Қазақстанда бауыр обырын ерте анықтау жобасы іске қосылды
AstraZeneca компаниясы General Electric-пен ынтымақтастықта Қазақстанның төрт қаласындағы — Павлодар, Алматы, Астана және Өскемен қалаларындағы медициналық ұйымдарды кіріктірілген LI-RADS хаттамасы бар заманауи ультрадыбыстық аппараттармен жабдықтау жөніндегі ауқымды жобаны іске қосты.
Жаңа жабдықта түрлі-түсті допплеровтік карталау (ТДК) және серпімділік индексін анықтау функциялары бар, бұл УДЗ-диагностиканы стандарттауды қамтамасыз етуге және бауыр обырының негізгі түрі — гепатоцеллюлярлық карциноманы (ГЦК) ең ерте сатыларында анықтау тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бұл қауіпті ауруды кеш анықтау мәселесі денсаулық сақтау жүйесі үшін күрделі сын-қатерлердің бірі болып қала беруде. С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гастроэнтерология кафедрасының меңгерушісі, Бауырды зерттеу жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың төрағасы, м.ғ.д., профессор, гепатолог Александр Витальевич Нерсесов атап өткендей:
«Әлемде гепатоцеллюлярлық карцинома онкологиялық аурулар арасында 5-ші орынды иеленсе, Қазақстанда 9-шы орында тұр. Алайда бұл көрсеткіш жаңылыстырмауы тиіс: статистикадағы бұлшалықты төмен орын аурудың сирек кездесетінін емес, оның ерте сатылардағы анықталу көрсеткішінің сын көтермейтінін білдіреді. Өкінішке қарай, патологияның жасырын өтуіне байланысты пациенттердің басым көпшілігі бізге мамандандырылған терапия мүмкіндіктері шектеулі болып қалатын 3-ші сатыда ғана келеді. Бүгінгі таңда клиницистер үшін басты қағидат — бауыр фиброзы бар әрбір пациентті ГЦК-ның әлеуетті қауіп көзі ретінде бағалау. Мұндай онкологиялық қырағылықты арттыру және күнделікті жұмысқа штаттық бақылауды енгізу — бізге күнделікті тәжірибеде осы уақытқа дейін өте қажет болып келген дүние».
Әдетте, ауру асқынған сатыларында анықталады, бұл кезде пациентке тиімді көмек көрсету қиынға соғады. Мұның салдарынан бес жылдық өмір сүру деңгейі төмен болып, қайтыс болғаннан кейін қойылған диагноздардың үлесі жоғарылайды. Осы үрдісті өзгерту үшін бастама аясында заманауи жабдықтар енгізіліп қана қоймай, ультрадыбыстық диагностиканың 200-ден астам дәрігерін оқыту ұйымдастырылды.
Жобаның тәжірибелік нәтижелеріне түсініктеме бере отырып, «Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ сәулелік диагностика дәрігері Олжабаева Айгүл Қабидолдақызы былай деп атап өтті:
«Тарихи тұрғыдан Қазақстанда бауыр обыры жағдайларының едәуір бөлігі мамандандырылған халықаралық құралдардың күнделікті тәжірибеде қолданылмауы себебінен кеш сатыларда анықталып келді. Сондықтан елдің төрт өңірінде кіріктірілген LI-RADS хаттамасы, ТДК және компрессиялық эластографиясы бар заманауи УДЗ-аппараттарын енгізудің маңызы зор және ультрадыбыстық диагностиканың барлық бейінді мамандары өз тәжірибесінде осы бірыңғай стандартты ұстануы тиіс. Мұның қаншалықты тиімді екенін 2026 жылдың маусымы мен қазаны аралығындағы Алматыдағы пилоттық нәтижелеріміз айқын көрсетеді: тексерілген 100 пациенттің 25-інде біз серпімділік көрсеткіштері 3,5-тен 6,6-ға дейінгі және тіннің тығыздығы жоғарылағанын көрсететін тән көк түсті кодтауды тіркедік. Бұл күдікті өзгерістерді уақтылы байқауға және пациенттерді растаушы диагностикаға жіберуге мүмкіндік берді, онда ГЦК диагнозы сәтті расталды».
Алынған деректер пациенттерді растаушы диагностикаға уақтылы жіберу үшін LI-RADS хаттамасы бойынша кешенді УДЗ-бағалаудың жоғары әлеуетін көрсетеді. Іске қосылған жобаның негізгі мақсаты — диагнозды растауға және мамандандырылған емдеуді бастауға дейінгі уақытты қысқарту, бұл болашақта әлеуетті емдеуге болатын сатыларда анықталған ГЦК жағдайларының үлесін арттыруы тиіс.
Бұл бастаманы іске асыру елдегі онкологиялық скрининг стандарттарын трансформациялауға жасалған маңызды қадамды білдіреді. Озық медициналық технологиялардың, жетекші мамандардың сараптамалық қолдауының және бастапқы буын дәрігерлерінің біліктілігін арттырудың синергиясы эпидемиологиялық көрсеткіштерді жақсартуға, аурудың ауыртпалығын төмендетуге және Қазақстандағы мыңдаған пациенттің өмірін сақтап қалуға берік негіз қалайды.