Қытайдан көлік әкелуге уәде беріп, 128 млн теңге алған: бейресми автоимпорттың қаупі неде?

Қытайдан көлік әкелуге уәде беріп, 128 млн теңге алған: бейресми автоимпорттың қаупі неде?

Астанада кәсіпкер сатып алушыларды алдағаны үшін 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бір жыл ішінде ол Қытайдан автокөлікке тапсырыс беру және жеткізу туралы келісімшарттар жасаған. Алайда тұтынушылардан алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Жұмыс істеп жатқандай көріну үшін ер адам сатып алушыларға банк аударымдары жүргізілгені туралы жалған құжаттар көрсеткен. Нәтижесінде алты адам зардап шегіп, келтірілген шығын көлемі 128 млн теңгеден асты. Сот келтірілген шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арыздарды қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енді.

Бұл жағдай шетелден автокөлік сатып алатын азаматтардың қандай тәуекелдерге тап болуы мүмкін екенін тағы бір көрсетеді. Бұған дейін «Атамекен» ҰКП алаңында көліктерді Қазақстанға әкелу тәртібі туралы талқыланған болатын. Сарапшылар басқа елдерде іздеуде немесе кепілде тұрған көліктер сияқты тарихы проблемалы автомобильдерге де назар аударған. Мұндай жағдайда адам көлігінен де, ақшасынан да айырылып қалуы мүмкін.

Жағдайға қатысты өз пікірін Threads желісіндегі marat_autoimport авторы білдірді. Оның айтуынша, Оңтүстік Кореядан автокөліктерді тікелей жеткізу көлік бағасына 2–4 млн теңге қосуы мүмкін, осыған орай алыпсатарларға бәсекелестік жағдайды тудырады.

Иллюстрация — Қытайдан көлік әкелуге уәде беріп, 128 млн теңге алған: бейресми автоимпорттың қаупі неде?

Автордың айтуынша, көлікті өз бетінше тапсырыс берген кезде сатып алушы оның тарихын, сақтандыру базаларындағы ақпаратты және техникалық жағдайын алдын ала тексеру қажет. Сондай-ақ көлікті сатып алуға, жеткізуге және рәсімдеуге жұмсалатын шығындарды да көру.

Сонымен қатар шетелден автокөлік сатып алған кезде оның шыққан жерін, заңды тарихын және құжаттарын өз бетінше тексеру маңызды. Көлік Қазақстанға әкелу және рәсімдеу бойынша қажетті рәсімдерден өтуі тиіс. Оның ішінде кедендік рәсімдеу, утилизациялық алымды төлеу, электрондық паспорт алу және мемлекеттік тіркеуден өту қажет.

Сатып алушы үшін басты қорытынды: сатушының уәдесімен ғана шектелуге болмайды. Үлкен көлемдегі қаражатты бермес бұрын автокөлікті кім әкелетінін, оның қайда орналасқанын, мәмілені қандай құжаттар растайтынын және оны рәсімдеу қай кезеңде тұрғанын түсініп алған жөн.