Моананың дауысы: фильмдегі басты кейіпкердің вокалдық партияларын қазақстандық әнші Санат Асуат орындады
Қазақстанда Disney студиясының «Моана» фильмінің кинонұсқасы прокатқа шығады. Фильмнің әлемдік орыстілді нұсқасындағы басты кейіпкердің әндерін 21 жастағы қазақстандық әнші Санат Асуат шырқайды.
Жас вокалист үшін бұл жай ғана кезекті кәсіби жоба емес, миллиондаған көрерменнің сүйікті мультфильмдерін бірнеше рет қайталап қараудан басталған балалық шақтағы арманының орындалуы. Бұл жайында Санат Асуат ойымен бөлісті.
«Мені осы жобаға шақырып, осындай ерекше рөлді сеніп тапсырғаны үшін шынайы алғысымды айтамын. Бұл, шынымен де, үлкен мәртебе және шығармашылық өмірімдегі маңызды кезең. Себебі бала кезімнен Disney мультфильмдерін қатты жақсы көргендіктен, әрине, кез келген вокалды әнші ретінде бір күні кинодағы кейіпкерге өз дауысымды сыйласам деген арманым болды.
Дыбыстаудағы алғашқы тәжірибемнің дәл Моана болуына ерекше қуаныштымын. Бұл мен үшін символдық мәнге ие әрі өте құнды. Өйткені бұл кейіпкер маған шынымен жақын. Моана – батыл, қайсар, еркіндікті сүйетін, әрдайым өз жолымен, арманы мен мақсаттарына қарай жүруге дайын қыз. Бұл қайсар қазақ қызының тарихи бейнесіне ұқсайды. Осындай қасиеттері жағынан екеуміз өте ұқсаспыз. Сонымен қатар фильмдегі ата-бабалармен және өз тегіңмен байланыс тақырыбы да маған жақын. Мен бұл байланысты өте терең сезінемін және ол мен үшін үлкен маңызға ие. Жалпы айтқанда, ең кереметі – балалық армандардың шындыққа айналатынын түсіну. Ең бастысы, оларға деген сенімді жоғалтпай, арманға қарай қадам басу керек», – деді Санат Асуат.
Айта кетейік, Санат Асуат – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі (2026 жыл). Ол Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиеваның вокал сыныбында білім алған.
2025 жылы Санат «Әзірбайжан дауысы – 2025» жобасында Қазақстанның атынан қатысқан жалғыз өнерпаз әрі финалист атанды. Осы байқау барысында ол «Аптаның үздігі» саналатын әлемдік «Голос» франшизасының шолулары мен рейтингтеріндегі ең көп талқыланған вокалистердің біріне айналды (Санаттың 6 өнерінің 4-еуі продюсерлерден өте жоғары баға алды).
Қазіргі таңда әнші Қазақстанның түкпір-түкпірінде өтетін концерттер мен қайырымдылық жобаларына белсенді қатысып жүр. Алдағы уақытта авторлық альбом әзірлеп, магистратураға түсуді жоспарлап жүр.