кезіндегі іс-қимылды пысықтау бойынша оқу дабылы өтті. Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, тау-кен массасының опырылуы салдарынан жұмыскер үйінді астында қалды.
Жаттығуға «Серіктес» АҚҚ ЖШС Жезқазған тау-кен құтқару жасағының бөлімшесі қатысты. Құтқарушылар жағдай мен ықтимал тәуекелдерді бағалағаннан кейін 20 метр деңгейжиекке түсіп, іздеу-құтқару жұмысына кірісті.
Шартты түрде зардап шеккен адамды үйінді астынан тапқан мамандар «Спрут» апаттық-құтқару жиынтығының көмегімен оны үйіндіден шығарып, алғашқы көмек көрсетті. Одан кейін зардап шеккен адамды медицина қызметкерлеріне тапсыру үшін жер бетіне шығару жұмысын ұйымдастырды.
Оқу-жаттығу барысында тау-кен массасы опырылған кездегі құтқарушылардың іс-әрекеті, зардап шеккен адамды іздеу және эвакуациялау, сондай-ақ тау-кен құтқару бөлімшесінің кәсіпорын қызметтерімен өзара іс-қимылы пысықталды. Сонымен қатар мамандар жерасты жағдайын бақылап, өлшеу жұмысын жүргізді.
Жер астында жұмыскерлерді жедел іздестіру үшін өндірістік нысандарда позициялау жүйесі қолданылады. Ол нақты уақыт режимінде жерасты учаскелеріндегі жұмыскерлердің орналасқан жерін анықтауға және олардың қозғалыс тарихын сақтауға мүмкіндік береді. Дерек кеншілердің жеке жарық шамында орнатылған маяк арқылы беріледі.

Жүйе штаттан тыс жағдайды да тіркеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жұмыскердің 30 минуттан астам уақыт қозғалысы байқалмаған жағдайда тиісті хабарлама қалыптастырылады. Бұл оның орналасқан жерін жедел анықтап, тиісті шара қабылдауға мүмкіндік береді.
Қазақмыстың өндірістік нысандарында оқу-жаттығу дабылы бекітілген кесте мен Апатты жою жоспарына сәйкес тұрақты түрде өткізіледі. Әрбір нысан үшін мұндай жоспар
жыл сайын өндірістің ерекшелігі мен ықтимал апаттық сценарий ескеріле отырып әзірленеді.
Оқу-жаттығу іс жүзінде құтқару бөлімшелерінің дайындығын және төтенше жағдай туындаған кезде іс-қимылдың жеделдігіне әсер ететін техникалық жүйелердің өзара үйлесімді жұмысы мен кәсіпорынның қызметін тексеруге мүмкіндік береді.