Алматыда 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнінде романтикалық комедияның түсірілімі басталды.
Жұмыстың басты бөлігі Вьетнамда өтеді. Кинолентаға отандық әртістермер қатар, вьетнамдық актерлер де қатысады. Фильмді Clover Street Production компаниясы түсіреді. Бас продюсері Сәбит Рахымбаев. Ол сценарийлерімен және 20-дан астам отандық фильмдердегі продюсерлік жұмысымен танымал. Олардың арасында: «Құдалар», «Городские легенды», «Гудбай, мой бай», «Агашка на хайпе» және тағы басқа жобалар бар.
«Бұл картинаның түсірілімі – біз үшін үлкен тәжірибе. Келіссөздер жүргізілді, әдемі жерлер таңдалды, келісімшарттар қабылданып, құжаттар дайын болды. Әзірлік жұмыстары оңай болмады. Сценарийді жазып, аударып болғаннан кейін, Вьетнам билігімен келісілді. Бұның бәріне жарты жылдай уақыт кетті. Картина Хошиминде (Сайгон) түсіріледі. Бұл Вьетнамның бұрынғы астанасы. Тарихи мұралар мен көркем табиғи көріністерге бай қала», — дейді бас продюсер.
Шығармашылықпен қатар, компания шетелде Қазақстанды насихаттауға ат салысуды көздейді.
«Біз отандық киноның географиялық ауқымын кеңейткіміз келеді. Халықаралық бірлескен жобалардың арқасында бізді шетелдік көрермен байқайды. Аталған фильмді стриминг алаңдарына шығаруды да көздейміз. Өздерінің сүйікті актерлерін көргісі келетін 100 миллионнан астам вьетнамдық көрермен біздің фильмді қарай алады», — дейді С.Рахымбаев.
Түсірілім Вьетнамда өтеді. Десек те, жоба басшылары фильмде қазақтың салт-дәстүрі мен өмір салты көрсетіледі дейді.
«Романтикалық фильм маңызды әлеуметтік тақырыпты қозғайды. Ол – өмірде өз сүйгеніңді табу. 2023 жылы Қазақстанда некеге тұру бойынша 19 жылда ең төменгі көрсеткіш тіркелді. Фильмнің басты кейіпкері болашақ жар табу мақсатында экзотикалық елге де баруға дайын екен. Бөтен мемлекетте жүргеніне қарамастан, кейіпкерлеріміз қазақтың ұлттық салт-дәстүрін Вьетнам халқының тұрмысы және мәдениетімен үйлестіруге тырысады», — деп атап өтті Ильгинар Абдуллаев лента сценарисі.
Картина 2024 жылдың аяғына қарай шығады деп жоспарлануда. Продюсерлер, қыстың суық күндері тропикалық күннің шуағын айырықша сезіну үшін фильмді дәл сол уақытта көрсету көзделген дейді.
Discussion about this post