Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Маңғыстау облысына арнайы іс-сапармен келді. Біз АЭС туралы көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды Ядролық физика институтының бас директорына қойдық.
— Адамзат осы күнге дейін электр энергиясының ең арзан түрін іздеп келді. Қазір, бірінші кезекте экологиялық таза қуат көзі қажет. Әрі Қазақстанда электр тапшылығының өсімі бар, соған сай энергетика қолданысы да кемі жылына 3%-ға өседі. Шалғайдағы ауылдардың бәріне атом электр станциясын салу қажет. Күн энергиясы мен жел энергиясын қолдануға қарсы емеспін. Дегенмен, үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ететін АЭС те қажет, — дейді Саябек Сахиев.
Ол бұл жөнінде Қазақстанның әлеуеті зор деп санайды.
— Өйткені, ядролық физика институтының базасында 1967 жылдан бері су-сулы екі контурлы атом станциясы жұмыс істеп келеді. Ал МАГАТЭ-нің талабы бойынша, атом электр станциясына да, зерттеу реакторына да қойылатын талап бірдей. Алматы түбінде 57 жылдан атом электр станциясы жұмыс істеп келеді, қуаты 6 Мегаватт бар деп есептей беруге болады. Онда ғалымдар да, инженерлер де, қызметкерлер де бар. Сондықтан, кадр жоқ деу — қауесет. Қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, су-су екі контурлы атом электр станциясының алғашқысы 1957 жылы АҚШ-та салынған. Қазір 415 реактордың 200-ден астамы су-сулы екі контурлы атом электр станциясы. Осылардың бәрі 67 жылдың ішінде штаттық режимде әлі жұмыс істеп келе жатыр. Авария тұрмақ, оқыс оқиға болған емес. Демек, бұл әлемдегі теңдессіз атом электр станциясының түрі. 6 қазанда өтетін референдумда бұл жобаны халық қолдаса, дәл осы теңдессіз қауіпсіздікті қамтамасыз ететін АЭС салынатын болады. АЭС — ең таза электр энергиясы болып есептеледі, — дейді Саябек Сахиев.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз