«Өмір кітаптан басталған, кітаппен адам бапталған». 14 ақпан күні «Отырар» Ғылыми кітапханасында Халықаралық кітап сыйлау күні өтті.
Тілшіміз мерейге орай ұйымдастырылған «Шын жүрекпен кітап сыйла» акциясына қатысып, өнер иелерінің туындысына біраз қанығып қайтты. Орыс жазушысы М. Горький «бойымдағы бар жақсы қасиетім үшін кітаптарға алғыс» демекші, құшағында кітаппен өскен адам дүниеде жоғалмайтынына бүгін тағы да көзіміз жетті. Ең жақсы сыйлық – кітап демекші, біз де елден қалыспай мақала соңында нағыз кітапсүйгіштерге арнап шағын сый дайындап қойдық.
Кемел тұлға, кемеңгер
«Отырар» Ғылыми кітапханасының директоры, Бақытжан Оразалиев «біз бұл мерейді жыл сайын әртүрлі форматта өткіземіз. Осы жылы барша кітапсүйер қауыммен рухани байлығымызбен алмасып, кітап сыйлау күнін өткізуді жөн көрдік», – деп алғашқы кітабын тарту етіп, іс-шараның басын ашты.

Қатысушылар арасында жомарттығымен қайран қалдырған профессор, Серік Негимов кітапханаға жеке жинағынан бір қап кітап сыйлады.

Ақын, балалар жазушысы Татьяна Никитина болса авторлық жинағымен бөлісіп, балаларға арналған кітап сөрелерін толықтырды.
«Бұл іс-шара оқырмандар мен жазушыларға арналған кері байланыс алаңындай көрінді. Не дегенмен, жазушыларға жазуды үйреткен – оқырмандары, оқырманға кітап сүйдірткен – жазушылары», деген АҚ «KTZ Express» директоры, Ерлан Тулендиевтің сөздерімен келісеміз.
Ал тележурналист, Лидия Тришечкина әдебиет редакторлығына байланысты өзінің салалық кітабымен және марқұм күйеуінің өсиеті бойынша оның авторлық жинақтарымен ғылыми бөлімнің сөрелерін байытты.

«Интернет бүгін бар, ертең жоқ. Оны өзіміз де көріп, басымыздан өткердік, білеміз», – деді елордалық AVANGARD ақындар тобының мүшесі, Юлия Набатова.

Оның пайымдауынша, адамзаттың заман озғанменен кітапқа деген мұқтаждығы, көркем туындылар мен адам нейрондарын жалғайтын білімнің қайнар бұлағына деген сұраныс ешқашан өшпейді, ал пікірін өзі шығарған өлеңімен қуаттады.

Л.Н.Гумилев атындағы жоғары оқу орнының студенттері де дүйім жұртты күй, өлеңмен дүр сілкіндірді. Бірақ, кітап сыйлау күні сияқты «асыл да жасыл мерекеде» құр қол келуге бола ма? ЕҰУ жастары да өздерімен сыйға тарту үшін жадында жатқан, жүрегін жаққан кітаптарын қысқаша таныстырып, кітапханаға табыстады.

Мыңатай Қыстаубайұлының «Жиырмасыншы ғасырдың қазағымын» атты соғыс ардагерінің кітабы ерекше көзімізге түсті. Талшын есімді туризм мамандығының 4 курс студенті атасының өлең жинақтарын жарыққа танытып, мерейін асқақтатып жүр. Сәттілік тілейміз талапты жасқа!

Сонымен қатар іс-шараға AVANGARD ақындар тобының жетекшісі, Дина Ораз, «Фолиант» кітап баспасының өкілдері, «Жастар департаментінің» бас қызметкері Толағанай Насихатқызы және т.б. қатысты.
Біреулер мұқабасымен алдаса, біреулер мазмұнымен қайран қылады. Халық айтса, қалп айтпас. Сондықтан, іс-шараның қадірлі қонақтары кітап тақырыбына қатысты викторинада бағын сынап, Халықаралық кітап сыйлау күні қатысушылардың марапаттау рәсімімен қорытындыланды.

Төменде арнайы сіздер үшін кітапханаға сыйға берілген кейбір кітаптардың тізімін жазып, бірнеше электронды кітап дүкендері мен кітапсүйгіштердің telegram арналарын қалдырдық. Мереке құтты болсын, ағайын!
Кітаптар:
- «Литературное и техническое редактирование текстов» – Лидия Тришечкина
- «Жиырмасыншы ғасырдың қазағымын» – Мыңатай Қыстаубайұлы
- «Малик Ғабдулин» – Серік Негимов
- «Бельчонок Чёма», «Ума Палата», «Зайчик» – Татьяна Никитина
- «Люблю» – Юлия Набатова
- Бір топ жалынды жандардың таңдаулы шығармалары «Альманах» – WEB әдебиет KZ
- «Друкер күнделігі» – Питер Друкер
- «От пен су» – Иманғазы Нұрахметұлы
- «Бітеу жара» – Рамазан Тоқтаров
- «Мой блог – мой стиль» – Аня Гетьман
- «Хадистер жинағы» – Риядус Салихин
- «Махаббат, қызық, мол жылдар» – Әзілхан Нұршайықов
- «Бизнес без MBA» – Максим Ильяхов, Олег Юрьевич
- «Өмірдің мәні» – Кәмшәт Бекжігітова
Сайттар тізімі:
- Openu.kz (тегін онлайн-курстар порталы)
- Flip.kz
- Bestseller.kz
- Inst: knigi_v_astane
- Inst: qazaqbooks
- Inst: book.shop.shymkent
- Inst: bookinistastana
- Foliantbooks.com
- Meloman.kz
- Bookcity.kz
- T.me/kzkitap
- T.me/QazaqshaKitaptar
- Labirint.ru
- Ozon.ru
- Chitai-gorod.ru
- Book24.ru
Егер эл. кітап оқу платформасын таңдауда қиындық туса, Play Market Google play-дегі Eboox қосымшасын кеңес етеміз.












Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз