Туризм және спорт: World Aquatics 2026 қатысушыларына Астана қандай әсер қалдырды?
Елордада өтіп жатқан жүзуден World Aquatics 2026 Әлем кубогінің финалдық кезеңіне қатысушылар Астананың көрікті жерлерін аралап, қаланың туристік нысандарымен танысты. Спортшылар «Бәйтерек» монументін, Тәуелсіздік алаңын, Ұлттық музей және ерекше сәулетімен танымал «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын тамашалады.
Биыл Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған World Aquatics Әлем кубогінің финалдық кезеңіне әлемнің 39 елінен спортшылар қатысуда. Шетелдік спортшылардың, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің келуі оқиғалық туризмнің дамуына серпін беріп, қонақүйлерге, көлік, экскурсия және басқа да қызмет түрлеріне сұранысты арттырады.
Шетелдік қонақтар Астананың заманауи сәулетіне, қаланың көркі мен абаттандырылуына, қазақстандықтардың қонақжайлығына және еліміздің бай мәдени мұрасына ерекше тәнті болды.

Сонымен қатар спортшылар Қазақстанды әлемге танытуға өз үлесін қосып келеді. Олар әлеуметтік желілерде елімізден алған әсерімен бөлісіп, сапары туралы жақындарына әңгімелейді. Осылайша Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін халықаралық аудиторияға кеңінен танытуға ықпал етеді.
Айта кетейік, 2026 жылдың басында Туризм және спорт министрлігі алғаш рет өңірлерге туристер тартуға және оқиғалық туризмді дамытуға бағытталған ірі іс-шаралардың күнтізбесін бекітті. Күнтізбе аясындағы жұмыстар, ақпараттық сүйемелдеу және өңірлермен бірлескен іс-қимыл іс-шараларға келушілер санының артуына ықпал етті.
Аталған жұмыстың оң нәтижелерін ескере отырып, Министрлік туристік іс-шаралар күнтізбесін Қазақстанда өтетін ірі халықаралық спорт жарыстарының кестесімен үйлестіру мәселесін қарастырып жатыр.
Бұл бастама спорттық жарыстарды мәдени және туристік іс-шаралармен ұштастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде спортшылар мен шетелдік қонақтар жарыстарға қатысып, спорттық бәсекелерді тамашалап қана қоймай, еліміздегі мәдени іс-шараларға қатысуға, ұлттық дәстүрлерімізбен танысуға және Қазақстанның көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік алады.

Атап айтқанда, 2027 жылы Қазақстанда спорттың алты түрінен әлем чемпионатын өткізу жоспарланған. Астанада үстел теннисі мен дзюдодан, ал Алматыда стенд атудан әлем чемпионаттары өтеді. Сондай-ақ Астанада қазақ күресінен, бокс пен таеквондодан әлем чемпионаттарын өткізу көзделген. Бұдан бөлек, елімізде УЕФА Конгресі өтеді. Бұл да халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғалардың бірі болмақ.
Әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізу елімізде спорттың дамуына, Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға, халықаралық беделін нығайтуға және қызмет көрсету саласының өркендеуіне де ықпал етеді.