Алматы қаласының № 2 балалар клиникалық ауруханасының хирургтары өздерінің науқасы — кішкентай баланың дерті мен оны емдеудің ерекше оқиғасымен бөлісті. Ауырсыну синдромы, улану симптомдары бар екі жасар бала №2 ҚБКУ-на жеткізілді. Бұрын балаға қызылша диагнозы қойылған.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Каптагаевтың айтуынша, ауруды диагностикалау өте қиын болды. Клиникалық көріністердің айқын болмауына және нақты деректердің болмауына байланысты, бұл белгілі бір қиындықтар туғызды.
Одан әрі емдеу тактикасын дәрігерлер консилиумы қарастырды, диагностикалық лапароскопия жасау туралы шешім қабылданды.
«Диагностикалық лапароскопия кезінде іш қуысында үлкен мөлшерде өт табылды. Холецистит. Өт перитониті. Өт жолының перфорациясы шамамен 0,5 см. Бұл перфорацияның пайда болуының нақты себептері белгісіз болды. Көп жағдайда ішкі ағзалардың перфорациясы оларда тастардың немесе паразиттердің болуына байланысты болады. Желшешекпен ауырғанда ішектің перфорациясы болған жағдайлар орын алған, бірақ ол жағдайда ішекте де, сыртқы теріде де бөртпелер болатын. Мұнда іш қуысында бөртпелер болған жоқ. Ешқандай себепсіз туындаған перфорация және өт жолының перфорациясы деген хирург ретінде көп жылдық тәжірибемде бірінші рет болып тұр. Қолда бар медициналық әдеби мәліметтерге сәйкес мұндай ақпаратты ешкім бермеген. Бұл өте сирек кездесетін патология»,- деді хирург.
Өт перитониті — ең ауыр дерттердің бірі екенін айта кету керек. Дерттің типтік клиникалық көрінісі байқалмайды. Осылайша, симптомдар да пайда болмайды. Кез-келген уақытта ауру белсенді түрде дами бастайды және бақылаудан шығып, өлімге әкелуі мүмкін.
Баланың өмірін сақтау қалу үшін тәжірибелі хирургтар ағзаны алып тастау отасын — лапароскопиялық холецистэктомияны жүргізу туралы шешім қабылдады. Өт қабын лапароскопиялық жолмен алып тастады. Бұл дұрыс таңдау, басқа нұсқа болмады. Тесікті (перфорацияны) тігу мүмкін емес, стенозға және басқа асқынуларға әкеледі.
Дәрігер Каптагаев отаның күрделі, техникалық қиындықтармен өткенін атап өтті. Ота үстелінде кішкентай баланың жатқанын ескерсе, ота өрісі де кішкентай болды. Жалпы өт жолы мен қаптық өт жолы арасындағы қашықтық өте аз, әрең байланған. Ота екі сағатқа созылды. Отаны жасаған М. Е. Каптагаев, көмекшісі Е. К. Кадирбаев, анестезиолог М.Ж. Егенбердиев анестезиологиялық жабдықпен қамтамасыз етті.
«Отадан кейінгі кезең бірқалыпты өтті. Барлық симптомдар жойылды. Баланың анасы өте риза болды. Отадан кейін 10-шы күні біздің кішкентай науқас үйіне жіберілді. Гиппократтың мынандай сөздері бар:»мен барлық түйіндерді шештім, тек өлім түйінін шеше алмадым». Біздің жағдайда біз өлім түйінін шеше алдық, баланың өмірін сақтап қалдық және біз өте қуаныштымыз!»,- деді Марат Каптагаев.
Discussion about this post