Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі журналист Динара Егеубаеваның ұлына қарулы шабуыл жасады деген шағымы бойынша іс қозғалғанын хабарлады, деп хабарлайды Qazaqpress rus.azattyq-қа сілтеме жасап.
«Аталмыш факт тіркелінді. Істің мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді шаралар жүргізілуде. Істі ДП Тергеу басқармасы жүргізіп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
5 ақпан күні кешке журналист Динара Егеубаева әлеуметтік желіде ұлына мылтықпен шабуыл жасағанын хабарлады. Журналист Вадим Борейко кейін Егеубаева екеуінің әңгімесін қайталай отырып, ұлы үй подъезіне кіріп үлгергеннен слң бірден анасына телефон соққанын айтты.
14 қаңтар күні Динара Егеубаева белгісіз біреулер көлігінің салонына кірпіш лақтырып, көлікті өртеп жібергенін хабарлады. Журналист көліктің өртеніп жатқан сәтін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап үлгерді. Егеубаева бұл оқиғаны өз өміріне жасалған қастандық деп бағалады. Бір-екі күннен кейін Алматы полициясы журналист Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберді деген күдікпен кәмелетке толмаған бес азаматты ұстағанын хабарлады. Оларға «El Media» редакциясының кіреберіс есігін де қиратты деген айып тағылған. Ұсталғандар 15, 16 және 17 жасар жас балалар болды.
Соңғы жарты жылда елімізде қазақстандық журналистер мен редакцияларға түрлі шабуылдар жиілеп кетті.
Егеубаеваның көлігі өртеніп кеткеннен кейін бірнеше күн өткенде Ulysmedia.kz ақпараттық сайтының бас редакторы Самал Ибраева белгісіз біреулер сайттарые бұзып, оған және оның отбасы мүшелеріне қатысты жеке мәліметтерді орналастырғанын хабарлады. Ол бұл оқиғаны жеке өміріне жасалған шабуыл деп санайтынын айтты.
Көп ұзамай алматылық журналист Вадим Борейко түнде белгісіз біреулер оның пәтерінің кіреберіс есігін бояумен бояп, сыртына полиуретанды көбік құйып кеткенін хабарлады.
Халықаралық ұйымдар Қазақстанды сөз бостандығы төмен мемлекеттердің қатарына жатқызыпты. Біздің ел «Шекарасыз репортерлер» ұйымының баспасөз бостандығы индексі бойынша 180 елдің ішінде 122-орында.
Discussion about this post