Қазақстандық PR мамандар бизнес пен қоғам өміріне өзгеріс әкелген жобалар туралы кітапты таныстырды
2026 жылдың 13 қарашасында Алматыда «PR – шешім кiлтi. Қазақстандық үздік PR-кейстер жинағы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Басылымға қазақстандық коммуникация саласы мамандарының тәжірибесінен алынған 19 нақты жоба мен іскерлік бедел аясындағы зерттеулерге арналған жеке тарау енді. Кітаптың авторлары — Қазақстандағы PR мамандарының алғашқы кәсіби қауымдастығы PR-shy клубының 23 сарапшысы.
Кітапта беделге нұқсан келтіретін дағдарыстарды еңсеру, ауқымды ұлттық жобаларды коммуникациялық тұрғыдан сүйемелдеу, әлеуметтік мәселелерді шешу, корпоративтік және ішкі коммуникацияларды дамыту тәжірибелері жинақталған. Қазақстандық PR мамандарының күрделі жағдайларда қандай шешімдер қабылдап, нақты нәтижелерге қалай қол жеткізгені алғаш рет бір кітапта жан-жақты баяндалып отыр. Бұл жобаларда коммуникацияның тиімділігі компаниялардың беделіне ғана емес, бизнес нәтижелеріне, қоғам сеніміне және әлеуметтік маңызы бар бастамалардың жүзеге асуына да тікелей ықпал еткен.
Жинаққа «ҚазМұнайГаз» компаниясының халықтық IPO жобасын коммуникациялық сүйемелдеу, Алматы метрополитеніне қоғам сенімін қалыптастыру, террористік қауіп жағдайында Ауғанстандағы қазақстандық өндірістің мүддесін қорғау, жалған ақпарат пен брендтерге бойкот жариялау науқандарына қарсы әрекет ету, сондай-ақ беделге нұқсан келтірген дағдарыстарды еңсеру тәжірибелері енгізілген.
Әлеуметтік жобаларға да ерекше орын берілген. Кейстердің бірінде қайырымдылық қорының үш жыл ішінде балалар офтальмологиясын дамытуға миллион долларға жуық қаражат тартып, шала туған нәрестелер арасында көру қабілетінің бұзылуына байланысты мүгедектік көрсеткішін нөлге жуық деңгейге дейін төмендетуге қалай ықпал еткені баяндалады. Басқа жобалар әйелдер денсаулығы мен психикалық саулық мәселелеріне қатысты коммуникацияларға, әртүрлі буын өкілдерінен құралған қызметкерлерді ортақ іске жұмылдыруға, білім беру ұйымдарының брендтерін дамытуға және бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін ілгерілетуге арналған.
«Біз PR саласының маңызын нақты жұмыс нәтижелері арқылы көрсететін кітап шығарғымыз келді. Әр автор табысты шешімдерімен ғана емес, жұмыс барысында кездескен қиындықтарымен, таңдаған құралдарымен және алған сабақтарымен де бөліседі. Біз үшін осы тәжірибе жолын сақтап, оны жас мамандарға қолжетімді ету аса маңызды болды. Қазақстандық PR саласының мақтан тұтар жетістіктері көп. Сонымен қатар бір-бірімізден үйренеріміз де аз емес», — деді PR-shy клубының президенті, жинақтың бас редакторы Наталья Еськова.
Кітаптағы барлық кейстер бірыңғай құрылым бойынша берілген: бастапқы жағдай, бизнес пен PR саласындағы міндеттер, мақсатты аудиториялар, стратегия, іске асыру кезеңдері, нәтижелер және тәжірибелік қорытындылар. Авторлар нақты коммуникациялық құралдарды неліктен таңдағанын, қандай шешімдердің тиімді болғанын және жинақталған тәжірибені өзге жобаларда қалай қолдануға болатынын түсіндіреді.
Жаңа басылым «PR-shy клубының кейстері» кітаптар сериясының жалғасы болып отыр. 2019 жылы жарық көрген алғашқы жинақ қазақстандық PR мамандарының тәжірибесін жүйелеуге негіз қалады. Клубтың 25 жылдығына орай шығарылған жаңа кітап бүгінгі қазақстандық PR саласы шешіп отырған міндеттердің ауқымы мен сан алуандығын көрсетеді. Басылым қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Оны Астана мен Алматы қалаларындағы Meloman дүкендер желісінен сатып алуға болады.
«PR-shy клубының 25 жылдық тарихында Қазақстанда мықты кәсіби қауымдастық қалыптасты. Біздің әріптестеріміз ауқымы мен күрделілігі жағынан халықаралық тәжірибемен салыстыруға болатын жобаларды жүзеге асырып келеді. Алайда бұл тәжірибе жүйелі түрде зерттеліп, кәсіби ортада кеңінен талқылана бермейді. Осындай кітаптар қазақстандық PR-дың өзіндік кәсіби мектебін қалыптастыруға, салада жинақталған білім мен тәжірибені сақтап, оны коммуникаторлардың келесі буынына жеткізуге көмектеседі», — деп атап өтті PR-shy клубының тең құрылтайшысы, Қазақстан баспасөз клубы/PG Communications коммуникациялық тобының президенті Әсел Қарауылова.
Кітапты әзірлеуге ірі компаниялар мен банктердің коммуникациялық бөлімшелерінің басшылары, коммуникациялық агенттіктердің, қайырымдылық ұйымдары мен университеттердің сарапшылары қатысты.

Авторлардың кәсіби тәжірибесінің әр алуандығы қазіргі PR саласы атқаратын міндеттердің қаншалықты кеңейгенін көрсетеді. Бүгінде бұл қызмет ел ауқымында қоғамдық пікірді басқарудан бастап, компаниялардың ішкі коммуникациялық мәселелерін шешуге дейінгі бағыттарды қамтиды.
«Кітаппен жұмыс істеу барысында мені ерекше қызықтырғаны — авторлардың оқиғалары мен жұмыс тәсілдерінің бір-біріне мүлде ұқсамайтыны. Біздің міндетіміз олардың барлығын бір баяндау үлгісіне түсіру емес, әр маманның кәсіби қолтаңбасын сақтай отырып, материалды оқырманға түсінікті әрі пайдалы етіп ұсыну болды. Нәтижесінде жобаның бүкіл логикасын — міндет қоюдан бастап нәтижені бағалауға дейінгі үдерісті, соның ішінде мамандардың қабылдаған шешімдерін, күмәндары мен жасаған қорытындыларын көруге мүмкіндік беретін кітап дүниеге келді», — деді жинақтың әдеби редакторы, PR және маркетинг туралы кітаптардың авторы Майя Леонова.
PR-кейстер жинағы студенттерге, қоғаммен байланыс, маркетинг және жарнама саласындағы жас әрі тәжірибелі мамандарға, бизнес басшыларына, HR мамандарына және осы бағыттағы пәндердің оқытушыларына арналған. Кітапты кәсіби даярлықта тәжірибелік оқу құралы ретінде, нақты жағдайларды талдау және жеке коммуникациялық жобаларды әзірлеу барысында пайдалануға болады.
Басылым серіктестерінің бірі — AlmaU университетінің Медиа және кино мектебі. Мектеп тәжірибеге бағдарланған білім беруді дамыту және кәсіби PR қауымдастығымен ынтымақтастықты нығайту аясында кітаптың жарық көруіне қолдау көрсетті.
«Қазақстанда PR индустриясы дамыған жылдар ішінде ауқымды жобаларды жүзеге асыру мен күрделі коммуникациялық міндеттерді шешудің мол тәжірибесі жинақталды. Бұл білімнің жекелеген компаниялардың ішінде ғана қалып қоймай, кәсіби қауымдастық пен болашақ мамандарға қолжетімді болуы маңызды. Сондықтан біз отандық үздік тәжірибелерді біріктірген осы кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеттік», — деді AlmaU Медиа және кино мектебінің деканы Айдана Айтбай.
Кітаптың жарық көруіне «AYALA» қайырымдылық қоры мен Қазақстан баспасөз клубы да қолдау көрсетті.
«PR — шешім кілті. Қазақстандық үздік PR-кейстер жинағы» кітабының тұсаукесеріне Coca-Cola компаниясы, Dan рестобары, Eva Coffee кофеханасы, TanRamen және LTE театры серіктестік қолдау көрсетті.