Миниатюралық шедеврлер: отандық суретшілердің туындыларымен кәдесый бизнесін қалай бастауға болады?
200 магнит жасап, алғашқы кезеңде оның біреуін ғана сату — Аяулым Нұрбекованың өз идеясын жүзеге асыруға жасаған алғашқы қадамы осындай.
Суретші қазақстандық авторлардың картиналары негізінде кәдесыйлар жасауды ойластырғанымен, бір мәселеге тап болды: ол бейнемен жұмыс істеуді білетін, бірақ өнімді қалай сату, оның өзіндік құнын қалай есептеу және нарықта қалай ілгерілету керегін білмеді. Өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді етудің және шығармашылық адамға кәсіпкерше ойлауды үйренудің жолдары туралы @artpieces.kz жобасының негізін қалаушы сұхбатымызда айтып берді.
«Мен суретші ретінде ойлайтынмын…»
— Аяулым, картиналарды кәдесыйларға көшіру идеясы қалай пайда болды?
— Бізде талантты суретшілер өте көп, бірақ олардың көбін жұрт біле бермейді. Түпнұсқа картиналар өте қымбат тұрады. Сондықтан қазақстандық суретшілердің туындылары қарапайым адамдар үшін қолжетімді емес. Осыған орай, өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді етуді ойладым. Кез келген адам автордың аты-жөні мен картинаның атауы көрсетілген кәдесый магнитті сатып ала алады.
Бұған қоса, суретшілердің табыс табуына қалай көмектесуге болатынын көптен ойлап жүрдім. Олардың туындылары жылдар бойы сатылмай тұруы мүмкін. Бұған дейін аукцион өткізу, жәрмеңке ұйымдастыру сияқты идеялар болды. Бірақ ақырында отандық суретшілердің шығармаларын магнитте жасауды жөн көрдім.

— Сатып алушылар идеяңызды бірден бағалады ма?
— Жоқ. Алдымен шамамен 200 данадан тұратын шағын сынақ партиясын жасап, магниттің бір ғана түрін шығардым. Өнімнің нарықта сұранысқа ие болатынын, адамдардың қызығушылық танытатынын білгім келді. Бірақ небәрі біреуі ғана сатылды. Қалғандары өте баяу өтетін. Негізінен таныстар арқылы, яғни ауызша ұсыныс жолымен саттым.
Менің басты мәселем — суретші болғаным, кәсіпкер емес екенім еді. Бизнесті қалай жүргізуді, өнімді қалай сатуды және жарнамалауды білмедім. Қазір мұны еске алсам, күлкім келеді. Магниттерді сатуға тырысатын Instagram парақшам да болмаған.
Мен суретші ретінде ойлайтынмын. Композицияға қарап, қай түсті ашық ету, қандай бөлшектерді ерекшелеу, үлкен картинаны шағын форматта қалай ұтымды көрсету керегін білетінмін. Сапалы өнім жасай алатыныма сенімді болдым, бірақ оны көпшілікке қалай ұсыну керегін түсінбедім.
— Демек, алға жылжу үшін білім жетіспеді ме? Сол үшін Coca-Cola Belesteri жобасына қатысуға шешім қабылдадыңыз ба?
— Иә, қатысқаныма еш өкінбеймін. Coca-Cola Belesteri жобасындағы оқу барысында қарапайым нәрселердің өзін білмейтінімді түсіндім. Мысалы, бизнестің жүйесін қалай құру, өнімнің өзіндік құнын қалай есептеу және істі қалай кеңейту керегін білмеппін.
Оқуға дейін идеяларым көп болды, бірақ оларды жүзеге асыруға күмәнданып, өркендету керек пе деп үнемі ойланатынмын. Бизнес-жоспар жазып, өнімнің бағасын есептеген кезде, идеяларыма кәсіпкерлік тұрғыдан қарай бастағанымды байқадым.

Оқу маған көп нәрсе берді. Мысалы, мақсатты аудиторияны анықтауға арналған кесте пайда болды. Сатып алушыларымның кім екенін, олардың жасын және табысын есептей бастадым. Менің аудиториям музейлер, галереялар, туристер, туристік және корпоративтік компаниялар, сондай-ақ суретшілердің өздері екенін түсіндім.
Ең бастысы, өзіме деген сенімім артты. Енді идеямның дамуға және өсуге лайық екеніне сенімдімін. Ақыры Instagram парақшамды да аштым. Бұл да оқу бағдарламасындағы тақырыптардың бірі болатын. Әлеуметтік желілер арқылы сатылымды бастап, оны кеңейтуге көмектесті.
«Жекелей сатудан – жаппай саудаға дейін»
— Оқу, ойлау тәсіліңізді өзгерткені түсінікті. Ал жаңа білімді іс жүзінде қолдана алдыңыз ба?
— Оқуға дейінгі және кейінгі жағдайды салыстыруға да келмейді. Қазір магниттерім маркетплейстердің кәдесый өнімдері бөлімдерінде сатылады. Бірнеше дүкенмен және туристік орталықпен жұмыс істеймін, тұрақты клиенттерім де пайда болды.
Мерекелерде қызметкерлеріне немесе шетелдік серіктестеріне кәдесый ретінде сыйлау үшін өнімдерімді жаппай сатып алатын корпоративтік клиенттерім бар. Жақында осындай клиенттердің бірінен логотипін қосып, арнайы партия жасауға тапсырыс алдым.
— Грант ұтып алғаныңызды білгенде қандай сезімде болдыңыз? Қаражатты қайда жұмсадыңыз?
— Финалға өтемін деп мүлде күтпедім. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды! Бұған дейін ешқандай байқауда орын алып көрмегенмін. Шынымды айтсам, қатты таңғалдым.
Бір миллион теңге көлеміндегі грантты ассортиментті кеңейтуге жұмсадым. Бастапқыда магниттің бір ғана түрі болса, кейін төртеу болды. Қазір сатылым жақсы жүріп жатыр, төрт түрдің екеуі ғана қалды, қалғаны сатылып кетті. Сондықтан жаңа партияға тапсырыс беріп жатырмын.
Картинаның магнитке айналу жолы
— Сіздің жұмысыңыз нақты неден тұрады? Бейнені суретке түсіріп, өндіріске жіберу жеткілікті ме?
— Бейнелерді кенепке майлы бояумен салынады. Оны жай ғана суретке түсіре салсаңыз, магниттегі бейне сапалы шықпайды. Мен түпнұсқаны суретке түсіріп, кейін планшетте болашақ кәдесыйдың дизайнын әзірлеймін.
Өнімнің жарқын әрі әдемі болуы үшін бейнені өңдеп, кейбір тұстарын түзетемін. Бір жерде қылқалам ізін өзгерту, басқа тұста түсті түзету немесе еліміздің атауын қосу қажет болуы мүмкін.
Әрине, мұның бәрі суретшінің рұқсатымен жасалады. Соңғы нұсқасын авторға көрсетемін. Ол дизайнды мақұлдағаннан кейін ғана магнит өндіріске жіберіледі.

Магнит екі ағаш қабатынан тұрады, сырты қорғаныш қабатымен қапталады, ал артқы жағына магнитті қабықша жапсырылады.
— Магниттер Қазақстанда жасала ма?
— Өкінішке қарай, әзірге жоқ. Оларды Қытайда жасатады. Онда өндіріс орны жақсы жабдықталған, бірақ магниттің бір түріне кемінде 500 данаға тапсырыс беру қажет. Сондықтан ассортиментті жылдам кеңейту қиын. Барлығы қаржыға тіреледі.
Қазақстанда жасату әлдеқайда қымбатқа түседі. Өйткені бізде барлық жұмысты бір жерде атқаратын өндіріс әзірге жоқ. Екі, тіпті үш түрлі өндірушіге жүгінуге тура келеді. Соның салдарынан өнімнің өзіндік құны тым жоғары болады.
— «Әзірге» деп отырсыз. Болашақта өндірісті Қазақстанға көшіру ойыңызда бар ма?
— Иә, өндірісті Қазақстанға көшіру туралы ойым бар. Өнімнің өз елімізде жасалғанын қалаймын. Сонда тапсырыс көлеміне қатысты шектеулер азайып, кәдесыйлардың түрін көбірек шығара аламыз. Қазір инвестор іздеуді жоспарлап отырмын.
— Суретшілерге табыс табуға көмектесуге ниет білдірген едіңіз. Қандай қолдау жасағыңыз келеді?
— Әзірге авторлық құқыққа байланысты бұрынғы шеберлердің туындыларымен жұмыс істемеймін. Қазір белсенді шығармашылықпен айналысып жүрген суретшілермен жұмыс істеймін. Олармен келісімшарт жасап, маған сатуға берген туындылары үшін авторлық сыйақы төлеймін.
Қазірдің өзінде өз шығармаларын осындай жолмен танытып, сатқысы келетін бірнеше суретші бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.
«Қарапайым магниттен – халықаралық нарыққа дейін»
— Жақын болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
— Келесі мақсатым — кәдесый өнімдерінің түрлерін көбейту. Суретшілердің туындылары бейнеленген футболкалар, кружкалар мен күнделіктер шығарғым келеді.
Ең бастысы — әлемнің түкпір-түкпірінен кәдесый өнімдері ұсынылатын ірі халықаралық сауда желілеріне шығу. Қазір осы мақсатта құжаттарды рәсімдеп, СЭҚ ТН кодын алумен және сертификаттау мәселелерімен айналысып жатырмын. Бұл кодсыз тауарды ресми түрде импорттау немесе экспорттау мүмкін емес.
Сонымен қатар суретшілермен жұмыс істеудің нақты құқықтық жүйесін құру маңызды. Ол екі тарапқа да тиімді болады.
— Өз жобасын бастауға немесе оқуға қатысуға әлі де жүрексініп жүрген қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Оларға Coca-Cola Belesteri жобасына қатысып көруге кеңес беремін. Бір нәрсені білмесеңіз, өз күшіңізге немесе идеяңызға күмәндансаңыз да, бұл жоба дәл сол үшін құрылған. Мұнда бизнесті қалай жүргізуді және оны қалай дамытуды үйретеді.
Оқудан өткеннен кейін қай бағытта жүру керегін және қалай дамуға болатынын жақсырақ түсінесіз. Сондықтан бұл жобаға қатысуға кеңес беремін.