Ақорданың ресми сайтында жарияланған Қазақстан Президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында пандемиядан кейін экономикалық дамуды, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруды, еңбек нарығының жүйесін тиімді қылуды, саяси жаңғыру мен адам құқығын қорғауды және т.б. мақсаттарды көздеуде, деп хабарлайды Qazaqpress.
— Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартуда. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз, – деді жолдауында Президент.
Стратегиялық мақсат бойынша Орта Азияда Қазақстанның көшбасшылық ролін күшейтуді және әлемдік экономикадағы орнын нығайтуды жоспарлауда.
— Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғымы енгізілді.
Оның сөзінше, квазимемлекеттік секторды оңтайландыру үшін нақты шаралар қолға алынды. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктірді. Еншілес компаниялар екі есе азайды, олардың штат саны бір жарым есе қысқартылды. Жаңа, қуатты даму институты құрылды.
— Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді, – деп мәлімдеді.
Президенттің сөзінше, оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңгені құрады.
— «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді, – деді Қ-Ж. Тоқаев.
Ал жер қойнауын пайдалануға байланысты Қ-Ж. Тоқаев Ұлт жоспары аясында басталған реформаларды соңына дейін жеткізген жөн екенін, яғни геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керектігін айтты. «Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп танылуға тиіс» деп ескертті ол. Тиісті органдар бұл мәселе бойынша бақылау жасауды қамтамасыз етеді, деді.
Бүгінгі ахуалдың күрделілігіне байланысты, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға шегерді. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болады, деп болжауда Президент.
2020 жылдың қорытындысы бойынша, 10 жылда индустрияда тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті, деп мәлімдеді Тоқаев.
— Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру, – деген болатын.
Президент «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнеркәсібіне қойылған міндеттемелерге сай болуы керек екенін айтты.
— Соның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиындығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек деген қарапайым ережені енгізуіміз қажет. – деді.
— Жалпы сомасы 6,3 триллион теңге жұмсалған дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асырылғаннан кейін экономикамызда артық ақша пайда болды. Алайда, бүгінгі таңда бөлінген қаржы әлі бармай жатқан салалар бар. Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайды.
Сондықтан, микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтынушыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселе бойынша шешімдер топтамасын әзірлеуі қажет, – деп хабарлады Қ-Ж. Тоқаев.
Тоқаев ауыл шаруашылығын да ескермей қойған жоқ.
— Ауа-райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал, – деген еді ол.
Сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр, деп «Өңірлік саясатты жетілдіру» жобасына айтқан кіріспесінен кейін, әкімдердің жауапкершілігі жеткіліксіз екенін айтты.
— Барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керек. Осыған орай тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізудің маңызы зор. Бұл тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болады. Формальды есептерден гөрі сауалнамадан халықтың көңіл-күйі анық аңғарылады, – деді Тоқаев.
Бірақ Үкімет бюджет заңнамасына тиісті өзгерістер топтамасын әзірлеген абзал екенін айтып, әкімдердің ауыл шаруашылығына қызыға бастағанын айтқан еді.
— 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығы жергілікті бюджетке берілді. Содан бері экономикалық белсенділік төмендегеніне қарамастан, жергілікті бюджеттердің түсімі жоспардағыдан 25 пайызға артық түсе бастады. Бұл әкімдердің жергілікті бизнесті дамытып, инвестициялар мен салықтық базаны көбейтуге қызығушылық артқанын білдіреді. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек, – деп бұйрық берді Тоқаев.
Тағы абаттандыру және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі «халық қатысатын» үлесті 10 есеге арттыруды жоспарлап жатқан көрінеді. Тоқаев елдегі өзара байланысын жақсарту үшін, көлік инфрақұрылымына қатысты бұған дейін басталған барлық жобаны аяқтау керектігін еске салды.
— «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында орталықты өңірлермен жалғайтын біртұтас көлік желісі қалыптасуда. Стратегиялық маңызы зор инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды, – деді бұл жайында
Президент және әкімдер мен Үкімет әрбір өңір үшін дәл осындай Инфрақұрылымдық даму бағдарламасын қолға алуы керектігін айтты.
Тоқаев Үкіметтің «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, бірнеше ауқымды жобаларды іске асыруы тиіс екенін айтты және жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі бір триллион теңгеден асады екен.
— Алматыдағы 2-ші жылу электр орталығының аумағында булы газ қондырғысын салу, 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту және 1-ші жылу электр орталығын кеңейту керек.
Оңтүстік өңірде 1000 мегаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы кабель желілері жаңғыртылуға тиіс, – деді ол.
Стратегиялық құрылтайшылармен бірлесіп, елдің түрлі өңірінде шамамен 2400 мегаваттық жаңғыртылатын қуат көзін іске қосу жоспарлануда.
Оған қоса Тоқаев еліміздегі экология мәселесі басты назарда болуы тиіс екенін айтты.
— Әсіресе, ауаның тазалығы айрықша маңызды.
Сондықтан, мейлінше ластанған 10 қаланы орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшірген жөн.
Биыл батыс өңірлерін газбен қамтамасыз ету ісін жақсарту үшін жалпы сомасы 700 миллиард теңге болатын үш жоба бойынша жұмыс басталады.
Бұл – Қашағандағы газ өңдеу зауытының және «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының құрылысы, сондай-ақ, «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырын жаңғырту жұмысы, – деді.
Тағы бір маңызды мәселе су тапшылығы жайында.
— Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет, – деп ескертті Тоқаев.
Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісетіндерін айтты Президент өз жолдауында.
— Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады.
Бұл – ауқымды жоба. Бірақ, біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар.
Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Астрахан-Маңғыстау» магистралды су құбыры жаңғыртылады және Кендірлі кентінде су тұщытатын жаңа зауыт салынады. Жалпы, ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ.
Сондықтан, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты мақсат, – деді.
Пандемия еңбек нарығын едәуір өзгертті. Бұл – ең алдымен, қашықтан жұмыс істеу тәсілінің қарқынды дамуына байланысты, деп 5-ші жолдауын бастады.
— Көптеген жаңа кәсіптер пайда болған, үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып жатқан қазіргі кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуда.
Осындай жағдайда мамандықты жиі өзгерте білу және жаңа кәсіптерді игере алу арқылы ғана әркімнің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ете аламыз.
Сондықтан, бізге «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң қажет. Бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруы керек, – деп қашықтықтан жұмыс істеуді қолдайтынын білдірді Президент.
Қазақстанның еңбек нарығында көші-қон үдерісі де ықпал етеді. Соған байланысты Қ-Ж. Тоқаев Үкіметке оңтүстіктен көшіп жатқан азаматтарды жәрдемақымен қолдау керектігін айтты.
— Қазақстан – еңбек мигранттарын қабылдау жағынан ТМД елдері ішінде екінші орында. Бұл саладағы проблемаларды дұрыс шешуіміз керек. Үкімет Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге тиіс. Онда шетелдерде жұмыс істеп жүрген өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғау тәсілдері де көрініс тапқаны жөн.
Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажет. Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек, – деді.
Онымен қоса, Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салып қана қоймай, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін қарастыру керек, деген болатын. Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет екенін ескертті.
Тоқаевтың арнайы тоқталғысы келген тағы бір мәселесі қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету.
— Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі.
Алайда, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда.
Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. – деді ол және сөзін жалғастыра:
— Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады.
Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс.
Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек, – деді.
Оған қоса, Қ-Ж. Тоқаев қазақстандықтардың саяси жаңғыруы мен адам құқығын қорғау мәселесін көтеріп, шеру өткізу үшін алдын-ала ескерту қағидаты жазылған жаңа заң қабылданғанын еске салып, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5% -ға дейін төмендегенін айтты. Ал сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Бұл азаматтардың мемлекет басқару ісіне тартуы мүмкін екенін түртіп кеткен болатын.
— Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды факторы – азаматтық мәдениетті дамыту.
Президент Әкімшілігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тәсілдерін әзірлеуі керек. Гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың сұранысына қарай бейімдеп, оны алудың жеңілдетілген режимін енгізу қажет. Бұл ауылдық жердегі әлеуметтік белсенділікке тың серпін береді. – деді.
— Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз. Ерекше қажеттілігі бар тұлғалар әзірге еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде көп емес. Квота бөлінетін азаматтар санатының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Онда жастар мен әйелдерден бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота белгілеу керек, – деп қосты Тоқаев.
Оған қоса Тоқаев Қылмыстық кодекстің нормаларын Екінші Факультативтік Хаттаманың ережелерімен үйлестіру керек деді. Яғни, Қылмыстық кодексте «Азаматтық және саяси құқық» пактінің ережелері сақталатын болады.
Құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер байқалғанын да айтты.
— 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастырады.
Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылуда. Заңнамадағы барлық қайшылықтар мен көмескіліктер азаматтар мен бизнестің мүддесіне орай түсіндірілетіні заң жүзінде қамтамасыз етілді, – деді Тоқаев.
Қ-Ж. Тоқаев тағы біршама өзгерістер мен жаңа жобалардың жұмысы жайлы айтты. Әсіресе, халықтың бірлігіне ерекше назар аударды. «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» жобасында қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде деп жақсы баға берді және т.б. біршама сауалдарға жауап беріп, шешімдер ұсынды.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз