Қазақмыс ЖМЗ-ның газ тазарту жүйесін соңғы онжылдықтардағы ең ауқымды жаңғырту жұмысын бастайды
18 тамызда Жезқазғанда Қазақмыс пен China National Chemical Engineering Company (CNCEC) тобына кіретін компаниялар консорциумы Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехын салу жобасын іске асыру туралы шартқа қол қойды.
Қол қою рәсіміне «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен және CNCEC Директорлар кеңесінің төрағасы Бао Гуандун қатысты. EPC-келісімшарттың құны 213,76 млн АҚШ долларын құрайды. Жобаны іске асыру кәсіпорынды экологиялық және технологиялық жаңғыртудың негізгі кезеңдерінің бірі болады.
Жобаны іске асыруға жобалау және күкірт қышқылы өндірісін салу саласында халықаралық тәжірибесі бар, оның ішінде Қазақстанда осындай жобаларды іске асырған China National Chemical Engineering Company (CNCEC) компаниялар тобы бас мердігер болып таңдалды.
Жаңа цехтың құрылысы Жезқазған мыс балқыту зауытын ауқымды жаңғырту және заманауи экологиялық стандарттарға көшу қажеттілігіне байланысты қолға алынды. Металлургиялық газдарды кәдеге жаратуға арналған қолданыстағы инфрақұрылым 1970-жылдары пайдалануға берілген және бүгінде технологиялық тұрғыдан түбегейлі жаңартуды талап етеді.
Жоба жаңа күкірт қышқылы өндірісін салумен қатар технологиялық газдарды ұстау және тазарту жүйесін жаңғыртуды көздейді. Атап айтқанда, конвертерлерге арналған арнайы жабындар, заманауи салқындату мұнаралары, электр сүзгілері және басқа да газ тазарту жабдықтары орнатылады. Жаңа жүйе технологиялық үдерісті автоматтандыру және бақылаудың заманауи құралдарымен жабдықталады.
Жоба іске асырылғаннан кейін технологиялық газдарды ұстау деңгейі 99%-ға жетеді. Ал тазартылған газдағы күкірт диоксидінің қалдық мөлшері ең озық қолжетімді технологиялар жөніндегі халықаралық BREF анықтамалықтарының талабына сәйкес болуы тиіс. Жобаны іске асыру SO₂ шығарындыларын және кәсіпорынның Жезқазған қаласына түсіретін экологиялық жүктемесін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Жаңа цехтың жобалық қуаты жылына 350 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге жетеді. Жүйе сағатына 300 мың қалыпты текше метрге дейін технологиялық газды өңдей алады. Нысанды 2028 жылы алдын ала пайдалануға беру жоспарланған.
«Жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы – ең алдымен, Жезқазғанның экологиялық қауіпсіздігі мен кәсіпорынның ұзақ мерзімді тұрақтылығына салынған инвестиция. Біз өндірісті алдағы ондаған жылдарға арналған жоспармен жаңғыртып жатырмыз. Біз үшін заманауи нысан салумен қатар белгіленген экологиялық көрсеткішке қол жеткізу, жұмыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету және жобаны іске асыру мерзімін сақтау аса маңызды», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.
Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін жоба белсенді іске асыру кезеңіне өтеді. 2026 жылдың соңына дейін өндірістік алаңда ауқымды жұмылдыру және дайындық жұмысын бастау көзделген. Құрылыс-монтаждау жұмысы шамамен 29 айға созылады.
Жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы Жезқазған мыс балқыту зауытын ұзақ мерзімді жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Жобаны іске асыру газ тазарту жүйесінің сенімділігін арттыруға, өндірісті заманауи экологиялық талапқа сәйкестендіруге және елдегі маңызды металлургиялық кәсіпорынның тұрақты жұмысына берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.