«Оператор РОП» компаниясының бұрынғы бас директорына 20 млрд. тг. жымқырды деген айып тағылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Оператор РОП» ЖШС бұрынғы бас директорына қатысты компания қаражатын иемдену бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады, деп хабарлайды Qazaqpress Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, сот үкімі бойынша «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры қамауға алынды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы бас директорына қатысты 2016-2021 жылдар аралығында көліктерді қайта өңдеу құнын жоғарылатып, арамдықпен жиналған компанияның қаражатынан 20 млрд. теңгеден астам соманы иемдену фактісі бойынша айыпты анықтау үшін, сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады», – делінген Telegram-агенттік арнасының хабарламасында.
Сонымен қатар бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмысының күдігімен экология вице-министрі мен «Оператор РОП» ЖШС басқарма төрағасы ұсталған болатын. Тергеу жалғасуда, деп хабарланды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «Оператор РОП» ЖШС басқармасының төрағасы Медет Құмарғалиев мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынғаны хабарланған болатын.