AI дәуіріндегі венчурлық нарық соңғы 20 жылдағыданда жылдам өзгерді

AI дәуіріндегі венчурлық нарық соңғы 20 жылдағыданда жылдам өзгерді

28 тамызда Алматыда Astana Hub-тың Google for Startups-пен бірлесіп, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асыратын флагмандық Silkway Accelerator бағдарламасының 7-легінің Demo Day іс-шарасы өтті.

2026 жылы бағдарлама алғаш рет Алматыда Almaty Hub базасында ұйымдастырылды. 12 апта бойы қатысушылар өнімдерін жетілдіріп, бизнес-модельдерін дамытып, сатылымдары мен халықаралық нарықтарға шығу стратегияларын пысықтады. Барлығы бағдарламаға 15 стартап қатысты, олардың 10-ы финалға өтіп, жобаларын инвесторларға, венчурлік қорларға, бизнес-періштелерге және корпоративтік серіктестерге таныстырды. Дегенмен бағдарламаның ең елеулі нәтижелерінің бірі компаниялардың ғана емес, фаундерлердің де трансформациясы болды.

Бағдарламаның орталық бөлімдерінің бірі «AI дәуіріндегі венчурлық нарықтың болашағы» тақырыбындағы пленарлық пікірталас болды. Спикерлер жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы венчурлық нарықты, технологиялық компанияларға қойылатын талаптарды және инвесторлардың стартаптарды бағалау тәсілдерін қалай өзгертіп жатқанын талқылады. Пікірталасқа Astana Hub бас директоры Магжан Мадиев, TMT Investments инвестициялық директоры және Red Team Accelerator Директорлар кеңесінің мүшесі Леван Кавтарадзе, венчурлық инвестор және MA7 Ventures негізін қалаушы Мурат Абдрахманов қатысты. Сессияны Red Team Accelerator негізін қалаушы және Silkway Accelerator жетекші трекері Евгений Фролов жүргізді.

Спикерлердің пікірінше, соңғы бірнеше жылда жасанды интеллекттің дамуы технологиялық нарықты ғана емес, венчурлық инвестициялардың логикасын да өзгертті. AI өнімдері жаңа сегменттерге айтарлықтай жылдам кіріп, кей жағдайда санаулы айдың ішінде бұрыннан бар шешімдердің құндылығына әсер ете алады. Сонымен қатар стартаптар қымбат капитал, жоғары мөлшерлемелер және геосаяси тұрақсыздық жағдайында инвестиция үшін бәсекелесіп жатыр.

Мұндай ортада инвесторға перспективалы технологияны немесе үлкен нарықты көрсету жеткіліксіз. Стартап өз өнімінің AI қарқынды дамып жатқан жағдайда да құндылығын сақтай алатынын, ал компанияның масштабталып, инвесторға шығудың шынайы перспективасын ұсына алатынын дәлелдеуі қажет.

Леван Кавтарадзе қазіргі жағдайды бұған дейінгі технологиялық өзгерістермен салыстырады.

«Мен венчурлық нарықта 20 жылға жуық уақыттан бері белсенді жұмыс істеп келемін және бірнеше жаһандық технологиялық өзгерісті бастан өткердім. Бірақ соңғы 3–4 жылдағыдай нарықтың жасанды интеллект жүйелерінің дамуы нәтижесінде соншалықты жылдам өзгергенін бұрын көрген емеспін. Қазір стартаптардың алдында екі міндет тұр: біріншіден, Anthropic, OpenAI және басқа да AI көшбасшылары әмбебап өнімдерімен бірнеше айдың ішінде тұтас сегменттерді өзгертіп жатқан жағдайдың өзінде өз өнімінің тұрақты болып, өсе алатынын инвестор мен клиенттерге дәлелдеу; екіншіден, жоғары мөлшерлемелер, қымбат капитал және геосаяси тұрақсыздық жағдайында VC ресурстары үшін күресіп, инвесторға табысты exit-тің шынайы перспективасын көрсету».

Мурат Абдрахманов AI-дың пайда болуы бірнеше стартаптың іс жүзінде нарықтан жоғалуына әкелгенін атап өтті. Атап айтқанда, ол өз портфеліндегі презентацияларды жинауға және дайындауға арналған сервисті дамытқан компанияны мысалға келтірді. Оның клиенттерінің қатарында Big Four компаниялары да болған. Әмбебап AI құралдарының дамуына байланысты мұндай мамандандырылған сервиске деген қажеттілік іс жүзінде жойылды.

Сарапшылар фаундердің рөлі де өзгеріп жатқанын атап өтті. Ол енді тек өнімнің авторы ғана емес, технологиялық ортадағы өзгерістердің жылдамдығын үнемі бағалайтын стратег болуы керек. Сонымен қатар стартаптың халықаралық масштабтауға дайындығының маңызы артып келеді. Жергілікті нарықтағы алғашқы traction жеткіліксіз болуы мүмкін: инвестор үшін компанияның нарығын кеңейтіп, бизнес-моделін масштабтау қабілеті барған сайын маңызды факторға айналуда.

Команданың осындай ортаға дайындығын тексерудің бір жолы — Silkway Accelerator бағдарламасының 7-легі. Бағдарлама барысында командалар нақты нәтижелерге қол жеткізді: Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия, Армения, БАӘ, Аустралия және АҚШ-ты қоса алғанда, тоғыз елдің нарығында сатылымдарын іске қосты. Алты команда халықаралық экспансияны бастады немесе жалғастырды, төрт команда өнімін толық қайта құрып, қағидатты түрде ауқымы үлкен нарықтарға шықты. Акселерация барысында қатысушылар жасасқан жаңа келісімшарттар мен мәмілелердің жалпы көлемі $15 млн-нан асты, ал пресейлдер көлемі $30 млн-нан жоғары болды.

Лек нәтижелерінің ішінде сатылымдардың өсуі, жаңа нарықтарға шығу және өнімдердің елеулі трансформациясы ерекше көзге түседі. Компаниялардың операциялық деректерін талдап, жасырын шығындар мен тәуекелдерді анықтауға арналған AURA OS AI-платформасы тағы төрт елден жаңа клиенттер тартты. Халықаралық жүк тасымалы мен кедендік рәсімдеуге арналған TIRGO AI-сервисі GMV көрсеткішін $35 000-нан $70 000-ға дейін екі есеге арттырып, ай сайынғы пайдаланушылар саны 300 жүргізушіден асты. Қонақүйлерге арналған WellcomeVideo жарнамалық платформасы $100 000 көлемінде мәмілелер жасасып, қосылған қонақүйлер мен жарнама берушілер санын ұлғайтты. AMAN AI қауіпсіздік жүйесі оқиғаларды анықтап қана қоймай, ІІМ, ТЖМ және басқа да жауапты органдармен интеграция арқылы оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жоба алғашқы пилоттардан Қазақстан, БАӘ және басқа елдердегі онға жуық университетпен келісімшарттар жасау кезеңіне өтті.

QazTracker жобасы акселерация барысында өнімін толық қайта құрып, қаржы секторындағы лидогенерацияға арналған шешімнен жануарлардың денсаулығы мен қауіпсіздігін бақылауға арналған AgriTech шешіміне көшті. Ол фермерлерге жануарлардың жағдайын бақылауға ғана емес, қаржы институттарына берілген қаржыландырудың тиімділігін қадағалауға да мүмкіндік береді. Жаңа өнім Қазақстанда ғана емес, басқа нарықтарда да қызығушылық тудырып отыр: фаундер Аустралия мен АҚШ фермаларында пилоттарды іске қосу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Акселерация нәтижелері стартаптарға қойылатын талаптардың өзгеріп жатқанын көрсетеді: команда тек технологияны дамытуға емес, нарықтың өзгеруіне тез бейімделуге, халықаралық масштабтауға және бизнес-модельдің тұрақтылығын дәлелдеуге дайын болуы керек.

Евгений Фролов, Silkway Accelerator жетекші трекері, акселератордың міндеті командаға бар өнімін жақсартуға көмектесумен ғана шектелмейтінін атап өтті.

«Silkway Accelerator — бұл өніммен үш ай жұмыс істеу ғана емес. Бұл фаундерге стратегияны қайта ойластыруға, гипотезаларын тәжірибеде тексеруге және бағдарламадан бизнесті қалай құрып, масштабтау керектігін әлдеқайда нақты түсініп шығуға мүмкіндік береді. Бұл легте біз әлі де шикі идеялармен келген командалардың акселерация барысында нақты нәтижеге бағытталған кәсіпкерлерге айналғанын көрдік: олар жаңа нарықтарға шықты, өнімдерін қайта құрды, келісімшарттар жасасты және халықаралық стратегияларын қалыптастырды. Біз үшін Demo Day — бағдарламаның соңы емес, командалардың өсудің келесі кезеңіне өтетін нүкте».

Алматы қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Нұрқанат Сәбитұлы Silkway Accelerator бағдарламасының Алматыда алғаш рет өткізілуі қаланың технологиялық кәсіпкерлік пен инновациялық компаниялардың өсуі үшін әлеуетін көрсеткенін атап өтті.

«Алматыда Silkway Accelerator бағдарламасының алғаш рет өткізілуі қаланың технологиялық компаниялар, инвесторлар және халықаралық сарапшылар үшін маңызды орталыққа айнала алатынын көрсетті. Мұндай бағдарламалар кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға көмектесіп қана қоймай, Алматының өңірдегі технологиялық орталық ретіндегі позициясын нығайтады».

Осы тұрғыдан алғанда, AI дәуіріндегі акселерацияның мақсаты — стартапқа дайын жауап беру емес, фаундерге тез өзгеретін ортада дұрыс сұрақтар қойып, шешімдерді жылдам қайта қарау қабілетін қалыптастыру. Венчурлық нарықтың жаңа шындығында бұл қабілет технологияның өзімен қатар компания құнының маңызды бөлігіне айналып келеді.