Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала базарларында бопсалаумен айналысқан рэкетир-спортшыларға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Qazaqpress Azh.kz-ке сілтеме жасап.
Сот процесі барысында жекпе-жектің әр түрін жақсы меңгерген ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы, сотталушы А.У., 2012 жылы Атырауда үш адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, келесі 8 жыл ішінде «Дина» және «Көктем» базарларындағы ОҚО саудагерлерінен «алым» жинап, бас тартқан жағдайда, тауарларды жоямыз, ұрып-соғамыз немесе өлтіреміз деп қорқытқаны анықталды.
«Сотталушылардың кінәсі сот барысында қаралған дәлелдер жиынтығымен толық расталды. Үкім шыққан кезде, сотталушылардың қылмыстық іс-әрекеттерімен жәбірленушілерге ірі көлемде залал келтірілгені, қылмыс ұйымдасқан топтың құрамында жасалғаны және олардың жасаған істеріне өкінбейтіні ескерілді», – деп атап өтті сот.
33 жастағы ҰҚТ басшысы 7 жыл 1 айға, оның екі «бағыныштысы» әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазаларын қатаң режимдегі колонияда өтейді.
«AЖ» мәліметінше, қылмыстық топтың басшысы «жекпе-жек», каратэ, жауынгерлік самбо, джи-джитсу және панкратион бойынша Қазақстан чемпионы. Халықаралық ММА жарыстарында Қазақстанның намысын қорғаған. 2015 жылдың көктемінде Қытайда америкалыққа қарсы турнирде соңғы жекпе-жегін өткізіп, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен. Сол кезде ол қала базарларын «ұстап тұрған» екен.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз