Үш күнде 10 мыңнан астам келушіні жинаған KazAgroFarm 2026 өз жұмысын аяқтады
2026 жылғы 21-23 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында ExpoGroup компаниясы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған KazAgroFarm-2026 халықаралық агроөнеркәсіптік көрмесі өтті. Ауқымды салалық шараға әлемнің 25 елінен 350-ден астам компания қатысып, ауыл шаруашылығына арналған заманауи технологияларды, жабдықтар мен шешімдерді ұсынды.
Үш күн ішінде көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам фермер, Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдар мен іскерлік орта өкілдері келді. KazAgroFarm-2026 жұмысына шетелдік жоғары лауазымды қонақтар да қатысты. Олардың қатарында Ливияның Ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы министрі Абдул Латиф әл-Тахер, Иранның ауыл шаруашылығы вице-министрі Голам Голмохаммади, Чехияның ауыл шаруашылығы вице-министрі Ярослава Шпалкова және Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хайке Ренате Пайч болды. Көрме халықаралық агробизнес өкілдерін, қазақстандық өндірушілер мен фермерлік шаруашылықтарды бір алаңға тоғыстырды.
Экспозиция агроөнеркәсіптік кешеннің екі негізгі бағытын қамтыды. KazAgro бөлімінде өсімдік шаруашылығына арналған технологиялар мен жабдықтар — тұқым, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарынан бастап, ауыл шаруашылығы техникасына, өнім жинау, сақтау және өңдеу шешімдеріне дейін ұсынылды. Ал KazFarm бағыты мал шаруашылығына арналды. Мұнда генетика, асыл тұқымды мал өсіру, азықтандыру, ветеринария, сүт және ет өнімдерін өндіру мен өңдеу салаларындағы шешімдер көрсетілді.
Қатысушылар ауыл шаруашылығын цифрландыруға, өндірістік үдерістерді автоматтандыруға және дәлме-дәл егіншілік технологияларына ерекше назар аударды. Компаниялар заманауи техника үлгілерін, жабдықтар мен өздерінің технологиялық әзірлемелерін таныстырды. Келушілер жаңалықтармен танысып қана қоймай, өндірушілермен тікелей сөйлесіп, ұсынылған шешімдерді өз шаруашылықтарында қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
KazAgroFarm-2026 көрмесінің маңызды ерекшеліктерінің бірі — халықаралық қатысушылардың кең ауқымы. Атап айтқанда, Германия, Чехия, Нидерланд, Қытай, Иран, Канада және басқа да елдердің өкілдері де белсенділік танытты. Үш күн бойы іскерлік келіссөздер, шетелдік серіктестермен кездесулер және аграрлық саладағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау өтті.
Көрменің іскерлік бағдарламасы халықаралық сарапшыларды, бизнес, ғылыми қауымдастық және салалық ұйымдар өкілдерін біріктірді. Бағдарламаның басты оқиғаларының бірі — қазақтың Ақбас сиыр тұқымының 75 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара болды. Ол асыл тұқымды мал шаруашылығы мамандарын, фермерлерді, ғалымдар мен сала өкілдерін жинап, отандық етті мал шаруашылығын дамыту және тұқымның генетикалық әлеуетін сақтау мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Халықаралық тәжірибе алмасуға да айрықша көңіл бөлінді. Чехия елшілігі органикалық егіншілік пен заманауи агротехнологияларға арналған B2B семинарын ұйымдастырды. Іс-шара аясында «Органикалық егіншілік энциклопедиясы» таныстырылды. Нидерланд өкілдері NL Dairy Innovation Kazakhstan семинарын және сүт саласындағы инновацияларға арналған қазақстандық компаниялармен іскерлік кездесулер өткізді.
Бағдарлама аясында «Қазақстандағы агродрондар: техниканың қолжетімділігінен алқаптағы тиімді жұмысқа дейін» конференциясы, жайылымдық мал шаруашылығын дамыту, ірі қара өсіру тиімділігін арттыру және сүт өндіру мәселелері бойынша семинарлар өтті. Сондай-ақ Германия мен Қазақстан арасындағы аграрлық ынтымақтастыққа арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, Германия павильонының компаниялары өздерінің технологиялық шешімдерін ұсынды.
Көрме ғылым мен бизнестің өзара байланысын нығайтуға да жағдай жасады. Қазақстандық ғылыми ұйымдар, соның ішінде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының өкілдері өз әзірлемелері мен жетістіктерін таныстырып, аграрлық саланы дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық келісімге қол қойды.
Қазақстандық фермерлер үшін KazAgroFarm-2026 үш күн ішінде әлемнің жетекші өндірушілерінің шешімдерімен танысуға, мамандардан кеңес алуға, технологиялар мен жабдықтарды салыстыруға, жеткізушілермен тікелей байланыс орнатуға және жаңа іскерлік серіктестер табуға мүмкіндік берді.
KazAgroFarm-2026 халықаралық бизнес, мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық пен фермерлерді бір алаңға біріктіріп, Орталық Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік көрме ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады. Үш күнге созылған көрме кәсіби диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға, жаңа технологияларды таныстыруға және ауыл шаруашылығындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жол ашты.