«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қамтамасыз етумен айналысады, деп хабарлайды Qazaqpress ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мәселен, ведомство жұмыссыз адам жұмыс іздеп жүрген кезде қолдау көрсету үшін айсайын жәрдемақы төлеп отырады. Дегенмен, жәрдемақы сомасы әр адамға әртүрлі тағайындалады. Жұмыссыз қалған ел азаматтарыы мемлекеттен орташа есеппен қанша жәрдемақы ала алатынын Kazinform агенттігі тілшінің материалынан оқыңыздар.
Қор келесі санаттар бойынша жәрдемақы төлейді:
– жұмысынан айырылғандарға;
– еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға;
– жүктілік кезінде және босанғанда немесе бала асырап алғандарға;
– бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміндегілерге;
– асыраушысынан айырылғандарға.
Олардың барлығы әртүрлі коэффициент көмегі арқылы есептеледі. Жұмысынан айырылғандар үшін соңғы 24 айдағы кіріс пен қорға аударымдар, асыраушысынан айырылғандар үшін асырауындағы адамдар саны маңызды тармақ саналады. Еңбекке қабілеттілігін жоғалтқандар мүгедектік дәрежесіне сүйене алады. Бұл ретте бірінші топтағы азамат екінші топтағыдан жоғары соманы алады.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Астана қалалық филиалы директорының орынбасары Гүлмира Ақбаева Kazinform тілшісімен әңгімелесу барысында жұмысынан айырылған және қордан төлем алуға өтініш берген қазақстандықтар орта есеппен 150 мың теңгеге үміт арта алатындығын айтады. Ол мұнан да аз алатындар бар екенін де жеткізді.
«500 теңге де тағайындауы мүмкін, 300 мың теңгені де тағайындауға болады, бәрі табысқа байланысты. Айталық, адам қорға жүгінгенде соңғы 24 айдың тек екі айы ғана жұмыс істеді. Есепке оның осы екі ай ғана алынады. Айталық, ол 80 мың теңге болды делік. Бұл сома қатысу өтілінің коэффициентіне және кірісті алмастыру коэффициентіне көбейтіледі. Міне, осыдан төлем сомасы шығады. Ол барлығыда әр түрлі, тұрақты емес», — деді ол.
Қатысу өтілінің коэффициенті қорға аударымдар түскен айлар санына байланысты:
– алты айдан он екі айға дейін — 0,7;
– он екіден жиырма төрт айға дейін — 0,75;
– жиырма төрт айдан отыз алты айға дейін — 0,85;
– отыз алтыдан қырық сегіз айға дейін — 0,9;
– қырық сегізден алпыс айға дейін — 0,95;
– алпыстан жетпіс екі айға дейін — 1,0;
– алпыс және одан да көп айдан бастап 1,0-ге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің әрбір он екі айы үшін 0,02 қосылады, бірақ 1,3-тен аспайды.
Қазақстанда табысты алмастыру коэффициенті 0,45 құрайды. Біз қазақстандықтардың орташа айлық табысына байланысты төлем ретінде қанша ала алатынын есептеуді жөн көрдік. Бұл көрсеткіштің өзін соңғы екі жылдағы әр айдағы кірісті қосып, 24-ке бөлу арқылы есептеуге болады. Көрнекілік үшін қатысу өтілін де сол мерзім деп алайық.
Егер азаматтың орташа айлық табысы мынадай болса, онда:
– 200 мың теңге болса, онда тек 67,5 мың теңге;
– 300 мың теңге болса, онда 101,2 мың теңге;
– 400 мың теңге болса, онда 135 мың теңге;
– 500 мың теңге болса, онда 168,7 мың теңге ала алады.
Бұл ретте қор төлейтін ең жоғары сома жеті ең төменгі жалақыдан аспайды – 595 мың теңге. Төлем мерзімі әр алты ай үшін айлық өтіліне байланысты. Ең көбі – 6 ай.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың 1 тамызына әлеуметтік сақтандырумен 6,9 миллион адам қамтылған. Оның ішінде осы жылдың бірінші жартысында миллионнан астам адам төлем алады. Қордың өзі осы кезеңде азаматтарға 539 млрд теңге төлеп, әлеуметтік аударымдар ретінде 355 млрд теңге алды. 2005 жылдан бері қор 4,1 триллионнан астам теңге төледі.
Фото: «Голос народа»
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз