Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы мектептер құрылысы жөнінде айтып берді, деп хабарлайды Qazaqpress ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қала тұрғындарының саны едәуір көбеюде. 2010 жылмен салыстырсақ, халық саны 600 мыңнан 1 млн 200 мыңға дейін екі есеге артты. Демек әлеуметтік нысандарды, әсіресе мектептер мен балабақшаларды көптеп салу керек. Былтыр елордада 6 мектеп салсақ, биыл 12 мектепті аяқтап, қоллданысқа береміз. Алдағы уақытта да кемінде 10-12 немесе олдан да көп мектеп салып отыруымыз керек», — деді Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен бірге, әкім бюджетке қарап отырмай, жеке инвесторларды да мектеп салуға шақырып жатқанын айтты.
«Он жыл бұрын астанада 74 мың оқушы болса, қазір оның саны 193 мыңға жетті. Егер осы қарқын жалғаса берсе, алдағы уақытта оқушы саны 400 мыңға жетуі мүмкін. Демек, білім сапасына, мектеп салуға көңіл аударуымыз қажет. Өткен жылы 22 мектепте бала саны нормадан тыс болған еді, оның санын 14-ке дейін азайта алдық. Ал үш ауысымды болып ресми тіркелген 8 мектептің төртеуін екі ауысымға ауыстырдық. Егер қазір көңіл бөлмесек, бұл мектептер қайтадан үш ауысымды болуы мүмкін. Алдағы бес жылда кемінде 50 мектеп салуымыз қажет», — деді Алтай Көлгінов.
Discussion about this post