“Хабар” телеарасында өткен саяси дебат әлеуметтік желілерде әлі қызу талқыланып жатыр. Ашығын айтқанда, дебаттың өзі емес, сол тікелей эфирде “халықты мәдениетсіз”, деп жасы үлкендерді итке теңеген Respubilca партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров жұрттың ашуын туғызды.
Белгілі журналист Камал Әлпейісова партия жетекшісінің бұл әрекетін «қасықтап жинаған абыройды шелектеп төгу» деп есептейді.
“Шыны керек, қоғам жаңалық күтуде. Оны ертеңгі сайлаумен байланыстырушылар да бар. Және жаңалықты саясаттағы бет-жүзі жаңа адамдар жасайды деп жорамал жасаушылар Республика партиясына елеңдеп жүрген. Бұған оның басшыларының жас екендіктері де әсер еткен болуы керек. Қанша дегенмен, Мағжан ақынның: «Мен жастарға сенемін» дегенінде мән бар ғой.
Дегенмен, саясатқа келген жаңа партияның мүшелеріне сенуге болмайды екен. Оны кеше өткен дебатта басшысы Айдарбек Қожаназаровтың сөзінен аңдауға болады. Тіксініп қалдым”, — деп жазды журналист өзінің Facebook-парақшасында.
Оның айтуынша, Айдарбек Қожаназаров өзін асыра бағалап, басқалардан биік қоятын жігіт екен.
“Ол өздерінің жастардан басқа санатты менсінбейтінін көрсетті. Және келтірген мысалын айтсайшы: «Старую собаку новым трюкам не научишь». Сонымен, 60-тан асқандар, аңдадыңдар ма, біз ештеңеге жарамсыз, мойындағы қамыт екенбіз…
Әрі қарай сөзімді рәсуә еткім келмейді. Ұлттық мәдениеттен, қазақтың ауыз әдебиетінен хабары жоқ «жаңа адамдарға» халқымыздың «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген ертегісін оқуға кеңес берем”, — деп жазды ол.
Еске салайық, 16 наурызда “Хабар” телеарнасында Мәжіліс сайлауына қатысып жатқан саяси партия жетекшілері өзара дебат өткізді. Ал сайлаудың өзі 19 наурызда өтеді.
Discussion about this post