Шахмардан Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінде ғалымдар, оқытушылар, докторанттар мен магистранттар Қазақстанда атом энергетикасын дамыту және АЭС салу перспективаларын талқылаған дөңгелек үстел өтті. Талқылау барысында қатысушылар атом энергетикасының энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және тұрақты, экологиялық таза электр энергиясын өндіруде маңызды элемент ретіндегі рөлін атап өтті.
Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орынды иеленеді және қазіргі уақытта күн және су энергиясы сияқты табиғи ресурстарды белсенді пайдаланып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Біз атом энергетикасын қайта жандандыру қажеттілігіне келіп жеттік, – деді модератор, Есенов Университетінің ғылым және даму жөніндегі вице-президенті Асқар Сейдалиев.
Есенов Университетінің «Құрғақ аумақтарды тұрақты дамыту ғылыми-зерттеу институтының» жетекшісі Евгений Муралев АЭС – Қазақстанның болашағы атты презентациясында АЭС салудың қажеттілігі мен оның елдің ғылыми-техникалық дамуына әкелетін оң өзгерістері жайлы көзқарасымен бөлісті. Атом электр станциялары үшін отын өндіруде әлемдік көшбасшылыққа ие ғылыми зерттеулердегі бар әлеуетімізді пайдалана отырып, ел аумағында тұрақты және сенімді атом станцияларын салу мен пайдалану кезеңіне өту қисынды қадам екенін атап өтті.
«Энергетика және автоматтандыру» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жанат Ожикенова атом станцияларының қауіпсіз және тиімді жұмыс істеуі үшін жоғары білікті мамандарды дайындауды қазірден бастап қолға алу қажеттігін көтерді. Бұл мамандардың техникалық дайындығы мықты болуы керек және атом энергетикасы саласында жұмыс тәжірибесіне ие болуы қажет. Сондықтан Маңғыстау энергетикалық комбинатының мамандарының тәжірибесі мен білімін пайдалана отырып, Есенов Университеті бұл бағытқа елеулі үлес қоса алады.
Реакторлық қондырғының жетекші инженері Константин Середнюк жылдам нейтрондардағы БН-350 реакторын пайдалану бойынша өз тәжірибесімен және 2000 жылдардың басында Ақтаудағы орта қуатты ВБЭР-300 реакторының жаңашыл дизайнын құру мен салуда жіберілген мүмкіндіктер жайында бөлісті, сонымен қатар атом электр станцияларын пайдалану және оларды шығару кезіндегі радиациялық және ядролық қауіпсіздік мәселелерін атап өтті.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз