Бауыржан Байбек Алматы әкімі кезінде «Көкжайлау» курорты жобасының аумағын төрт есеге қысқартып, шабылуы тиіс 20 мыңнан астам ағашты сақтап қалды, деп хабарлайды Qazaqpress.
Белсенді Жанболат Мамай мен әйелі Инга Иманбайдың бұл мәселеге қатысты айтқан мәлімдемесі – қып-қызыл жала дейді Байбектің заңгері Айжан Тәшенова.
Айта кетейік, Алматыдағы Әуезов аудандық №2 сотында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің талап-арызымен белсенді Жанболат Мамай мен әйелі Инга Иманбайға қатысты азаматтық-процессуалдық сот процесі өтіп жатыр.
Сот отырысында сөз алған заңгер Айжан Тәшенова «Көкжайлау» жобасы 2013 жылы, яғни Бауыржан Байбектің Алматы әкімі болмай тұрғанында бекітілгенін айтты. Ал, әкім болған кезінде курортты аймақтың территориясын 4 есеге қысқартып, 102 гектар жерді Іле-Алатау ұлттық паркіне қайтарып берген.
«Көкжайлауда шабылуы жоспарланған 22 мың түп ағаш 880 түпке дейін қысқарды. Ал, Мамай айтқан Көктөбедегі құрылыс мүлдем жоспарланбаған және жүргізілмеген. Яғни, жауап беруші тарап бұл мәліметті ойдан құрап, жала жауып отыр. Өз сөздеріне дәлел ретінде олар журналист Борейконың 7 мақаласына сілтеме берген. Яғни, нақты ресми құжат жоқ», — деді А.Тәшенова.
Айта кетейік, Жанболат Мамай мен Инга Иманбайдың сәуір айында жариялаған видеоматериалдарында Бауыржан Байбек «Көкжайлау» шатқалында ағаштарды шауып, қымбат коттедждер салуға рұқсат берген деп мәлімдеген еді. Заңгер А.Тәшенова мұның жала екенін айтты.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз