психология — Қазақша жаңалықтар qazaqpress.kz https://qazaqpress.kz 2024 қазақша жаңалықтар бүгінгі - Qazaq Press Mon, 06 Mar 2023 11:33:36 +0000 ru-RU hourly 1 https://wordpress.org/?v=6.5.2 https://qazaqpress.kz/wp-content/uploads/2020/11/qazaqpress-favicon-75x75.png психология — Қазақша жаңалықтар qazaqpress.kz https://qazaqpress.kz 32 32 Қисық өскен ағаш та түзелер https://qazaqpress.kz/2023/03/06/qisyq-oesken-aghash-ta-tuezeler/ https://qazaqpress.kz/2023/03/06/qisyq-oesken-aghash-ta-tuezeler/#respond Mon, 06 Mar 2023 11:07:49 +0000 https://qazaqpress.kz/?p=51341 2020 жылы жас өспірімдер жасайтын қылмыс саны соңғы 5 жылда 44% азайғаны туралы ақпарат әлі өзгерген жоқ. Алайда, қылмыс саны азайғанмен, ауырлығы жоғарылауда.

CABAR.asia-ның сарапшылармен онлайн платформада ұйымдастырған кездесуінде Қазақстандағы «Халықаралық құқықтық бастама» құқық қорғау ұйымының президенті Айна Шормонбекованың айтуынша, ресми түрде Қазақстанда жастар арасында жасалған 1873 заңбұзушылық тіркелді.

Айна Шормонбекова, сурет жеке архивтен алынды

«Егер 2016 жылмен салыстыратын болсақ, бұл 44% аз екенін байқаймыз. Оған қоса, 13,1% ғана қылмыс жолына оралады. Бірақ, қылмыс саны азайғанмен, ауырлығы кеміген жоқ», – деді ол.

Бұл көрсеткіш ресми түрде әлі күнге дейін жаңартылған жоқ.

Әрине, жастарды еңбекпен қамту бойынша түрлі жобалар бар. Мәселен, 2021 жылдан бері Қарағанды ​​обл. жастардың жұмыссыздығымен күресу үшін көптеген бағдарламалар жұмыс істеуде. Соның ішінде «Еңбек», «Дипломмен ауылға!», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» және т.б. Ал, Қарағанды ​​обл. полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұловтың хабарлауынша, облыстағы қылмыс саны 32,2% азайыпты. Еске сала кетелік, ауданда 14-28 жас аралығында шамамен 260 мың адам тұрады.

Бірақ, жобалардың басым бөлігі тұлға болып қалыптасқан азаматтарға арналған. Яғни, студенттер мен ЖОО білімін алған дипломы бар мамандарға ғана әзірленген. Жобалардың тиімділігі де бөлек әңгіме, оған келесіде тоқталармыз. Ал, мектеп оқушыларының жағдайы қандай? Әсіресе ақпараттық соғыс пен үгіт-насихат заманында балалар күнде билікті кекету, өзге елдерге деген өшпенділік сынды дүниелерді естіп, көріп жүр және нәзік саналары бойына тез сіңіреді. Қазір кез келген көшенің баласынан «өзбек/орыс саған не істеді?» деп сұрасаң, жауап бере алмайды, алайда әртүрлі контенттердің астында өзге ұлттарға деген өшпенділігін пікір қалдыру арқылы танытады. Бұл Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде белең алған тенденция.

Мәселе тамыры тереңде

2023 ж. 13 ақпан күні таңертең Петропавлда №4 мектепте төтенше жағдай орын алған еді. 9-сынып оқушыларының бірі мектепке балта мен пышақ алып кіріп, сабақ басталар алдын жоғары сынып оқушыларына шабуыл жасаған болатын. Зардап шеккен оқушыларының бірі шабуылдаушы оны әжетхана маңында шап беріп, балтамен ұра бастады деді. Одан бөлек тағы 9 және 10 сыныптың ұл-қызына шабуылдапты.

«Ол балтаны сөмкесінде алып келсе керек. Бірақ, балалардың сөмкесін әдетте тінтімейді. Балалардың сөмкесін тінтуге ешкімнің құқығы жоқ, сіз де мұны жақсы білесіз», – деп түсіндірді СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.

Мектеп басшылығының айтуынша, шабуылдаушы 15 жаста екен. Оған депрессия диагнозы қойылыпты. Ал, мектепте осы қараша айынан бастап оқиды. Көп ұзамай Алматыдағы психоневрологиялық диспансерде емделіп, тексеруден өткені анықталды.

Петропавл қаласының прокуроры Арман Нұртазиннің айтуынша, бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1.14-тармағы «Адам өлтіруге тырысу» қылмыстық құқық бұзушылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл жайттен кейін елдегі мектептерді камералар мен мамандандырылған күзетшілермен қамтамасыз ету шаралары жүргізіле бастады.

Мамандар не дейді

Егер мұндай сұмдық қалалық мектептердің бірінде орын алып жатса, елден жырақ, ауылды мекендерде не болып жатқанын тіпті елестету қиын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Маржан Әбләзімовамен сұхбат жүргізіп, кейбір ресми шешімін таппаған сұрақтарға жауап алуға тырыстық (сұхбат онлайн түрде What’s App арқылы алынды және барлық орфографиясы сақталған):

– Жас өспірімдерді қылмысқа не итермелейді?

– Әрине, бірінші кезекте тәрбие мәселесі. Және ата-ана мен баланың қарым-қатынасына келіп тіреледі деп ойлаймын. Мектепте жұмыс істеп жүріп көптеген оқиғаларды бастан кешіреміз. Оның бірі кей ата-аналардың баласына назар аудармауы, мұғалімдермен кері байланыс жасамауы таң қалдырады. Және баланың мектептен тыс уақытын қайда жұмсауында жатыр, кімдермен өткізеді, не істейді? Араласатын ортасы қандай? Қылмысқа әрине, түрлі факторлар итермелеуі мүмкін, қаржылық жағдайына байланысты ұрлыққа барып жатады, балалар бір-бірімен жеке конфликтке түсуі мүмкін. Себеп көп, дегенмен ата-ана баласына көңіл бөлсе, әсіресе түнгі уақытын қадағаласа.

– 2020 жылғы ресми мәлімдеме бойынша жыл басынан бері 655 жас өспірімге қарсы қылмыстық іс қозғалған болатын, бірақ бұл тек ресми мәлімет екенін тағы ұмытпайық. Көзден таса қалған жағдайлар қанша екенін бір құдай біледі. Қылмыстардың алдын алуға бола ма? Қандай шаралар қолданған жөн? (Мысалы, біздің елде ата-ананың жауапкершілігі туралы заң бар — мемлекет өз міндетін олардың мойнына артып қойған. Сонымен қатар, қазіргі таңда Алматыда кәмелет жасқа толмаған тұлғаларға арналған 1 колония бар дейді. Ол жақта тура жолдан тайған жас өспірімдермен педагог, психологтар жұмыс істейді. Бірақ, көрсеткіштерге көз жүгіртсек, нәтиже мәз емес екенін аңғаруға болады).

– Қылмыстың алдын алу үшін балада болған өзгерістерге назар аудару қажет секілді. Әсіресе, өтпелі кезең баланың тағдырындағы шешуші сәт. Осы сәтте баламен жиі сөйлесіп, егер қандай да бір өзгерістер байқалса психолог көмегіне жүгінген дұрыс секілді. Ата-ана, бала, ұстаз — үш жақты байланыс жасаса, осы кезеңді аман-есен өтсе, қылмыс та азаяр ма еді?! Өзім ауыл тұрғыны болған соң байқаймын, ұл балалар түнгі уақытын үйлеріне қонбай, сыртта өткізеді. Оларды бақылауы тиіс ата-ана: «еркек қой, жүре берсін!» деген сөздерді айтады. Ол бала түнімен немен айналысады, қайда жүреді, бақылап жатқан ешкім жоқ!

– Сарапшылардың пікірінше, кең таралған қылмыстарға итермелейтін факторлердің бірі нацизм, балаға деген назар жетіспеушілігі, қоғамдық пікір және т.б. Сұрақ: қоғамдық пікір мен нацизм балаға қаншалықты ықпалын тигізе алады?

– Нацизм балалардың арасында өршіп тұр деуге де болады. Барлығы ересектерден бастау алады. Бала — ата-ананың айнасы деуге болатын шығар, тек ата-ананың емес, айналасында жүрген ересектердің айнасы. Нацизм көріп өскен бала нацист болады, зорлық-зомбылық көріп өскен бала біреуге қол көтеруді қалыпты дүние санайды. Қоғамдық пікірге келсек, ол негізі алып күшке ие. Себебі, адамның табиғаты солай, көптің соңынан еруге, барлығы сияқты болуға бейім. Қоғамдық пікірге тек бала емес, ересектер де тез еріп кетеді. Мұны болдырмас үшін балаға кішкентайынан сыни ойлауды үйрету қажет, кез келген сөзге, кез келген пікірге күмәнмен қарау керектігін, өзіне айтылған сөздің барлығы шын бола бермейтінін түсіндіру қажет.

– Жалғыз тек мектеп оқушыларында емес, жалпы жастар арасында иерархиялық жүйе өзге қоғамдық институттарға қарағанда аса қатты сезілетіні анық және тигізетін ықпалы да зор екенін байқап отырмыз. Кей кезде тіпті қайғылы оқиғаларға да алып келу мүмкін. Бұған қандай шара қолданған жөн? Иерархиялық жүйені мүлдем жоя аламыз ба әлде басқа шешімі бар ма?

– Иерархиялық жүйе бар, оны жоқ десек өтірік айтқан болармын. «Өзіңнен жасы үлкенге бағыну, қарсы шықпау, бірінші болып сәлем беру» деген сияқты ережелері де бар. Ал қарсы шыққан адамды топ болып жазалайды. Дамыған өркениетте болатын оқиғаға ұқсай ма? Жоқ! Біздің түсінігімізде зорлық-зомбылық, өзгеге қол көтеру соншалықты сіңіп кеткен, оны қылмыс, қателік деп санамайтындар көп. Осы жерде қоғамдық пікір дұрыс жұмыс жасаса, мұндай Иерархиялық жүйені қоғам сынаса, азаяр ма еді? Бірақ, біздің қоғамдық пікір керісінше жұмыс жасайды. Бұл бір үзілмейтін тізбек секілді, оны үзу үшін жаңа өсіп келе жатқан жастың құлағына құю керек шығар, кез келген күш көрсетудің қылмыс екенін. Балаға қол көтеретін тәрбиеші, мұғалім, ата-ана өзінен бастауы керек.

– Жоғарыда айтылғандай, елімізде барлық жауапкершілікті әкімдікке, әкімшілік басқаруға, т.с.с. бірте-бірте ата-ананың мойнына іліп қоятын заң бар. Бір жағынан бұл тұжырымды да толық тәрік ете алмаймыз, себебі ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі деген сөз бар ғой. Сұрақ: ата-аналардың жауапкершілігін арттыру үшін әлі аты аталмаған қандай шараларды қолдануға болады?

– Ата-ана ең бірінші бала өсіруге дайын болса деймін! Біздің қоғам әйел мен еркекке «баланы дүниеге әкелетін» функцияны беріп қойған, бірақ олардың жауапкершілігіне көбі назар аудара бермейді. Өзіңді тәртіпті, тәрбиелі, білімді азамат тәрбиелеуге дайынмын деп ойлайсың ба? Мархабат, ата-ана жауапкершілігін мойныңа ал! Әрине, біз ешкімге шектеу қоймаймыз, қоя да алмаймыз! Ал ұстаздар қауымы жұмыс жасасын десек, онсыз да бала өсірумен әлек мұғалімге ата-ананың да тәрбиесін артып қоя алмаймыз. Мүмкін әкімдік жанынан ата-аналар институты ашылса, арнайы психолог-мамандар, әлеуметтанушылар, педагогтер жұмыс жасаса, әрі қағаз жүзінде қалып кетпей шынайы жұмыстар атқарылса, біраз мәселе шешімін табар ма еді?!

– Соңғы жылдардың ахуалына байланысты елде нацизм толқыны қарқынмен өршіп кетті. Нацизм уымен уланған балаларға қандай көмек көрсеткен жөн?

– Нацизммен күресте педагогтер мен психологтар жұмыс жасауы тиіс шығар. Топтық ойлаудың не екенін, өздерін белгілі бір көзқарастардың құрбаны екендігін түсіндіріп, жаңашыл болуға шақырып, гуманизм ұғымымен таныстыру қажет деп ойлаймын. Жаман ұлт жоқ, адамның бәрі құнды деген сөздерді жиі қайталауымыз қажет шығар, – деп қорытындылады ол.

Мамандандырылған психолог-консультант, Гусейнова Сона Илгаргызы да бірінші спикерімізбен ортақ пікірде екен. Оны біз ескермеппіз және екеуіне де бірдей сұрақтар қойыппыз. Не дегенмен, негізгі маңызды сұрақтарға кәсіби психологтың көзқарасымен қарауды жөн көрдік (Cherie.sona-мен сұхбат онлайн түрде What’s App арқылы алынды және қазақшаға аударылды):

– Қылмыстардың ауырлығы жоғарылағанына не себеп деп ойлайсыз?

– Жасөспірім өзінің агрессиясын баса алмайды және қуатын деструктивті түрде шығарады. Бірақ, агрессияның дұрыс бағытталмауы – тек айсбергтің ұшы, отбасындағы қолайсыз психологиялық климат, жастық шақ максимализмі, қаржылық жағдай және т.б. факторлар – су астында жатқан тастар.

– Білім деңгейі төмен ауылдарда қаншама жағдайлар назардан тыс қалып жатқанын бір құдай біледі. Әрине, біз негізсіз ақпаратқа сүйенбейміз, бірақ елден алыс орналасқан ауылды мекендерде немесе қаланың нашар аудандарында жиі ұлтараздық қақтығыстыр орын алатыны бұрыннан мәлім халқымызға. Тағы айта кетелік, біздің елде ата-ана жауапкершілігіне қатысты заң бар. Негізі, қарап отырсақ, мемлекет толық жауапкершілікті оларға артып қойған екен. Ал, бұны тиімді шешім деп атауға болмайды. Сонымен қатар, қазір Алматыда кәмелетке толмағандарға арналған 1 колония бар дейді. Онда дұрыс жолдан тайған жасөспірімдермен тәрбиешілер мен психологтар жұмыс жасайды екен. Бірақ, көрсеткіштерге сүйенсек, нәтижесі шамалы көрінеді. Қылмыс ауырлығы артып, кәмелетке толмаған бұзақылардың ештеңеге үйренбейтінін байқап жүрміз. Сұрақ: Қылмыстың алдын алуға бола ма? Қандай шаралар қолдану керек ол үшін?

– Біріншіден, өзекті тақырыпқа байланысты психологиялық білімдерін арттыруға көбірек көңіл бөлу керек. Екіншіден, өзін-өзі тану пәніне басымдық беру керек деп есептеймін. Егер жасөспірім бойындағы өзгерістерін түсінсе және кімге жүгінуге болатынын білсе, бұл жасөспірімдердің психологиялық әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді.

– Сарапшылардың пікірінше, ұрлық, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру сияқты жаппай қылмыстарға алып келетін факторлардың бірі – нацизм, ата-ананың балаға немқұрайлығы, әсіресе жиі қоғамдық пікірдің езгісі және т.б. Сұрақ: Қоғамдық пікір мен нацизм балаға қандай әсер ету мүмкін және мәселені сол күйінде қалдырса, қаупі бар ма?

– Әрине, қоғамдық пікір жасөспірімнің өмірінде үлкен рол ойнайды. Жас ерекшелігіне байланысты олар әсіресе [қоғамдық пікірге – авт. ред] бейім келеді. Ең алдымен, қоғамдық пікір жасөспірімнің өз-өзіне деген көзқарасын қалыптастырады. Соның салдарынан балаларда өзіне деген сенімсіздік пайда болу мүмкін. Жалпы, девиантты мінез-құлық айналадағы адамдардың балаға деген көзқарасын өзгертетіні анық. Нәтижесінде бала әлеуметтік-психологиялық дезадаптация шеңберінде айналып жүреді.

– Иерархиялық жүйе мектеп оқушылары арасында ғана емес, жалпы жастар арасында да кең тараған. Кейде бұл тіпті қайғылы оқиғаларға да алып келіп жатады. Сұрақ: иерархиялық жүйені жоюға бола ма және оның қандай түрлері бар?

– Меніңше, иерархиялық жүйені жою мүмкін емес, өйткені жасөспірімдер инстинкт бойынша құрдастарымен топ-топтарға бөлінеді. Альфред Адлер қоғамға ұмтылу сезімін қарапайымдылық барометрі деп санайды. Жастар нешетүрлі топтарға бөлінеді. Фильмдер мен телебағдарламаларда, мысалы, сол жасөспірім топтарының кейбір үлгілерін көруге болады. Мәселен, ең кең таралған жасөспірімдер тобының түрі – [дедовщина – авт. түсініктемесі] күші көп көшбасшының айналасында жиналған жасөспірімдер тобы. Қалған топ мүшелерінің де өзінің нақты ролдері бар.

– Балалардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру үшін не істеу керек? Себебі, «сый мен жаза» сынды бұрыннан келе жатқан тәрбиелеу әдісінің тиімділігі кеміген көрінеді. Тіпті керісінше, зиянын да тигізу мүмкін.

– Бар болғаны баланың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру керек. Әуелі – бұл қауіпсіздік, отбасындағы қолайлы психологиялық климат. Бала ата-ананың қасында тыныштық пен жайлылықты сезу керек, қорқып, қобалжып отырмай. [Негізгі қажеттілік деген – авт. ред] 1) Бұл жеке кеңістік. Қолайлы өмір сүру жағдайлары. Яғни, сапалы тамақ, білім беруден бөлек, баланың жеке шекарасы болу керек: жеке шкаф, үстел, басқа балалар немесе отбасы мүшелері қол тигізбейтін жеке сөресі дегендей, 2) Бұл бала болу қажеттілігі. Әдетте моральдік тұрғыда толық жетілмеген ата-аналар балаларын өз ұрыс-керістеріне тартып жатады мысалы, 3) Бұл баланың барлық кемшіліктерімен қабылдау. Әдетте ата-ана баладан тым мүмкін емес дүниелерді күтпей, босқа сынап, еңбегін жоққа шығармай, қабылдайды, жақсы көреді, 4) Қажеттілік – бұл баламен өткізілетін уақыт, ең бастысы көлемі емес, САПАСЫ. Бұл жерде бала мен ата-ана арасында эмоционалды байланыс мәселесі қозғалады, – деп түйіндеді Сона.

Қорытынды

Ең қызығы, мектептегі қауіпсіздік шараларының өзін қазір ғана қабылдауда. Алайда, қанша жасөспірімдер арасындағы дедовщина мен заңбұзушылық әрекеттері ел назарынан тыс қалды кезінде. Қанша Қазақстан абыройын көтеретін болашақ азаматтардың сағы сынды жастық шақ максимализмінің кері салдарынан. Бірақ, қуанышқа орай, қазір дарынды педагогтер балалармен дұрыс жұмыс жасап, педагогиканың дамуына үлкен үлестерін қосуда.

сурет Tilkespekjoq либерал қазақ басылымының Instagram-парақшасынан алынды

Мысалы, Қарағанды қ. Н. Нұрмақов атындағы лицей-интернатының 11 сынып оқушылары тарих пәнінің мұғалімімен бірге Қазақ тарихына негізделген «Аниме-комикс» шығарыпты. Ал, Tik-tok әлеуметтік желісінде бастауыш сынып мұғалімі балаларды оқуға ынталандыру үшін бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тәттілер таратқаны халық жүрегін жаулап алды. Сөйтіп, тапқыр ұстаз оқушыларымен эмоционалды байланыс орнатуда. Жас мамандардың демі ашылғалы талай өзгерістер орын алып жатқанын байқауға болады. Ал, біз бәрін уақыт еншісіне қалдырайық!

Бонус

Аударма, дыбыстау, монтаж, тайминг, режиссерлік іс, арт өнері және т.б. дағдыларды үйренгіңіз келсе немесе өзіңізге шақ сүйікті ісіңізді іздеп жүрсеңіз, WestDub шығармашылық тобына өтініш тастауға кеңес береміз.

Топ талаптары:

  • Белсенді болу;
  • Жаңа тәжірибеге дайын болу;
  • 6 ай топпен арқалас жұмыс атқару.

Үйрету – тегін! Әсіресе, ІТ саласын дұрыс бағытта бастай алмай жүрген адамдар үшін және білімге құмар тұлғаларға тиімді мүмкіндік. Өтініш беру үшін сілтеме t.me/west_st арқылы өтіп, «Үйренгім келеді» деп топ чатына жазу керек.

Топ жұмыстарымен tiktok.com/@westdub_studio сілтеме арқылы танысуға болады.

]]>
https://qazaqpress.kz/2023/03/06/qisyq-oesken-aghash-ta-tuezeler/feed/ 0