Тойдың құны: Қазақстанда 2026 жылы той өткізу қанша тұрады?
Жаз бен күздің басы Қазақстанда дәстүрлі түрде үйлену тойлары ең көп өтетін кезең саналады. Дәл осы уақытта көптеген отбасы той жасап, банкет залдарына, асабаларға, фотографтарға, декораторларға және әртістерге сұраныс айтарлықтай артады. Соған сәйкес жас жұбайлардың шығыны да көбейеді. Бүгінде заманауи той тек мейрамхана жалдап, дастарқан жаюмен шектелмейді. Ол ондаған түрлі қызметті қамтитын ауқымды шараға айналды.
OLX Қазақстанның талдау қызметі үйлену тойын ұйымдастыру қызметтері іс-шаралар нарығындағы ең белсенді бағыттардың бірі екенін анықтады. Платформада негізгі санаттардың өзінде жүздеген ұсыныс жарияланған. Соның арқасында жас жұбайлар шағын отбасылық мерекеден бастап дәстүрлі үлкен тойға дейін кез келген бюджетке лайық қызметті таңдай алады.
Банкет залы
Той бюджетінің ең қомақты бөлігі бұрынғыдай банкетке жұмсалады. Банкет залын жалға алу құны қалаға, мейрамхананың танымалдығына, қонақ санына және ұсынылатын қосымша қызметтерге байланысты өзгереді.
Банкет залын жалға алудың ең төменгі бағасы шамамен 500 мың теңгеден басталады. Алайда мұндай ұсыныстар сирек кездеседі және көбіне шағын іс-шараларға арналған.
Ең жиі ұсынылатын нұсқалардың бағасы 800 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал ірі тойларға арналған беделді залдарды жалға алу құны банкет мәзірін есептемегеннің өзінде 2,5 миллион теңгеге дейін барады.
Егер ерекше локациялар немесе тұтас кешен жалға алынатын болса, баға бұдан да жоғары болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жоғарғы шек іс жүзінде болмайды. Сондықтан той өтетін орынды таңдау жалпы бюджеттің қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Безендіру
Соңғы жылдары тойды безендіру тәсілі айтарлықтай өзгерді. Бұрын тек төр безендірілсе, бүгінде жас жұбайлар фотоаймақтар, гүл композициялары, пресс қабырғалар және сәндік жарықтандырумен бірге кеңістікті толық рәсімдеуді жиі таңдайды.
Сонымен қатар көптеген жұп неке АХАТ-та немесе ХҚКО-да ресми тіркелгеннің өзінде, сақина алмасу рәсімін көшпелі форматта өткізуді жөн көреді. Мұндай рәсім тойды ерекше етіп, шығынның тағы бір бабына айналады.
OLX.kz платформасында үйлену тойларын безендіруге арналған 371 хабарландыру, сондай-ақ баннерлер мен фотоаймақтарды әзірлеуге қатысты 220 ұсыныс жарияланған.
Той залын безендірудің орташа құны 500 мың теңгеден, ал фотоаймақты жалға алу немесе дайындау шамамен 150 мың теңгеден басталады. Егер жеке дизайн таңдалса немесе сәндік элементтер көп қолданылса, шығын бірнеше есеге артуы мүмкін.
Асаба және шоу-бағдарлама
Қаншалықты сәнді болса да, қызықты бағдарламасыз тойдың сәні кірмейді. Сондықтан асаба қызметі той нарығындағы ең сұранысқа ие бағыттардың бірі болып қала береді.
Қазір платформада асабалар мен жүргізушілердің қызметі бойынша 117 хабарландыру жарияланған. Бағасы шамамен 500 мың теңгеден басталғанымен, тәжірибелі асабалардың, әсіресе ірі қалалардағы мамандардың қызметі бұдан әлдеқайда қымбат болуы мүмкін.
Көптеген жұптар мерекеге өнерпаздарды да шақырады. Платформада би ұжымдарының 123 ұсынысы жарияланған. Бір қойылымның құны ұжым құрамына және бағдарламаның ұзақтығына қарай орта есеппен 20-50 мың теңге аралығында.
Фотографтар мен видеографтар
Фотосуреттер мен бейнероликтер – той күнінен қалатын ең қымбат естелік. Сондықтан жас жұбайлар маман таңдауға ерекше мән береді.
Платформада фотографтардың 157, ал видеографтардың 41 хабарландыруы жарияланған. Фотограф қызметінің ең төменгі бағасы сағатына шамамен 10 мың теңгеден, ал видеографтікі 20 мың теңгеден басталады. Әдетте мамандар тойды толық түсіру үшін кемінде төрт-алты сағат жұмыс істейді. Сондықтан жалпы құны бастапқы бағадан әлдеқайда жоғары болады.
Тойға арналған образ
Тойға дайындық тек мерекені ұйымдастырумен шектелмейді. Ол қалыңдық пен күйеу жігіттің образын дайындауды да қамтиды.
Қалыңдық көйлегінің бағасы орта есеппен 250 мың теңгеден басталады. Ал дизайнерлік үлгілер бірнеше есе қымбат болуы мүмкін. Күйеу жігіттің той костюмі орта есеппен 30-50 мың теңге тұрады. Премиум брендтер немесе жеке тапсырыспен тігілген костюмдер бюджетке қосымша салмақ түсіреді.
Бұдан бөлек, аяқ киімге, аксессуарларға, макияжға, шаш үлгісіне, әшекейлерге және қалыңдықтың гүл шоғына да қаражат қарастырылады.
Той кортежі, қалыңдықтың гүл шоғы және торт
Дәстүрлі лимузиндердің орнын біртіндеп бизнес-класс көліктері басып келе жатқанына қарамастан, той кортежі әлі де мерекенің маңызды бөлігі болып саналады.
Көлікті жалға алудың ең төменгі құны шамамен сағатына 25 мың теңгеден басталады. Жалпы баға автокөлік маркасына және жалға алу мерзіміне байланысты өзгереді.
Қосымша шығындарға қалыңдықтың гүл шоғы мен мерекелік торт та кіреді.
Қалыңдықтың гүл шоғының бағасы шамамен 30 мың теңгеден басталады. Ал авторлық композициялар 70-100 мың теңге немесе одан да қымбат болуы мүмкін.
Үйлену тойына арналған торттың орташа бағасы салмағына, безендірілуіне және жасалу күрделілігіне қарай 50 мыңнан 150 мың теңгеге дейін өзгереді.
Той өткізу қанша тұрады?
Ең қарапайым сценарийдің өзінде үйлену тойы қомақты қаржыны талап етеді. Нарықтағы ең қолжетімді ұсыныстарды таңдаған жағдайда шағын тойдың өзі банкет мәзірін, неке сақиналарын, бал айын және басқа да қосымша шығындарды есептемегенде шамамен 4-5 миллион теңгеге түседі.
Алайда бүгінгі таңда ең жиі кездесетін сценарий басқаша. Банкет мәзірін есептемегеннің өзінде үйлену тойының жалпы бюджеті көбіне 7-10 миллион теңгеге дейін жетеді.
Сонымен қатар көптеген қазақстандық отбасы үшін шығын бір ғана тоймен шектелмейді. Дәстүрлі қазақ үйлену тойы көбіне сырға салу, құдалық, қыз ұзату сияқты бірнеше жеке рәсімнен тұрады. Олардың әрқайсысы бөлек дайындықты, безендіруді, дастарқан жайып, ұйымдастыруды талап етеді. Соның нәтижесінде үйлену тойына жұмсалатын жалпы шығын бірнеше есеге дейін ұлғаюы мүмкін.