Гепатит — әр түрлі фактордың, соның ішінде вирустардың, токсиндердің және дәрінің салдарынан болатын бауырдың қабыну ауруы.
Алматы N36 қалалық емханасының педиатры Әйгерім Ысқақтың айтуынша, балаларда гепатит ауыр зардапқа әкелуі мүмкін, сондықтан оның белгілері мен дұрыс емдеу тактикасын білу маңызды.
«Балаларда гепатит белгілеріне терінің және көздің сарғаюы, бауыр мен көкбауырдың ұлғаюы, шаршау, тәбеттің төмендеуі, жүрек айнуы мен құсу, іштің және буындардың ауыруы, тері бөртпесі және дене қызуының көтерілуі жатады.
Балаларда гепатитті диагностикалау үшін вирустардың және бауыр қабынуының басқа маркерлерінің болуын анықтау мақсатында қан анализін жүргізу қажет. Балаларда гепатитті емдеу оның түріне және ауырлығына байланысты. Дәрігер қабынуды басатын және бауыр қызметін сақтайтын дәрі-дәрмекті, симптоматикалық емдеуге арналған дәріні тағайындауы мүмкін», — дейді сарапшы.
А және Е гепатиті кезінде емдеу өмірлік маңызды функцияларды сақтауға және сусыздануды болдырмауға бағытталған. В және С гепатиті кезінде вирусқа қарсы препарат пен иммуномодуляторды қоса алғанда, ұзақ мерзімді емдеу қажет болуы мүмкін.
Балаларда гепатиттің алдын алу, ең алдымен, вакцинацияны қамтиды. Вакцинация өмірдің алғашқы күндерінде перзентханада жүргізіледі, содан кейін 2 айда нәрестелер гепатитке, полиомиелитке, көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге (АКДС) және b типті гемофильді инфекцияға қарсы кешенді вакцинацияны, сондай-ақ пневмококк инфекциясына қарсы вакцинаны алады. Гепатитке қарсы вакцинацияның 3-кезеңі бір жасқа дейін — 4 айда жүргізіледі.
Аурудың алдын алу үшін дәрігер қолды жиі жуу және ластанған заттар және сұйықтықтармен жанасудан аулақ болу сияқты гигиеналық шараларды сақтауға кеңес береді.
Жалпы, балаларда гепатит — білікті емдеуді және дәрігердің бақылауын талап ететін ауру. Дәрігер ата-аналарға балаңызда гепатит белгілері байқалса, диагностика мен емдеу үшін дәрігерге көріну керек екенін баса айтады.
Фото: hadassah.moscow
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз