Жалдау ақысын бөлісу: көрші мен бірге тұрсаңыз, қанша үнемдеуге болады?

Жалдау ақысын бөлісу: көрші мен бірге тұрсаңыз, қанша үнемдеуге болады?

Осыдан біраз уақыт бұрын пәтерді бірлесіп жалдау көбіне студенттер мен уақытша баспана іздегендерге тән құбылыс ретінде қабылданатын.

Ал бүгінде пәтер ақысын бөліп төлеу ересектер үшін де үнемдеудің тиімді тәсіліне айналып келеді. Қазақстандықтар баспана ақысын жалғыз төлемеу үшін достарымен, әріптестерімен, таныстарымен, тіпті бұрын танымайтын адамдармен бірігіп пәтер жалдайды.

Баспана жалдау әлі де едәуір шығынды талап етеді. Мәселен, OLX.kz деректері бойынша Алматыда бір бөлмелі пәтерді айына орта есеппен шамамен 200 мың теңгеге, ал екі бөлмелі пәтерді 300 мың теңгеге жалдауға болады. Бір адам үшін бұл бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді. Сондықтан пәтерді бірлесіп жалдау шығынды бөлісіп, баспананы қолжетімді етудің бір жолына айналып отыр.

OLX.kz платформасында қазір бірге тұруға адам іздеуге қатысты мыңға жуық хабарландыру бар. Онда пайдаланушылар пәтерге бірге тұратын адам іздейді немесе жалға алып қойған пәтердегі бос бөлме мен орынды ұсынады.

Көрші – жалдау шығынын екі есе азайтудың бір жолы

Бірлесіп жалдаудың ең түсінікті форматы – пәтерді екі адам болып жалдау. Екі адам екі бөлмелі пәтер жалдап, әрқайсысы жеке бөлмеде тұрады, ал асүйді, жуынатын бөлмені және басқа да ортақ кеңістіктерді бірге пайдаланады.

Айырмашылық әсіресе жалдау ақысы негізгі шығындардың бірі саналатын Алматыда анық байқалады.

Иллюстрация — Жалдау ақысын бөлісу: көрші мен бірге тұрсаңыз, қанша үнемдеуге болады?

Мысалы, Алмалы ауданында екі бөлмелі пәтерді жалдаудың орташа құны айына шамамен 300 мың теңге. Оны екі адам жалдаса, әрқайсысы шамамен 150 мың теңгеден төлейді. Наурызбай және Жетісу аудандарында екі бөлмелі пәтердің орташа жалдау ақысы шамамен 250 мың теңге, яғни бір адамға 125 мың теңгеден келеді.

Сонымен қатар пәтерді бірлесіп жалдау қымбатырақ аудандарда тұру мүмкіндігін де қарастыруға жол ашады. Бостандық және Медеу аудандарында екі бөлмелі пәтердің орташа жалдау ақысы шамамен 400 мың теңгеге жетеді. Екі адам бірге тұрса, әрқайсысына шамамен 200 мың теңгеден түседі.

Астанада да екі бөлмелі пәтердің бағасы ауданға қарай айтарлықтай өзгереді. Алматы ауданында орташа жалдау ақысы айына шамамен 206 мың теңге, Сарыарқа ауданында – 211 мың, Байқоңыр ауданында – 232 мың теңге. Нұра және Есіл аудандарында баға шамамен 242-250 мың теңге аралығында.

Иллюстрация — Жалдау ақысын бөлісу: көрші мен бірге тұрсаңыз, қанша үнемдеуге болады?

Екі адам болып жалдағанда әрқайсысына шамамен 103-125 мың теңгеден келеді.

Осылайша пәтерді бірлесіп жалдау баспана құнын бағалау тәсілін де өзгертеді. Бір адам үшін 250 мың теңгелік пәтер қымбат көрінуі мүмкін, ал төлемді екіге бөлгенде әрқайсысына 125 мың теңгеден ғана түседі.

Үш адам тұрса – шығын одан да аз

Пәтер кең болса, оны екі емес, үш адам болып жалдауға болады. Мұндай нұсқа әсіресе үш бөлмелі пәтерлерге қолайлы: әр тұрғынның жеке бөлмесі болады, ал асүй, жуынатын бөлме және басқа кеңістіктер ортақ пайдаланылады.

Алматыда үш бөлмелі пәтердің орташа жалдау ақысы ауданға байланысты шамамен 300 мың теңгеден басталады. Әуезов ауданында ол шамамен 450 мың теңге, Бостандық ауданында – 650 мың теңге, ал Медеу ауданында 740 мың теңгеге дейін жетеді.

Бір қарағанда, мұндай қаражат қолжетімді көрінбеуі мүмкін. Алайда пәтерді бірлесіп жалдағанда жағдай өзгереді. Үш адам 300 мың теңгелік пәтерде тұрса, әрқайсысы шамамен 100 мың теңгеден төлейді. Тіпті 450 мың теңгелік пәтердің өзі үшке бөлінгенде бір адамға 150 мың теңгеден келеді.

Астанада үш бөлмелі пәтерлердің орташа жалдау ақысы Алматы ауданындағы шамамен 221 мың теңгеден Нұра ауданындағы 390 мың теңгеге дейін өзгереді. Есіл ауданында орташа баға шамамен 351 мың теңгені құрайды. Үш адамға бөлгенде әрқайсысына шамамен 74-130 мың теңгеден түседі.

Яғни кей жағдайда үлкен пәтер шағын пәтерден де тиімді болуы мүмкін – егер жалдау ақысы бірнеше адамға бөлінсе.

Бірге тұру: пәтерді толығымен жалдаудың қажеті жоқ

Одан да қолжетімді тағы бір нұсқа – бұрыннан жалға алынған пәтерге бірге тұруға кіру. Бұл жағдайда адамға пәтерді өзі іздеп, ай сайынғы жалдау ақысын толық төлеудің қажеті жоқ. Ол бос бөлмеге немесе орынға адам іздеп отырған тұрғындарға қосылады.

Жаңа тұрғын үшін мұндай тәсіл бастапқы шығынды азайтады: пәтердің толық ақысын бірден төлеудің, бірнеше көрші іздеудің және жалдау мәселесін өз бетінше ұйымдастырудың қажеті болмайды. Ал пәтерде тұрып жатқан адамдар үшін жаңа көрші жалдау ақысы мен коммуналдық шығындарды бөлісуге мүмкіндік береді.

OLX.kz платформасында мұндай ұсыныстар жеке хабарландырулар түрінде жарияланады: пайдаланушылар екі және үш бөлмелі пәтерлерге бірге тұратын адам іздейді, бос бөлме немесе орын ұсынады. Мәселен, Астана бойынша қазіргі хабарландыруларда бірге тұруға арналған ұсыныстар шарттары мен орналасқан жеріне қарай шамамен 30-50 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеден де жоғары болуы мүмкін.

Бірлесіп тұрудың айқын бір кемшілігі бар: басқа адамның тұрмыс салтымен санасуға тура келеді. Әркімнің күн тәртібі, тазалыққа көзқарасы және жеке кеңістік туралы түсінігі әртүрлі.

Сондықтан бірге тұруды бастамас бұрын тұрмыстық ережелерді келісіп алған жөн. Пәтерді кім жинайды, коммуналдық қызметтер қалай төленеді, қонақ шақыруға бола ма, азық-түлік қалай бөлінеді және тұрғындардың бірі ертерек көшіп кететін болса не істеу керек – осының бәрін алдын ала талқылаған дұрыс.

Тағы бір маңызды мәселе – қаржылық жауапкершілік. Егер жалдау шарты бір адамның атына рәсімделіп, қалғандары ақшаны соған аударып отырса, барлық келісімді алдын ала нақтылап, бекітіп қойған жөн. Бірлесіп жалдау тек үнем тұрақты дауға айналмаған жағдайда ғана тиімді.

Мұндай форматқа қызығушылықтың артуы жалға алушылардың баспана мәселесіне ұтымды қарай бастағанын көрсетеді. Енді «пәтер қанша тұрады?» деген сұрақпен қатар «осы пәтердегі өз орным үшін қанша төлеймін?» деген сауал да маңызды бола бастады.

Сондықтан бірлесіп жалдау жеке баспанаға қаражаты жетпейтін адамдар үшін ғана амалсыз таңдалатын нұсқа болудан қалып келеді. Көпшілік үшін бұл – пәтердің қолайлы аумағы мен орналасқан жерінен бас тартпай-ақ шығынды саналы түрде азайтудың тәсілі. Жалдау ақысы ай сайынғы бюджеттің қомақты бөлігін алатын жағдайда көрші тек қабырғаның ар жағында тұратын адам емес, шығынды азайтудың тиімді жолына айналуы мүмкін.