Жаңа адамдар Астанадағы NAK компаниясына тиесілі заңсыз қоқыс алаңын жоюға қол жеткізді
Бүгін Қазақстан ауқымды құрылыс пен жаңғырудың жаңа кезеңін бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Халықтық құрылыс елді дамытуға және келер ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ортақ іске айналуы тиіс. Алайда шынайы жасампаздық жаңа нысандар салумен шектелмейді. Ол қоршаған ортаны қорғау мен жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
Өткен жылы Астанада қалдықтарды заңсыз төгуге қатысты 207 дерек тіркелген. Жаңа адамдардың AntiTrash Азаматтық науқаны рейд кезінде Dala Jusan тұрғын үй кешенінің маңынан құрылыс қалдықтарының заңсыз төгілген орнын анықтады. Бейнежазбада қалдықтарды жүйелі түрде төгетін жүк көліктері тіркелген. Аталған аумақта NAK (Нұр Астана Құрылыс) компаниясы құрылыс жүргізеді.
Бір жыл бұрын белсенділер осы құрылыс компаниясына тиесілі аумақта көлемі 8,6 гектар болатын қоқыс үйіндісін анықтап, қоқысты жеткізу қызметі арқылы компанияның кеңсесіне қайтарған болатын.
NAK отбасылық жайлылық пен табиғатпен үйлесімділік идеяларын алға тартады. Алайда әдемі жарнамалық көріністің артында таудай қоқыс жатса, жайлы тұрғын үй салудың мәні жоғалады. Осы мәселеге назар аударту мақсатында белсенділер қоқыс алаңының аумағына отбасылық жайлылықтың орнына тұрғындардың терезесінен қоқыс көрінуі мүмкін екенін ескертетін арнайы белгілер орнатты. Оқиға орнына әкімдік пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері келді. Жергілікті тұрғындар осыған дейін заңсыз қоқыс алаңына қатысты бірнеше рет жүгінгенін жеткізді.
Рейдтен кейін белсенділер NAK кеңсесіне барып, компания директорларының бірі Серікжан Ғазизұлымен кездесті. Кездесу ортақ шешіммен аяқталды: аумақты бірге тазарту. Қозғалыс белсенділері мен NAK өкілдері оқиға орнына бірге шығып, аумақты қоқыстан тазартты.
Мақсат Абитай, Жаңа адамдар:
«Аумақтың тазартылуы — азаматтық қоғам ретіндегі жұмысымыздың нақты нәтижесі. Біз мәселені сөзден, нақты әрекетке жеткіздік. Алайда біздің мақсатымыз одан да ауқымды: тазалық жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындамайтын жағдай қалыптастыру. Халықтық құрылыс — баршамызға ортақ іс. Ал Таза Қазақстан әрқайсымыздан басталады».