Өмір үшін 101 күндік күрес: Алматыда дәрігерлер ана мен оның шала туған қызын аман алып қалды

Өмір үшін 101 күндік күрес: Алматыда дәрігерлер ана мен оның шала туған қызын аман алып қалды

Реанимация бөлімінде 75 күн, өкпені жасанды желдету аппаратында 56 тәулік және СИПАП-терапиясында 15 күн. Бұл сандардың артында салмағы небәрі 990 грамм болып туған қыз баланың өмірін сақтап қалу тарихы және Алматы қаласындағы №2 Қалалық перинаталдық орталықтың медициналық командасының орасан зор еңбегі жатыр.

Жүкті әйел өміріне қауіп төндірген ауыр преэклампсиямен шұғыл түрде орталыққа жеткізілді. Ана мен баланың өмірін сақтап қалу мақсатында дәрігерлер дереу кесар тілігі операциясын жасады.

Қыз бала жүктіліктің 31-аптасында, құрсақішілік дамуының айқын тежелуімен дүниеге келді. Туған кездегі салмағы 990 грамм, бойы 31 сантиметр болды.

Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап нәрестеге қарқынды терапия қажет болды. Ол 75 күн бойы жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімшесінде ем қабылдады: оның 56 тәулігі өкпені жасанды желдету аппаратында, ал 15 күні СИПАП-терапиясында өтті.

Нәрестенің кеуде қуысында сұйықтық жиналып, неонаталдық хирургпен бірлесіп қосымша ем жүргізу қажеттілігі туындады. Сонымен қатар қыз балаға бронх-өкпелік дисплазияға байланысты ем жүргізілді.

Дәрігерлер мен мейіргерлер нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін тәулік бойы күресті. Мамандардың жоғары кәсібилігі мен үйлесімді жұмысының арқасында сәбидің жағдайы біртіндеп жақсарды.

Өмірінің 101-күні баланың салмағы 2523 грамға жетті. Енді анасы мен қызы көптен күткен ауруханадан шығуға дайындалуда.

Көзіне жас алған ана орталық басшылығына, дәрігерлерге, мейіргерлерге және барлық медицина қызметкерлеріне олардың өмірін сақтап қалғаны, көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін шынайы алғысын білдірді.

Күрделі жолдың 101 күні, ана мен қызының бірге аман-есен үйлеріне оралуы — медициналық команданың мыңдаған күш-жігері және ең үлкен марапат.