Алматы облысында еріктілер өңірдің туристік нысандарына мониторинг жүргізіп, Көлсай, Қайыңды және Есік көлдерінен жемқорлық тәуекелдерін анықтады, деп хабарлайды Qazaqpress ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мониторингке желіде тараған туризм инфрақұрылымының жай-күйін сынайтын бейнероликтер негіз болды. Нәтижесінде экологиялық алым төлеудегі және мақсатты пайдаланудағы ашықтықтың жоқтығы, модульдік қоғамдық дәретханалардың жұмыс істемеуі және оларға талапқа сай техникалық қызмет көрсетлмейтіні, сондай-ақ қызметтерді талапқа сай көрсетпеу сияқты жемқорлық тәуекелдері анықталды», — деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған туристік нысандарды зерделеу барысында «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағына кірген кезде қызметкерлер кассалық аппаратты айналып өту үшін төлемнің қолма-қол нысанын пайдалана алатыны анықталды.
Сондай-ақ, 2022 жылы Кеген ауданы әкімдігі бір данасын 11,4 млн теңгеге сатып алған стационарлық модульдік дәретхана жұмыс істемей тұр (электр жарығы мен су жоқ).
Одан басқа тағы үш дәретхана жабық болды.
Еріктілер сондай-ақ Саты ауылынан Қайыңды көліне дейінгі жолдың нашарлығын атап өтті. Салдарынан туристер көлге жету үшін жергілікті тұрғындардың қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Аталған фактілердің барлығы Алматы облысының туристік саласы мен имиджіне тікелей әсер ететінін ескере отырып, еріктілер бірнеше кеңес берді:
- туристік инфрақұрылымды жаңартуды ескере отырып, облыстың туристік саласын дамыту жөніндегі кешенді стратегиялық құжат әзірлеу;
- саяхаттауға қолайлы жағдай жасау үшін аймақтың жай-күйі мен санитарлық-гигиеналық тораптармен қамтамасыз етілуін талдау;
- Саты ауылынан Қайыңды көліне дейін жол салу және туристерді тасымалдау үшін «Еуро-4» стандартынан төмен автомобильдерді пайдалануды шектеу;
- туристік орындардағы ағаш дәретханалардың көзін құрту.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз