Орталық қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөліміне эпилепсияның ауыр формасы бар 18 жасар қыз түсті, диагноз — мидың оң жақ жарты шарындағы кистозды-глиотикалық өзгеріс фонындағы ошақты құрылымдық эпилепсия.
Фармокорезистенттілік. Локализацияланған(фокальды) (ішінара) идиопатиялық эпилепсия және фокальды ұстамалары бар эпилепсиялық синдром.
Науқастың анасының айтуы бойынша, ауру осыдан 6 жыл бұрын басталған.
«Бала кезде қызымда ишемиялық инсульт болған. Содан кейін, 12 жастан бастап қызымда алғашқы ұстама басталды. Алғашқы кезде ұстама күніне екі немесе үш рет болатын. Біз эпилепсияға қарсы терапия алып жүрдік, дәрігер бірнеше рет ем-шара түрін өзгертіп берді. Бірақ, соңғы кезде қызымның жағдайы одан сайын нашарлай түсті, ұстамалар жиіледі, бір күнде мен 40 ұстамаға дейін есептедім. Жағдайы нашарлай түсті, мінез-құлқы да өзгерді, психикалық жай-күйі қиындап, айналасындағы адамдарға агрессия пайда болды. Дәрігерлер маған, эпилепсияның мұндай қиын формасында дәрілік затпен көмек көрсету мүмкін емес екенін, бұл жағдайда ең дұрыс шешім нейрохирургиялық ота жасау екенін айтты. Сол себепті мен Орталық қалалық клиникалық ауруханаға келдім»,- дейді науқастың анасы.
Эпилептологтар, нейрофизиологтар, нейропсихологтар, функционалды диагностика дәрігерлері және нейрохирургтармен бірлескен көпбейінді топ кеңесімен, ауру анамнезін толық зерттеп, клинико-зертханалық мәліметтер және нейровизуализация деректеріне сүйене отырып Алматы қаласында алғаш рет үлкен жауапкершілік пен асқан дәлдікті талап ететін аса күрделі ота жасалды.
Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Алматов Мараттың айтуынша, бұл отаның ерекшелігі мен бірегейлігі, оны жасау барысында науқастың ұстамаларының көбеюіне, күшеюіне және жиілеуіне әсер етіп тұрған ми бөлігі уақытша ажыратылуы немесе қызметін уақытша тоқтатуында еді.
«Мұндай оталар өте сирек жағдайда, күрделі неврологиялық бұзылыстар кезінде жасалады және ОҚКА базасында алғашқы рет жасалды. Біз оң жарты шардың тік функционалдық гемисферотомиясын жасадық, бұған С.Асфендияров атындағы нейрохирургия кафедрасының ассистенті Азамат Жайылғанов көмектесті. Ота 6 сағат жасалды, ол компьютерленген нейронавигациялық жүйе бақылауымен өткізілді, бұл кез келген асқынудың алдын алуға көмектесті»,- дейді дәрігер Алматов.
Ота жасалғаннан кейін ұстамалардың қайталануы тіркелген жоқ. Науқастың психоэмоционалды жай-күйі мен есте сақтау қабілеті тұрақталды. Кеше денсаулық жағдайының тұрақталуына байланысты науқас ауруханадан үйге шығарылды, алайда бұдан әрі ол оңалту курстарын өтуі қажет.
Discussion about this post