«Дауысы сенімді, бірақ сөзі жалған»: Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы дипфейктердің танымал адамдарды ақпараттық манипуляцияларда қалай пайдаланатынын көрсетті
АСТАНА, 7 тамыз 2026 жыл – Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейк-бейнелерге қатысты кезекті талдауын жариялады. Зерттеуде шетелдік танымал өнер иелерінің бейнесі мен дауысы қолданылып, олар ешқашан айтпаған мәлімдемелердің қалай таратылатыны көрсетілген.
Орталықтың мәліметінше, мұндай бейнероликтерде жасанды интеллект адамның дауысын, бет әлпетін және сөйлеу мәнерін шынайы түрде қайталайды. Соның салдарынан көрерменде бейнежазба түпнұсқа деген әсер қалыптасады. Алайда ондағы ақпараттың мазмұны толықтай ойдан шығарылған.
Мамандардың айтуынша, мұндай контенттің негізгі мақсаты – адамдардың эмоциясына әсер етіп, оларды жаңылыстыру және қоғамдық пікірге ықпал ету.
Осыған байланысты Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды ақпаратты қабылдауда сақ болуға шақырады. Сарапшылар бейнероликтің қаншалықты шынайы көрінетініне емес, оның қай дереккөзден жарияланғанына назар аударудың маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ кез келген күмәнді ақпаратты ресми ақпарат көздері арқылы тексеріп, әлеуметтік желілерде кең таралған контентке сыни көзқараспен қарау ұсынылады. Орталықтың пікірінше, бұл қазіргі заманғы ақпараттық манипуляциялар мен дипфейктерден қорғанудың ең тиімді тәсілдерінің бірі болып қала береді.