Мәдина Әбілқасымова «Бәйтерек» «Қазақстан Жинақ банкін» сатып алғанын растады. Меншік иесінің ауысқаны банктің жабылып, жаңасы ашылатынын білдірмейді, деп хабарлайды Qazaqpress Bizmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі «Қазақстан Жинақ банкін» сатып алу бойынша келіссөздер жүргізуде екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Ресей Жинақ банк» ЖАҚ санкциялық шектеулерге байланысты Қазақстандағы филиалын сату туралы шешім қабылдаған.
«Расымен, қазір Қазақстан Жинақ банкін сату мәселесі талқыланып жатыр. Бұл Ресей Жинақ банкі ЖАҚ-тың еншілес ұйымы. Бұл банкті арнайы тіркеудегі азаматтар тізіміне ұқсас санкциялар тізбегіне салып қойған. Санкция салынған банктер шетел валютасымен, яғни санкцияларға сәйкес тыйым салынған валюталарға қатысты қызмет жүргізе алмайтынын білдіреді.
Жинақ банкінің шетелдік корреспонденттік шоттары жабылды, сонымен қатар жаңа қаржыны тарту мүмкіндігі шектелді. Осыған байланысты «Ресей Жинақ банкі» ЖАҚ Қазақстандағы еншілес банкін сату туралы шешім қабылдады және қазір «Бәйтерек» холдингімен банкті сату бойынша келіссөздер жүргізілуде», – деді Әбілқасымова үкімет отырысында.
Еске сала кетсек, «Қазақстан Жинақ банкін» сату жөнінде баяғыдан қауесет тараған еді.
«Бұл банк қазір жұмыс істеуде, қызметін жүргізуге арналған лицензиясы бар, өтімді активтері, өте сапалы несие портфелі бар. Санкциялар салынғалы банктің активтері азайып қалды. Санкциялар енгізілген кезде Қазақстан Жинақ банкі активтері ең көп банктердің арасында екінші орында болған еді. Бірақ, ол әлі де тұрақты және төлемге қабілетті банк болып қала береді.
Егер келіссөздер оң нәтиже берсе, меншік құқығы, яғни акциялардың 100 проценті сатып алушының қолына өтеді. Соның арқасында банк қызметін жалғастыру үшін жаңа лицензия алуды қажет етпейді. Бұл жаңа банк пайда болады деген сөз емес, тек акционері өзгереді», – деп толықтырды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.
«Бәйтерек» ҰБХ жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. Холдинг құрамына 8 еншілес ұйым кіреді: «Қазақстанның Даму Банкі», «Отбасы Банк», «ФРП Даму», «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы», «Kazakh Export», «Қазына Капитал Менеджмент», «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» АҚ.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз