Маңғыстау облысында Референдум күні сайлау учаскелерінде балаларға арналған ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
-Бүгін еліміз үшін аса маңызды тарихи күн. Тәуелсіз ел тарихында АЭС құрылысы жөнінде таңдау халық талқысына түсуде. Мен бүгін 6 жасар баламды ертіп келген едім. Сыртта ұйымдастырылған ойындар балалардың көңілін аулап, алаңдамай, еркін таңдау жасауыма мүмкіндік тудырды,-дейді Ақтау қаласының тұрғыны.
Ойын-сауық бағдарламасы саяси науқан барысында сайлаушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Аниматорлар балақайлармен билеп, түрлі түсті бояулармен бүлдіршіндер бетін әрлейді.
Сондай-ақ Ақтау аумағында сайлау учаскелерінде орнатылған фото-дүңгіршіктер сайлаушылардың қызығушылығын тудырды. Тарихи датада таңдауын жасауға келген азаматтар естелік суретке түсіп, елеулі күнді еске қалардай өткізу мүмкіндігіне ие.
Сондай-ақ әр алуан ойындар мен шығармашылық конкурстар ересектермен еріп келген елгезек балалардың айтулы күнді қуанышпен еске алуына септеседі.
Саяси науқан күні халық мерейін асыратын ойын-сауық бағдарламасы жеке кәсіпкерлердің азаматтық бастамасы екенін атап өткен жөн. Олар халықтың ел ертеңіне деген сенімін нығайтататын референдумның жоғары деңгейде өтуіне ықпал етуге ниетті.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз