AI & Digital Bridge 2026 форумы 17мыңнан астам қатысушының басын қосты

AI & Digital Bridge 2026 форумы 17мыңнан астам қатысушының басын қосты

Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумының алғашқы күні 17 мыңнан астам адамның басын қосты. Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып отырған ауқымды шара 1–3 қазан аралығында өтіп жатыр және ол AI MONTH бастамасының басты халықаралық оқиғасы.

Алғашқы екі күндегі қатысушылардың көптігі қоғамның жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Бағдарламаның негізгі бағыттары жасанды интеллект пен есептеу инфрақұрылымы, венчурлық инвестициялар мен цифрлық қаржы, технологиялық кәсіпкерлік, киберқауіпсіздік, адами капиталды дамыту, GameDev пен креативті индустриялар, сондай-ақ жасанды интеллектті бизнес, өнеркәсіп және мемлекеттік басқару салаларында қолдану мәселелерін қамтиды.

Форумның екінші күніндегі маңызды оқиғалардың бірі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы болды. Жиында өнеркәсіпте жасанды интеллектті қолдану және жекелеген жобалармен шектелмей, оны экономиканың нақты секторына жүйелі түрде енгізу мәселелері басты назарға алынды.

Сонымен қатар форум аясында халықаралық панельдік пікірталастар өтіп, озық технологиялық шешімдер таныстырылуда, сондай-ақ инвесторлар мен стартаптардың кездесулері мен білім беру шаралары ұйымдастырылуда. Мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, жоғары оқу орындары мен технологиялық компаниялар жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, білім беру, ғылыми зерттеулер, цифрлық қаржы және инвестиция салаларында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қоюда.

AI & Digital Bridge тек жекелеген технологиялардың дамуын талқылайтын орын емес, сонымен бірге жаңа жасанды интеллект экономикасын қалыптастыру жөніндегі ауқымды пікірталас алаңына айналып отыр. Мұнда технологиялық компаниялардың қалай құрылатыны, капитал мен мамандардың қалай тартылатыны, есептеу инфрақұрылымының қалай дамитыны және халықаралық әріптестіктің қалай өрбітілетіні жан-жақты талқыланады.

Қазақстан үшін бұл форум – отандық жасанды интеллект экожүйесін дамытуға және елдің еуразиялық ЖИ-хаб ретіндегі халықаралық позициясын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі — Kazakhstan is the Eurasian AI Hub.

3 қазан — AI & Digital Bridge 2026 форумының қорытынды күні

3 қазан — форумның соңғы күні. Бұл күнгі бағдарлама негізгі бағыттарды жалғастырып, халықаралық сарапшылар, технологиялық компаниялар, инвесторлар, стартаптар мен әзірлеушілердің басын біріктіреді.

Басты оқиғалардың бірі — Astana Hub Battle финалы. Онда финалға шыққан 10 стартап өз жобаларын таныстырып, 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі бас жүлде үшін бақ сынайды. Сонымен қатар күні бойы жасанды интеллект, технологиялық кәсіпкерлік, инвестициялар, кадр әлеуетін дамыту және халықаралық әріптестік тақырыптары бойынша талқылаулар жалғасады.