Батыс Қазақстандық кәсіпкер әйелдер өз бизнесінің тиімділігін қалай арттырды

Батыс Қазақстандық кәсіпкер әйелдер өз бизнесінің тиімділігін қалай арттырды

Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы кәсіпкер әйелдер бизнес-процестерін қайта қарап, басқарудың жаңа құралдарын енгізді, жаңа өнімдер мен қызметтерді іске қосты және қосымша жұмыс орындарын ашты. Бұл – 2026 жылғы мамырдан қазанға дейін өткен Women Entrepreneurship Booster бағдарламасының нәтижелері. Бағдарлама Қазақстанда Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен «Шелл Қазақстан» компаниясы жүзеге асыратын Shell LiveWIRE бастамасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның операторы – She Community.

Бағдарламаның қорытындысы 30 қазанда Атырау қаласында өткен Women Inspire Day қорытынды іс-шарасында жарияланды. Іс-шараға бағдарлама қатысушылары, сарапшылар және іскерлік қоғамдастық өкілдері қатысты.

Бағдарламаға қатысуға 315 өтінім түсті. Іріктеу нәтижесінде 120 кәсіпкер әйел оқуға қабылданды. Олардың 71-і бағдарламаны толық аяқтап, 30-ы питчингте өз жобаларын таныстырды. Оқу барысында қатысушылар компанияларын дамыту стратегияларын әзірлеп, бизнес-модельдерін талдады және жұмыс процестерінің тиімділігін арттыру жолдарын қарастырды.

Оқытуға дейінгі және кейінгі қаржылық көрсеткіштері туралы деректер қолжетімді болған компаниялардың жиынтық айлық түсімі бағдарлама қорытындысы бойынша 51%-ға өсіп, 39 млн теңгеден 59 млн теңгеге жетті. Ал таза пайда 103%-ға артып, айына 1,9 млн теңгеден 3,9 млн теңгеге дейін өсті. Ұйымдастырушылардың бағалауынша, компаниялардың қосымша айлық түсімі шамамен 20 млн теңгені құрады. Егер қол жеткізілген көрсеткіш сақталса, жылдық қосымша түсім шамамен 240 млн теңгеге жетуі мүмкін.

Бағдарлама барысында кәсіпкер әйелдер 13 компанияда 41 жаңа жұмыс орнын ашты. Сонымен қатар 28 компания жаңа өнімдер мен қызметтерді іске қосты. Әр компаниядағы клиенттер саны орта есеппен 60%-ға артты.

Бағдарламаның маңызды нәтижелерінің бірі – өңірде кәсіпкер әйелдер қауымдастығының қалыптасуы. Қатысушылар тәжірибе және іскерлік байланыстар алмасуды, бір-біріне қолдау көрсетуді әрі ынтымақтастық мүмкіндіктерін іздестіруді жалғастыруда. Бұл өңірде әйелдер кәсіпкерлігін ұзақ мерзімді дамытуға және өзара тиімді серіктестікті нығайтуға негіз қалайды.

Күнделікті міндеттерден жүйелі басқаруға көшу

Оқыту бағдарламасы бес негізгі бағытты қамтыды: басқару жүйесін қалыптастыру және команда мүшелері арасында міндеттерді бөлу, коммерциялық модельді дамыту, операциялық процестерді оңтайландыру, бизнесті кеңейту және көшбасшылық дағдыларды дамыту.

Қатысушылар шағын топтарда жұмыс істеп, сарапшылардың сессиялары мен практикалық сабақтарына қатысты. Сондай-ақ Ақсай және Мақат қалаларындағы кәсіпкерлермен кездесіп, тәжірибе алмасты. Бағдарлама онлайн және офлайн форматтарды ұштастыра отырып ұйымдастырылды. Бұл қатысушыларға алған білімдері мен дағдыларын өз компанияларының жұмысына бірден енгізуге мүмкіндік берді.

Бағдарламаның практикалық нәтижелерінің бірі – компанияларда басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу болды. Атап айтқанда, 25 компания міндеттерді бөлу жүйесін қайта қарап, тапсырмаларды команда мүшелеріне сеніп тапсыруды және негізгі тиімділік көрсеткіштерін (KPI) қолдануды бастады. Сонымен қатар кәсіпкер әйелдер қаржылық көрсеткіштерді бақылауға және команда жұмысын жетілдіруге көбірек көңіл бөлді.

She Community ұйымының тең құрылтайшысы Раушан Қашкомбаеваның айтуынша, бағдарламаның маңызды нәтижесі – қатысушылардың бизнес жүргізу дағдыларын жетілдірумен қатар, өзара тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау көрсету мүмкіндігіне ие болуы.

«Біздің мақсатымыз – кәсіпкер әйелдерге бизнесті жүйелі түрде басқаруды жолға қою, міндеттерді команда мүшелеріне сеніп тапсыру және бизнестерін сенімді түрде дамытуға көмектесу. Ал пікірлес кәсіпкерлер қауымдастығы жаңа жетістіктерге жетуге қажетті қолдау көрсетеді», – деді She Community ұйымының тең құрылтайшысы, кәсіпкер және SPDEx логистикалық компаниясының тең құрылтайшысы Раушан Қашкомбаева.

Women Entrepreneurship Booster бағдарламасы кәсіпкер әйелдердің бизнестегі және қоғамдағы орнын нығайтуға, өз әлеуетін жүзеге асыруына кеңірек мүмкіндік беруге және болашағын өз бетінше қалыптастыруына жағдай жасайды. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау арқылы ЕҚДБ мен «Шелл Қазақстан» компаниясы өңірлік экономиканың дамуына және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерінің кеңеюіне үлес қосып келеді.