Жуырда әлеуметтік желілерде қазақстандық кәсіпкер, Chocofamily Holding басшысы Рамиль Мухоряповтың қазақ тілі мен қазақша сөйлеуді талап ететін адамдар жайлы пікірін білдірген видеосы шықты. Қазақстандықтар бұған сынмен қарады, деп хабарлайды Qazaqpress.
Tengrinews-тің хабарлауынша, үзіндіге сүйенсек, жуырда елге келген ресейліктермен ұйымдастырылған кездесу кезінде іс-шара жетекшілері ресейліктерге еліміздегі өмірдің қыр-сырын, сондай-ақ мемлекеттің негізгі бөлігін құрайтын халқымен қарым-қатынас туралы түсіндіре отырып, әңгіме құрған көрінеді. Қазақтар сөйлегенде кейде орысша жауап бере алмайтыны және жиі ана тілінде жауап беретіні сөз етілген болатын.
«Негізі, адам шынымен орыс тілін білмеген жағдайды есептемегенде, егер бұндай нәрсе орын алса, өз басым қатты қынжылушы едім. Өйткені, маған бұл әлі де біртүрлі болып көрінеді. Бұл сәл-сәл ұлтшылдық сияқты. Әрине, мұны қабылдауға болады, алайда бұл үлкен мәдениеттен туындамайды», – деді ол.
Қазақстандықтар бұл жайтты әлбетте теріс қабылдады. Мысалы, журналист Азамат Ерғали өз Facebook парақшасында Мухоряповке ел алдында қазақша кешірім сұрау – нағыз мәдениеттіліктің көрінісі болатынын айтып, бұдан былай қазақтар мен қазақ тілін кемсітпей сөйлеуін талап еткен болатын. Ал, Рожин есімді тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы пікір білдіру бөлігінде неліктен ресми 5 сайттың тек екеуінде ғана (idoctor.kz пен chocotravel.com сайттарында) қазақша нұсқасы бар екеніне таң қалып, алдағы уақытта қызмет көрсету сайттарына бұл мәселені шешуді тапсырсын деген өтінішін білдірді.
Бүгінгі таңда іріткі салушылар саны артып келе жатқандықтан, біз бұл жайтке күмәнмен қарап, видеоның толық нұсқасын табуға тырыстық, бірақ бейне контексттен үзілмегеніне көзіміз жетіп, келесідей тұжырым жасауға бел будық.
Әуелі, резонанстық жайттен кейін әлеуметтік желілерде жарияланған Мухоряповтың күллі Қазақстан халқының алдында қолданушылар сұранысы бойынша қазақша айтқан бейне кешірімін еске сала кетелік.
«Біріншіден, бейнероликте айтылған сөздер намысына тиіп кеткен барлығынан кешірім сұрағым келеді, мен оны қайта қарап шығып, сырттай өте дөрекі естілгенін байқадым. Мен де Қазақстан азаматымын, Алматыда туып-өстім. Біз осы жерде компаниямызды құрып жатырмыз. Қызметкерлеріміздің 99% қазақстандықтар, біз мұнда салық төлейміз. Мен қазақ тілін дамытудың маңыздылығын жақсы түсінемін. Компанияның ішінде барлық өнімдерге қатысты қазақ тілінде қызмет көрсетіледі. Кейбір қосымшалар тіпті қазірдің өзінде қазақ тіліне аударылған, ал кейбіреулері аударылуда, мен бұл жұмысты жақын арада аяқтаймыз деп үміттенемін. Ал, өз басым тілді онша түсінбеймін. «Аздап тілді түсінемін, бірақ жақсы сөйлей алмаймын. Ал енді сөйлеуде үйренүге тырысамын». Тағы да кешірім сұраймын», – деді Мухоряпов.
Бірақ, бұл бейне кешірім де шықпас па еді егер инстаграм мен өзге әлеуметтік желілердегі қолданушылар жұмылып, талап етпегенде деген ой туды бізде. Мәселен, dauletten атты инстаграм қолданушысының «ПОСТТАР ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ де жазылсын!!! Бізді сыйлаңдар!!! Заңды орындаңдар!!!» деген пікірінің астында 1,5 мыңнан астам like жиналыпты және ұқсас мысалдар аз емес. Біреулері тіркелгендер тізімінен шығып, қосымшаны өшіріп, екіншілері инстаграм аккаунтын жауып тастау үшін әлеуметтік желі администрациясына арыз тастап, байкот жасаған болатын.
Сонымен қатар «БАСЕ» онлайн басылымының Youtube арнасындағы бейнесюжетінде Мухоряповтың бизнесіне кім қаражат құйғаны және артында қандай адамдар тұрғаны жөнінде ақпарат беріп, жеке пікірлерін білдіргентін. Олардың пайымдауынша, Мухоряповтың кездесуде «дөрекі» сөйлегеніне заң алдында толық қорғанысы бардай сезімде болғаны себепші. Өйткені, оның бизнесіне Тимур Турлов, Әділ Нұрғожин, Айдын Рахимбаев, Мұрат Абдрахманов сынды ірі олигархтар шамамен 8 млн доллар қаражат салғанын алға тартады. Онымен қоса, бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының ресми ұстанған позициясы екенін, ағасы бардың жағасы бар демекші, Мухоряпов «көкелеріне» тым қатты үміт артып, көкіректеніп сөйлеген сөзі болу мүмкін екенін тағы айтты.
Қайткенмен, Мухоряпов пен оның кездесуін ұйымдастыруға көмектескен тобының сөздерін өздеріне аудара отырып, дискриминация мемлекет шеңбері мен аз этнос өкілдерімен шектелмейтінін жеткізгіміз келеді. Дискриминация деп тек адамның кім екеніне байланысты кемсітіліп, әділетсіздікке ұшыраған жағдайды атайды. Яғни, дискриминацияға аз топ өкілдері ғана емес, көпшілікті құрайтын топ өкілдері де кіру мүмкін деген сөз. Сондықтан, сөз қозғаған кезде осындай дүниелер туралы да ескерткен жөн. Ал, өз елінде ана тілінде қызмет көрсетуді талап ету – заңды. Себебі, жердің қай түбіне барсақ та әрбір мемлекет азаматтары шетелден келген қонақтардың тілі мен ыңғайына соншалықты терісіне кіргенше бейімделмейді. Ол – заңды. Ол – мәдениеттіліктің көрінісі. Әйтпесе, неліктен Америкаға, Біріккен Араб Әмірліктеріне немесе Ресейге саяхаттар алдын мемлекеттік тілін меңгеруге тиіспіз деген сұрақ туындайды.
Еске салсақ, Санкт-Петербургте өткен ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуінде Қ-Ж.Тоқаев қоғамда орыс тілін қолдау және насихаттау бойынша ұйым құру туралы ісін В.Путин қолдап, алғысын білдірген болатын.
Тоқетерін айтқанда, Ә.Бөкейханның «елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды» деген сөзіне сүйене отырып, өзге ұлт өкілдерінен елімізге қызмет еткенін күткенше, өз балаларымыз бен өн-бойымыздан бастағанымыз абзал болады дегіміз келеді. Өйткені, елде статистикасыз-ақ қанша қазақ отбасысы жиі балаларын орыс сыныптарына, ал тұрмыста сирек ана тілінде сөйлейтінін күнде көріп жүрміз. Қанша жерден мемлекетіміз интернационалды болғанмен, біз орыс ғалымы, этнолингвист Д.Н.Овсянико-Куликовскийдің «сәбидің тілі шыққанға дейін ұлттық психологиялық белгілері болмайды, ол – интернационалист», – деген пікірімен келісеміз. Алайда, ұлтжандылық пен ұлтшылдықтың арасы жер мен көк дегіміз келеді.
Discussion about this post