Құрылыс маусымы басталды: Қазақстанда құрылыс материалдары мен қызметтердің бағасы қалай өзгерді
Жаз мезгілінің басталуымен Қазақстанда дәстүрлі түрде жөндеу жұмыстары басталып, құрылыс қыза түседі. Маусым айында көптеген отбасы пәтерлері мен үйлерін жаңартуға кіріседі: біреулер косметикалық жөндеумен шектелсе, енді біреулер инженерлік желілерді ауыстырып, қайта жоспарлауды қамтитын күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алады.
Сұраныстың артуымен бірге шығындар да көбейеді. Құрылыс материалдарының бағасы ай сайын дерлік өзгеріп отырады, ал маусым қызған кезде бос мамандарды табу барған сайын қиындай түседі. OLX Қазақстанның талдау тобы жүргізген зерттеу нәтижелері 2026 жылы қазақстандықтарға жөндеу жұмыстарының бюджетін алдын ала жоспарлап, бағаның ықтимал өзгерістерін ескерген жөн екенін көрсетеді.
Жөндеуге арналған негізгі материалдар жиынтығы қанша тұрады?
Тіпті косметикалық жөндеудің өзі едәуір қаржыны талап етеді. Шығындардың негізгі бөлігі құрылыс материалдарын, құрал-саймандарды және шығыс материалдарын сатып алуға жұмсалады.
2026 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша кірпіштің орташа бағасы 4 200 теңгені құрап, наурыз айымен салыстырғанда 14,3%-ға төмендеді. Ал құрылыс блоктарының бағасы керісінше 5,7%-ға өсіп, орташа есеппен 22 700 теңгеге жетті.
Ағаш материалдары сегментінде бағаның айтарлықтай өскені байқалады. Бір ай ішінде бөрененің орташа бағасы 18,6%-ға артып, 48 200 теңгені құрады. Ал тақтай бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ – сәуір айындағы орташа құны 35 800 теңге болды.
Әрлеу жұмыстары мен жиһаз өндірісінде кеңінен қолданылатын ағаш тақталар санатында да баға өсімі сақталуда. Сәуір айында олардың орташа бағасы 8 800 теңгеге жетіп, наурыз айымен салыстырғанда 4,1%-ға жоғарылады.
Шатыр жабындары да ерекше назар аудартады. Металл жабынқыштың бағасы бір айда бірден 18%-ға өсіп, 4 600 теңгеге жетті. Ал профильді қаңылтыр, керісінше, арзандап, орташа бағасы 19%-ға төмендеп, 19 100 теңгені құрады.
Сарапшылардың айтуынша, құрылыс маусымы басталғанда сұранысы дәстүрлі түрде артатын материалдардың бағасы көбірек өседі. Бұған ағаш материалдары, шатыр жабындары және қара жұмыстарына арналған материалдар жатады.
Құрал-саймандарды сатып алу қанша тұрады?
Негізгі материалдардан бөлек, құрал-саймандарды сатып алу немесе жаңарту да қосымша шығынды талап етеді.
Сәуір айында электр құралдарының орташа бағасы 26 300 теңгені құрап, наурызбен салыстырғанда 8,2%-ға төмендеді. Өлшеу құралдарының бағасы іс жүзінде өзгерген жоқ және орта есеппен 30 400 теңгені құрады.

Ал шынжырлы аралардың бағасы, керісінше, 4%-ға өсіп, 43 200 теңгеге жетті. Дәнекерлеу жабдықтарының бағасы тұрақты қалып, шамамен 114 900 теңгені құрады.
Ірі жөндеу және құрылыс жұмыстары үшін қосымша техника қажет болуы мүмкін. Мәселен, генераторлардың орташа бағасы 905 мың теңгеден асады.
Сондықтан көптеген тұрғын үй иелері үшін мұндай техниканы жалға алу әлдеқайда тиімді шешімге айналуда.
Сонымен қатар қазақстандықтар жөндеу шығындарын азайту үшін құрал-аймандарды жалға алу мүмкіндігін жиі қарастырып жүр. Бұл әсіресе бірнеше күнге ғана қажет болатын генераторлар, дәнекерлеу аппараттары, шынжырлы аралар немесе кәсіби электр құралдары үшін өзекті. Қымбат жабдықты сатып алудың орнына оны жалға алу жөндеу сапасына әсер етпей-ақ бюджетті айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.
Маусым басында қандай қызметтерге сұраныс жоғары?
Жөндеу маусымы басталғанда құрылыс материалдарына ғана емес, түрлі мамандардың қызметіне деген сұраныс та артады.
Ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында кешенді құрылыс жұмыстары, сырлау жұмыстары, ағаш ұстасының қызметтері және геодезистердің қызметтері бар.
2026 жылғы маусымдағы мәлімет бойынша құрылыс жұмыстарының орташа құны бір шаршы метр үшін 25-35 мың теңгені құрайды. Бұл сомаға, әдетте, құрылыс материалдарының құнын есептемегендегі негізгі қара және әрлеу жұмыстары кіреді.
Сырлау жұмыстарының орташа бағасы әрлеу түріне қарай бір шаршы метрге 1 500-3 000 теңге аралығында. Бұл қызметтерге қабырғалар мен төбені сылақпен тегістеу, сырлау және тұсқағаз жапсыру жұмыстары кіреді.
Ағаш ұстасының қызметі орта есеппен бір жұмыс үшін 8-20 мың теңге тұрады. Ал жеке тапсырыс бойынша бұйымдарды дайындау және орнату құны бөлек есептеледі. Баға жобаның күрделілігіне және пайдаланылатын материалдарға байланысты өзгереді.
Геодезист қызметінің орташа құны учаскеге барып, негізгі өлшеу жұмыстарын жүргізу үшін 30-80 мың теңге аралығында. Соңғы баға жер телімінің көлеміне және орындалатын жұмыстардың ауқымына байланысты қалыптасады.
Дәстүрлі түрде сантехниктердің, электр мамандарының, плитка төсеушілердің және ішкі әрлеу шеберлерінің қызметіне де сұраныс жоғары болады. Маусым қызған кезде мамандарды күту мерзімі ұзарып кетуі мүмкін. Сондықтан сарапшылар шеберлерге алдын ала тапсырыс беруге кеңес береді.
2026 жылы жөндеу жұмыстарының бюджетін қалай жоспарлаған дұрыс?
Жөндеуді жоспарлау кезінде жіберілетін ең үлкен қателік – тек құрылыс материалдарының құнына ғана назар аудару. Іс жүзінде шығынның елеулі бөлігін жеткізу қызметі, бұзу жұмыстары, шеберлердің еңбекақысы және күтпеген қосымша шығындар құрайды.
Мамандар бастапқы сметадан бөлек қосымша 15-20% көлемінде қаржы резервін қарастыруды ұсынады. Бұл баға өсіп кеткен немесе қосымша жұмыстар қажет болған жағдайда қаржылық қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Ең тиімді тәсіл – жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жоспарлау. Ол үшін қажетті материалдардың тізімін алдын ала жасап, әртүрлі сатушылардың ұсыныстарын салыстырып, мердігерлермен қызмет құнын келісіп, жұмыстардың орындалу мерзімін нақтылап алған жөн.
Жаздың басы жөндеу жұмыстарын бастауға ең қолайлы кезеңдердің бірі саналады. Алайда дәл осы уақытта кейбір құрылыс материалдарының бағасы ең жылдам өседі.
Сондықтан алдағы айларда тұрғын үйін жаңартуды жоспарлағандар бюджетін алдын ала есептеп, маусымдық сұраныс шарықтамай тұрып қажетті материалдарды сатып алғаны дұрыс.