“Жезтырнақ” фильмін көрген белгілі актер Болат Әбділманов @bolat.abdilmanov картинадағы әйелдердің үстемдігіне наразылығын білдірді.
Қазақстандық әйелдер қауымы оның пікірімен келіспейтіндерін айтады. Актердің айтуынша, ежелден бері қазақ жерінде әйелдер отбасын ешқашан билеп-төстемеген. Бұл үрдіс мемлекеттіліктің жойылуына әкеп соғуы мүмкін.
“Отбасындағы әйелдің басшы болуы – ол ертең мемлекетті де әйел басқарады деген нәрсеге әкеліп тұр. Мен жақын арада кинотеатрдан «Жезтырнақ» деген кино көрдім. Бұл кинода әйелдер барлығын қырып салады. Еркектер бір жүрген сорлы. Еркек емес – телпек, жігіт емес – мігіт. Әйелдердің айтқанынан шыға алмайды. Әйелдер барлық өзінің физикалық күшін көрсетіп, сол жерде жеңімпаз болады. Әйелдің қаруы ол – жүрегінің жұмсақтығы, мейірімділігі, нәзіктігі, сабырлығы мен ақылдығында емес пе? Ал енді қазір еркек пен әйелдің орны ауысып бара жатқан сияқты. Енді киноға келгенде, кино деген бір көркем дүние ғой. Ол бір мемлекетшілікке, елдікке, патриоттық сезімді оятып, елін-жерін қорғайтын рухты азаматтарды тәрбиелейтін орын деп ойлаймын. Ал бұл жерде де сол әйел белең алып, үстемдік құрып жүр. Жалпы, әйел ежелден, ата-бабамыздан келе жатқандай отанасы, үйдің шамшырағы. Жары келгенде, тағамын дайындап, үйін таза ұстап, жылы қабақпен күлімдеп, күйеуін қарсы алуы. Ертең ол үлкен бір биіктерді бағындырар кезде, соған бір демеу беру, соған бір жаңағы мотивация беруі былайша айтқанда. Жалпы, еркек өмірдегі ерлігінің бәрін тек әйел затына дәлелдеу үшін жасайды ғой. Сондықтан, әйел өз орнында болса, ер-азамат өз орнында болса, біздің қоғам да, мемлекетіміз де ілгері дамиды деп ойлаймын”. Актер өз Instagram парақшасында ойын осылай білдірді.
Болат Әбділмановтың оқырмандары мен Фариза Ескермес және Айтым Амангелді актердің ойымен келіспейтіндерін жеткізді.
“Аға, сонда сіз әйелдердің орны ердің көлеңкесінде демексіз бе? Тарихта қазақ әйелдердің бәрі үйде отағасын күтіп, сол еркекке мотивация беріп қана отқан десеңіз, тарихты дұрыс білмейсіз-ау, сірә… Біздің орнымыз қайда екенін көрсетіп, бізді үйретуді доғарыңыздаршы өтініш! Ал Жезтырнақ фильміне келетін болсақ, ол КИНО. Кино деген енер. Өнер бір типті болмайды, өнерде де әлеуметтік мәселелерді тыққылағанды қояйықшы өтініш! Неге сіздер қазақ әйелдеріне тиісе бересіздер? Неге әйел қауымын тәрбиелеумен айналыса бересіздер? Неге бізді сонша үйде отырғызып қоюға құмарсыздар? МЕН, еркекке мотицавиця беріп, оның жағдайын жасау үшін ғана туылған жоқпын! Ондай болған жаман емес, жақсы, аналарымыздың көбі әкелеріміздің, бала-шағасының қамын ойлап үйде отырды. Бірақ бұл заман мен ол заманды салыстырмайықшы. 21-ғасырдың әйелінде арман көп, максат көп. Ол арманға жеткізетін, Құдайға шүкір күш-қуатымыз бар, мүмкіндік бар. Онда неге үйде отырғызуға әлексіздер ? Сіздер бізді үйде қамаған сайын, біз көкке ұшамыз. Жетер, қазақ әйеліне приказ беріп сейлеуді, не істеп, не істемеу керек екенін уйретудің қажеті жоқ. Біз тұлғамыз. Өзіміздің басымыз бар, ойланып шешім қабылдайтын.”, — деп жазды өз стористерінде Фариза Ескермес.
Сонымен қатар, актердің постына байланысты пікірін білдірген оқырмандар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ерліктерін еске алды:
“Ұлы Отан соғысы кезіндегі Мәншүктің жанқиярлық ерлігі ар-намыстың, батылдықтың дәлелі. Жасы небәрі 20-ға толған қыз дұшпанына тіке қарап, пулеметті қолына алып, шайқасқан. 1943 жылдың 15-қазанында Невель түбінде ерлікпен көз жұмды”, — деп жазды оқырман қыздар.
“Қазақстанда ұлы әйелдер, батыр қыздар – Абылай сұлтанның қызы Айтолқын, Қарасай батырдың қызы Есенбике, Бұланбай батырдың қызы Айбике жоңғарларға қарсы шайқастарға қатысқан. Қабанбай батырдың жары Гаухар барлаушылар тобын басқарған. Күйеуімен бірге сол заманның барлық ірі ұрыстарына қатысқан. Ондаған жылдан соң шайқасқа қыздары Назым да аттанды”, — деп жазады оқырмандар.
Алайда, актердің ойын қолдаған да адамдар болды. Фильм және әйелдер жайлы айтылған бұл бейне 68,5 мың қаралым, 100-ден астам комментарий жинап үлгерді. 300-ге жуық жіберілім тіркелген.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз